ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясы алғашқы түлектерін дайындауда
ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясында білім алудың ақырғы аккорды – оның солистерінің Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасына, сондай-ақ Дж.Пуччинидің «Богемасына» қатысуы болмақ. Жас вокалистер өнер көрсетуге дайындалып жатқанда, біз олардың үшеуімен кездесіп, сабақтан алған әсерлерімен бөлісуді және академияны тамамдағаннан кейін алдарына қойған мақсаттары туралы айтып беруді өтінген едік.
«Астана Опера» театрының тағылымгер солисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, халықаралық байқаулардың, Б.Төлегенова атындағы VIII Халықаралық опера әншілері байқауының гран-при иегері, репертуарлық қойылымдарға белсенді қатысушы Расул Жармағамбетов:
«ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясы менің кәсіби маман ретінде қалыптасуымда маңызды орын алады. Әлемдік коучтермен, дирижерлермен, концертмейстерлермен өткізілген шеберлік сабақтары өзіммен жұмыс істеуде баға жетпес тәжірибе болды, сонымен қатар сахнадағы әріптестеріммен өзара қарым-қатынас жасауға үйретті. Екі жыл ішінде ұлттық, орыс және еуропалық операларда көптеген басты партиялар орындалды. Академия аясында В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсынан Дон Жуанның, П.И.Чайковскийдің «Иоланта» операсынан герцог Роберттің партияларын ұсындым. Болашақта менің шығармашылық жолым қандай боларын ешкім болжап бере алмас, алайда алдыма өршіл мақсаттар қойған жайым бар»
Академия тыңдаушысы, Ева Мартон опера орындаушыларының IV Халықаралық байқауының (Венгрия) екінші орын иегері, «Дарын» сыйлығының лауреаты Азат Мәлік «Шеберлікте шек жоқ!» ұранын ұстанады.
«Біздің кәсібімізде үнемі даму үстінде болу міндетті шарт. ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясында оқыған уақытта біз үздік ұстаздардан тәлім алдық. Театр тарапынан опера орындаушысы ретінде қалыптасуымыз бен дамуымыз үшін барлық жағдай жасалды, маған «Дон Жуандағы» Лепорелло, «Иолантадағы» Роберт, «Богемадағы» Марсель рөлдерін дебютпен алып шығу бақыты бұйырды. Қазір Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының қойылымына дайындық үстіндеміз, мұнда Таддеоның партиясын орындаймын, өте қуаныштымын және осындай мүмкіндік берілгеніне алғысым шексіз», – дейді Азат Мәлік.
Хибла Герзмаваның Халықаралық вокалистер мен концертмейстерлер байқауының арнайы сыйлығының иегері Гүлдана Алдадосова да үнемі дағдыларды жетілдіріп отыру қажеттігін атап өтті.
«Опера әншісі өмір бойы үйреніп өтуі мүмкін және ол қажет те. Мен Қазақстанда опера академиясын құру идеясын қолға алған адамдарға алғысымды білдіргім келеді және оның бастапқы ізін салушылардың бірі атанып, алғашқы түлектерінің қатарында болғаным үшін бақыттымын. Академия менің кәсіби дамуым үшін көп нәрсе берді, себебі осы жерде алған білімім университет қабырғасында берілген білімнен әлдеқайда ерекшеленеді. Анатолий Гусев, Дмитрий Вдовин, Марина Мещерякова, Барсег Туманян, Анна Ванди және басқа да шеберлермен жұмыс істеу мүмкіндігі, театрдағы опералар мен концерттердің барлық дайындықтарына қатысу, үлкен сахнада өнер көрсету – осының бәрі менің тәжірибемді байытты. Академияда оқып жүрген кезімде мен Ева Мартон, Хибла Герзмаваның маңызды опералық байқауларына қатыстым. Бұл өте пайдалы тәжірибе болды. Мұның бәрі жинақтала келе, маңызды халықаралық деңгейдегі мансап құруға көмектеседі деп үміттенемін»
Әрине, Astana Opera Халықаралық опера академиясының көптеген жас әртістердің үлкен кәсіби өміріне жол ашып, қазақстандық опера өнері кеңістігіне жаңа дарындарды танытып, академиялықтарға беделді халықаралық байқауларға қатысуға мүмкіндік сыйлағаны және академия оқушыларын халықаралық деңгейдегі мансап құруға дайындағаны сөзсіз. ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясы сияқты үлгілі жоба зор үміт күттіретін орындаушылардың жаңа да жарқын шоғырын жалғастыруды қажет ететініне күмән жоқ.