«Астана Опера» Павлодардағы гастролін аншлагпен аяқтады

Павлодар тұрғындары «Астана Опера» әртістерін қуана қарсы алды. 28 наурызда Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында ине шаншар жер қалмады. Өнер көрсетулердің соңында көрермендердің ду қол шапалағы мен «бәрекелді» деген дауыстары толастамады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен өткен гастрольдік бағдарлама классиканы бағалайтын жандар мен балалардың шынайы эмоциясы мен таңданысын туғызып, өңірге нағыз асқақ өнер мерекесін сыйлады.

Бұл күні елордалық ұжымның өнер көрсетулеріне 2000-ға жуық павлодарлық қол соқты. Алғашқы минуттан-ақ мәдениет сарайының фойесінде айрықша атмосфера орнады. Залда жарық өшкен бойда көрермендердің назарын сахнадағы іс-әрекет баурап алды. Гаэтано Доницеттидің бельканто мәнеріндегі «Дон Паскуале» жарқын комедиясы – классикалық италиялық опера-буффаның соңғы жауһарларының бірі, ол солистердің керемет құрамының (опера труппасының директоры – Талғат Мұсабаев) арқасында сахнада шынымен жанданды. Жеңіл, өткір ойлы әрі көрнекі тұрғыда мінсіз қойылым әртістердің шеберлігімен үйлесімділікте көпшілікті әп-сәтте баурап алды. Қонақтардың сөзінше, мұндай орындаушылық деңгейі қазақстандық өнермен шын мәнінде мақтануға мәжбүрлейді.

Көрермен Назира Тағанбаева да осыған сенімді. Оның пікірінше, Норинаның партиясындағы жетекші солист Салтанат Ахметова мінсіз бельканто техникасын ғана емес, сонымен қатар қайта түрлене алатын таңғаларлық қабілетін де паш етті. Ол момын бикештің бейнесін өктем сұлудың бейнесіне лезде ауыстырды. – Сондай-ақ айлакер Малатестаның рөліндегі Ержан Саипов пен Дон Паскуаленің басты партиясындағы шебер вокалдық жаңылтпашпен әрі комедиялық драйвпен тәнті еткен Шыңғыс Расылхан зор таңданысымды туғызды. Менің ойымша, олардың дуэті спектакльдің шарықтау шегіне айналды, ал Жан Тапин (Эрнесто) мен Рамзат Балакишиевтің (Карлито) лирикалық тізбегі кешке шынайылық үстеді, – деп әңгімеледі Н.Тағанбаева.

– Жалпы алғанда бәрі ұнады, әсіресе жанды орындау көңілімнен шықты. Жетекші солист Салтанат Ахметованың дауысы керемет, әнді әдемі айтады. Ер солистердің де дауыстары ғажап. Сахна, декорация, әртістер – барлығы бір-бірімен үйлесіп тұрды, олардың ішкі сезімді жеткізуі сондай қызықты болды. Шынымды айтсам, бұл операға алғаш келуім. Адам дауысының соншалықты қуатты болуы, тіпті залда отырған көрермендерге микрофонсыз естілуі мен үшін жаңалық болды. Ал оркестрдің дауысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жанды дауыстағы орындау, музыка, скрипка – мұның бәрі құлаққа колонкадан шыққан дыбыстан мүлде басқаша естіледі. Мұның артында қаншама ерен еңбек жатқанын түсінемін. Кезінде мен де аздап ән айтқанмын, сондықтан дауысты басқарудың, ырғаққа түсудің, сезімді жеткізе отырып, бейнеден ауытқымаудың қаншалықты қиын екенін бағалай аламын. Бұл бір адамның ғана емес, тұтас труппаның еңбегі, – деді спектакльден алған әсерімен бөліскен Қымбат Сүлейменова. – Операның бізге келгені де қуантады. Астанаға баруға әрдайым мүмкіндік бола бермейді, ал әртістердің өздері келген сәтін жіберіп алуға болмайды. Енді, әрине, «Астана Опера» театрына барғым келеді. Онда сахна да үлкен, декорациялар да ауқымды, хор мен оркестрде жүздеген адам бар. Оның қуаты мүлдем бөлек. «Абай» операсы туралы көп естігенмін, оны өз көзіммен көргім келеді, – деп түйіндеді Қымбат.

