«Астана Опера» BALA MUSIC FEST фестивалін бастайды

BALA MUSIC FEST концерттер топтамасы ғана емес, сонымен қатар ол – еліміздің түрлі өңірлеріндегі балаларға арналған нағыз музыка мен шығармашылық мерекесі. Республикалық фестивальдің тұжырымдамасы жас дарындарға кәсіби өнер әлемінің есігін ашып, балаларды шығармашылыққа шабыттандыруды және олардың музыкалық дамуына қолдау білдіруді мақсат етеді.

Фестивальдің «Ересектер мен балаларға арналған барокко» деп аталатын бірінші концерті К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында 9 мамырда өтеді. «Астана Операда» Астана, Алматы, Павлодардан және Қазақстанның басқа да қалаларынан жас музыканттар жиналады. Балалардың барлығы – халықаралық байқаулардың лауреаттары, олар өз шеберліктерін паш етіп, өзгелерге үлгі болып, міндетті түрде шабыт сыйлайды.

Жас әртістер барокко стиліндегі жарқын костюмдер мен сәнді париктерді киеді. Қайта түрлендіретін элементтер сонау ерте дәуір атмосферасына енудің және шын мәнінде ғажайып қойылым жасаудың тәсілі болмақ. Музыкалық туындыларды орындайтын кішкентай жұлдыздар барокко кезеңінің тарихы мен мәдениетіне бойлайды.

— Біздің бастамамыз – BALA MUSIC FEST тұңғыш балалар фестивалі республикалық ауқымға ие болып жатқанына өте қуаныштымыз. «Астана Операда» өнер көрсетуге ҚҰӨУ-нің шәкірттерімен және студенттерімен қатар, Алматыдан, атап айтқанда К.Байсейітова мен А.Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыкалық мектептерден және Павлодардың мамандандырылған музыкалық мектебінен дарынды балалар келеді, — деп атап өтті фестиваль ұйымдастырушысы Маржан Жәкенова.

— Сахнадағы кез келген өнер көрсету балалардың шығармашылық өсуіне ықпал ететінін дәлелдеудің қажеті жоқ, олар орындаушылық тәжірибе жинақтайды, өздерін нағыз музыканттар ретінде сезінеді. Фестивальге қатысу балаларды жігерлендіріп, жаңа жетістіктерге ынталандырады, сондай-ақ әрдайым қызықты шығармашылық қарым-қатынастарға жол ашады. Балалардың аспапта ойнау дағдыларын немесе вокалдық шеберлік құпияларын меңгерудегі жетістіктері – бұл, әрине, балалардың да, ұстаздар мен ата-аналардың да зор еңбегінің нәтижесі. Сондықтан «Астана Опера» театрындағы өнер көрсетуді олардың еңбектеріне берілген өзіндік бір марапат деп санауға болады. Ал көрермендер үшін бұл үлкен музыка мерекесі болмақ, — деп қорытындылады әдеби-музыкалық жұмыс департаментінің директоры, К.Байсейітова атындағы Камералық зал жетекшісі М.Жәкенова.

Фестиваль басқа да жарқын концерттік бағдарламалармен жалғасын табады, олардың қатарында көрермендердің назарына 10 мамыр 19:00-де ұсынылатын «Жастық пен шабыт», сондай-ақ 19 мамыр 15:00-ге жоспарланған «Өнерлі жастар тартуы» концерттері бар.

Осылайша, BALA MUSIC FEST әрбір көрерменге өзі үшін ерекше бір дүниені – кішкентай музыканттардың шебер орындауын немесе жігер беретін шығармашылық атмосферасын табуға мүмкіндік береді.