«Астана Опера» балеттік премьералар легімен тәнті етеді

«Армандар орындалады», осындай атаумен «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында 7 сәуірде гала-балет өтеді. Жас әртістердің армандарын жүзеге асырған – балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова, ол жастарға еліміздің бас сахнасында өнер көрсетуге мүмкіндік беруде. Осынау бірегей концертте 3 балеттік нөмірдің премьерасы ұсынылады. Дирижер тұғырында – Джузеппе Верди атындағы Милан  консерваториясының түлегі Элмар Бөрібаев.

  «Астана Опера» балет труппасы өз шығармашылығында шеберліктің озық үлгілерін жүзеге асыру үшін талмай еңбек етуде, және бұл өнер әлеміндегі жарқын оқиғаға айналды. Бұл театр ұжымы өзінің кәсібилігімен көрермендердің назарын аудартып қана қоймай, дүние жүзіндегі балет сүйер қауымның жүрегін жаулауда.

«Жуырда біз балет кешіне барған едік, ол жерде жас хореограф Сұлтанбек Ғұмардың Ruh премьералық нөмірін тамашаладық. Балет кешіне тағы да келмек ойымыз бар, оның үстіне сәуірдегі бағдарламада тың дүниелер көп екен. Менің ойымша, «Астана Опера» труппасы қайталанбас мәнер мен әсемдікке ие», — деп атап өтті Италиядан келген көрермен Мария Риччи. «Олардың ұмытылмас әрі таңғалдырарлық өнер көрсетуі құштарлық пен жан сарайына толы».

Оның жұбайы Бернардо Риччи былай деп пікір білдірді: «Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен бұл әртістер дәстүрлі балет туындыларына жаңаша көзқарас алып келуде. Олардың классикалық балеттерді пайымдауы әсемдік пен кербездікті жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар таныс хикаялардың жаңа әсерлі тұстарын ашады».

«Армандар орындалады» кешінде көрермендерді бірқатар премьералар күтеді. Олардың арасында А.Глазуновтың «Раймонда» балетінен «Панадерос» испан биі бар, оны «Астана Опера» сахнасына тәлімгер ұстаз Елена Шерстнева алып келді. Сондай-ақ жас солистер де өздерінің хореографиялық қойылымдарын таныстырады: Айдан Қалжан Витторио Монтидің музыкасына «Temptation» балеттік нөмірін дайындады, ал Сұлтанбек Ғұмар Ақтоты Райымқұлованың музыкасына «Mankurt» биін ұсынады. Осылайша, театрда болашақ солистерді дайындап қана қоймайды, сондай-ақ жас әртістердің хореограф ретіндегі дарындарын ашуға және өздерінің батыл шығармашылық ойларын жүзеге асыруға бірегей мүмкіндік береді.

Концерт қатысушыларының қатарында Шұғыла Әдепхан, София Әділханова, Ғазиза Молдахмет, Гүлназ Жанаева, Вега Камар Икбалова, Мао Шибата, Мао Судо, Алина Зырянова, Амина Кисембаева, Лимара Айдарова, Камила Орманова, Арман Уразов, Олжас Тарланов, Жақсылық Сауқымбеков, Акбар Иминов, Нима Токов, Эркин Базарбаев, Арман Кзайбек, Амир Хван, Райымбек Болат, Аспан Бекбай, Руслан Қанағат, Ғалымжан Нұрмұхамет, Рустам Чахалов және басқа да көптеген дарынды әртістер бар.

Көрермендер аудиториясы жаңа нөмірлерден бөлек, Р.Дригоның «Талисман», Б.Асафьевтің «Париж жалыны» туындыларынан үзінділерді, Ц.Пунидің «Сатанилла» балетінен «Венециандық карнавал» жарқын па-де-десін, П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен дуэтті және басқа да нөмірлерді тамашалаудан ләззат алатын болады.

Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі көрермендерді үнемі таңғалдыратыны – бұл  «Астана Опера» балет труппасының мінсіз техникасы, оның эмоционалдық тереңдігі мен классикалық және заманауи балет туындыларын орындауға деген бірегей шығармашылық көзқарасы, сахнада шынайы өнерді жасай алатын қабілеті. Осынау танымал ұжымның орындауындағы «Армандар орындалады» гала-балеті көпшілікті тәнті етіп, ең жарқын әсер қалдыратыны сөзсіз.