«Астана Опера» экспресі көрермендерді Наурызға алып барды

21 наурызда «Астана Операдағы» мерекелік кеш тосынсыймен басталды. Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсына келгендер өздерін басты шытырман оқиға көрермен залында емес, театрға кіреберісте күтіп тұрғанын білмеген еді.

Қонақтардың театр табалдырығын аттағаны сол еді, олар бірден қос дәуірдің ортасына тап болды. Алдымен оларды ұлттық киіммен жасанған опера труппасы, хор, миманс әртістері, сондай-ақ Қыдыр ата қарсы алды, жетіген, домбыра, қобыз, дауылпаздың үні естіліп,  «Беташар» рәсімі көрсетілді. Раушан Искакова бастаған Алматы ауданы Ардагерлер ұйымының кимешек киген әжелері жаңа түскен келіннің бетін ашып, жиналған қауымға шашу шашты. Қонақтардың бірі қолына ыстық бауырсақты ұстап тұрса, енді бірі басқа да ұлттық тағамдардан дәм татып жатты, кенет айналадағы көрініс өзгеріп сала берді.

Театр фойесі күтпеген жерден 60-70-ші жылдардағы шулы теміржол перронына айналды. Рупордан шыққан дауыс «Целиноград – Алматы» пойызының жүретінін хабарлады. Осынау ретро-трансформацияға таңғалған көрермендер  вокзалдан басталған Айсұлудың махаббат хикаясы шымылдық түрілмей жатып-ақ фойеде өзінің мінсіз декорациясын тапқанын нақты түсініп, залға күлімсірей енді.

Еске сала кетейік, заманауи оқиға желісіне жазылған «Айсұлу» тұңғыш қазақ комедиялық операсы көрермендерді 1960-70-ші жылдардың атмосферасына жетелейді. Театр  уақытпен жасалған осы тәжірибені қайталауға уәде береді: 22 наурызда «Айсұлу» операсының көрсетілімі алдында көрермендерді фойеде тағы тосынсый күтеді!