«Астана Опера» балет труппасы төртінші Freedom Festival-де өнер көрсетеді

«Астана Опера» балет труппасы жуырда гастрольге аттанады. Ұжым 21 қарашада Almaty Theatre сахнасында өтетін төртінші жыл сайынғы Freedom Festival-ге қатысады, олар мұнда әлемнің жетекші бишілерімен бірге Людвиг Минкус пен Эдуар Дельдевездің «Пахита» романтикалық балетінен үзіндіні орындайды. Араға екі күн салып, 23 қарашада әртістер осы бағдарламаны «Астана Балет» театрының сахнасында ұсынады.
Айта кетейік, Freedom Festival – Қазақстандағы беделді балеттік оқиғалардың бірі болып табылады. Ол Freedom Holding Corp халықаралық инвестициялық холдингінің қолдауымен елімізде осымен төртінші мәрте өткізілмек.
– Былтыр «Астана Опера» Freedom Festival қатысушыларын өз сахнасында асқан қонақжайлылықпен қарсы алған еді. Фестиваль нәтижесінде ұйымдастырушылар театрымызға заманауи балетмейстер Валентино Цукеттидің «Souvenir de Danse» жаңа қойылымын тарту етті және ол репертуарымыздан лайықты орын алды. Сондықтан биыл біз осынау мәдени оқиғаға тағы қатысу туралы ұсынысты қуана қабылдадық. Оның үстіне Қазақстан қалаларына, оның ішінде alma mater саналатын Алматыға гастрольмен бару – әртістеріміз үшін әрдайым зор қуаныш. Бұл өнер көрсетулер балет труппамызға шалқар шабыт сыйлап, көптеген жаңа шығармашылық байланыстарға жол ашады деген сенімдеміз, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.
Фестиваль ұйымдастырушыларының «Пахита» балетіне қатысуға «Астана Опера» балет труппасын шақыруы кездейсоқтық емес. 2016 жылы балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова «Пахитадан» таңғаларлық дивертисмент қойған еді. Осынау классикалық өнер жауһарын орындау – балет труппасының жоғары кәсіби деңгейінің көрсеткіші. Ал енді аңызға айналған «Пахита» Алматыдағы және Астанадағы төртінші Freedom Festival бағдарламасын ашады.
Осы ретте «Астана Опера» әртістерімен бірге осынау қойылымда Америкалық балет театрының (ABT, Нью-Йорк) жетекші солисі Хлоя Мисселдин мен Берлин мемлекеттік балетінің жетекші солисі Мартин тен Кортенаар өнер көрсететінін атап өтуіміз керек.
«Астана Опера» балет труппасы бұл гастрольдік өнер көрсетулерге тыңғылықты дайындалуда. Осынау ғаламат балеттік оқиға үшін іріктеп алынған топтың құрамында театрдың дарынды солистерімен қатар, ұжым қатарын биыл толықтырған Қазақ ұлттық хореография академиясының түлектері де бар. Оларға осыған дейін де жетекші әрі жеке партияларды орындау сеніп тапсырылған еді. «Пахита» балетінің вариацияларын жарқын солист Мөлдір Шәкімова, сондай-ақ дарынды әртістер Әдемі Жанәбіл, Диана Есқалиева мен Торғын Лебен ұсынады. Өнер көрсету күндері дирижер тұғырына Элмар Бөрібаев көтеріледі.
Бұл «Астана Опера» әртістерінің Almaty Theatre және «Астана Балет» сахналарындағы алғашқы өнер көрсетулері емес екенін еске саламыз. Осыған дейін олар бірқатар концерт пен гала-кештерде, спектакльдерде өз өнерлерін паш еткен. Ал енді фестиваль ұйымдастырушыларының шақыруымен «Астана Опера» балет труппасы қос театр көрермендерін өздерінің жоғары кәсіби шеберліктерімен қайта қуантады және ғаламат балеттік оқиғада әлемдік жұлдыздармен қатар жарқырайды.