Бұл күні ұмытылмас өнер көрсетулерден бөлек, алғашқы минуттан-ақ қонақтарды Естай атындағы мәдениет сарайының фойесінде жайғасқан тақырыптық фотокөрме қарсы алды. Онда өңірдің индустриалдық сарындары театр әртістерінің көркемдік бейнелері арқылы қайта қаралды. Экспозиция көрермендер үшін тартылыс нүктесіне айналды: павлодарлықтар эмоцияларымен бөлісіп, портреттерді қызу талқылады және олардың жанында қуана суретке түсіп жатты.

Күндізгі бағдарлама жас аудитория үшін жаңалық болды. «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасынан танымдық концерт интерактивтік форматта өтті: опера солистері мен оркестр әртістерінің өнер көрсетулері музыкатанушының мазмұнды әңгімесімен үйлесімділікте кездесуді театр әлеміне баурап аларлық саяхатқа айналдырды. Ұлттық жауһарлар бағдарламаның нағыз көркін келтірді. «Аққурай» халық әні, Латиф Хамидидің «Бұлбұлы» мен оркестрдің сүйемелдеуімен домбырада орындалған Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі балаларға туған музыканың байлығы мен әсемдігін паш етті. Павлодарлықтар өздерінің жерлесі, Баянауылда туған танымал композитор Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін ерекше ықыласпен қарсы алды.

– Бұл менің классикалық музыка концертіне алғаш келуім еді және мен бұдан орасан зор әсер алдым. Сен-Санстың виолончельмен және фортепианомен орындалған «Аққу» нөмірі, трубада жеке орындалған нөмір мен Гайднның «Сағат» симфониясы мені қатты тебірентті. Ал барлық әртіс сахнаға бірге шыққан соңғы өнер көрсету адамның рухын асқақтатып, шығарманың тұтастығын сезіндірді. Осы ретте ұлттық нөмірлерді жеке атап өткім келеді, өйткені мен ұлттық музыканы қатты жақсы көремін және Жаяу Мұсаның туындысын есту ерекше әсер қалдырды, себебі ол осында, Павлодар облысында дүниеге келген. Бұл – эмоциялар мен ұмытылмас әсерлердің ауқымды шоғыры. Мен мұнда міндетті түрде қайта ораламын, енді «Астана Операда» опералық және балеттік спектакльдерді тамашалағым келеді, – деп пікірімен бөлісті №39 мектептің 10-сынып оқушысы  Айгүл Тажгалиева.

Мұндай ауқымдағы гастрольді ұйымдастыру барлық труппаның үйлесімді әрекет етуін талап етті. Елордадан 100-ге жуық адам келді, олардың қатарында әртістер мен ғажайыпты жасаған сахна сыртындағы қызметкерлер бар.

– Мәдениетті қолдау – біз үшін әлеуметтік бастама ғана емес, сондай-ақ бұл өңірлерді дамыту мен адамдардың өмір сапасын арттырудағы жауапкершілігіміздің бір бөлшегі. Бүгін Павлодарда ERG қызметкерлері – металлург, энергетик, кенші, машина жасаушы сынды қиын әрі маңызды жұмыс иелері жиналды. Біз оларға жанды музыкамен және театрмен кездесуге, сондай-ақ көңіл сергітіп, отбасымен бірге уақыт өткізуге әрі жарқын әсер алуға мүмкіндік сыйлай алатынымызға қуаныштымыз. Кейбіреулер үшін бұл операмен алғаш кездесу болмақ, сондықтан әртістердің дарыны мен энергиясы кешті шын мәнінде жанды әрі есте қаларлықтай ететінін көру көңілге ерекше қуаныш ұялатады, – деп атап өтті ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов.

– Біз классикалық өнердің еліміздің барлық өңіріне қолжетімді болуы үшін тырысамыз, театрдың негізгі ұстанымы – осы. Бұл жолы біз павлодарлықтарға Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» жауһарын ұсындық. Көрерменнің ыстық ілтипаты мұндай кездесулердің өте қажет екенін тағы да дәлелдей түсті. Гастрольдік бағдарламаны кеңейту және қала тұрғындарын ең үздік ұлттық спектакльдерімізбен таныстыру жоспарымызда бар, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.