«Астана Опера» шуақты «Коппелияны» Оманға алып барады

Салтанатты декорациялар мен костюмдер салынған контейнерлер Маскатқа бағыт алған кеменің трюмінде бірқалыпты шайқалып бара жатқан шақта, мұнда, «Астана Операда», қарқынды дайындықтар өтуде.
Әртістердің жеңіл секірулері, концертмейстер роялінің үні және балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың нақты ескертпелері – бұл күндердің саундтрегі осы. Бірнеше тәуліктен кейін ол Таяу Шығыстағы ең заманауи әрі сәулетті театрлардың бірі – Маскаттың Корольдік опера театры күмбезінің астындағы ду қол шапалақтарға ұласады. Ол жақта «Астана Опера» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Оман тарапының арнайы шақыруымен 4-5 желтоқсанда өнер көрсетеді.
Оман үшін бұл – қазақстандық әртістердің орындауындағы Ролан Петидің бірегей хореографиясымен танысуға сирек мүмкіндік. Сахнаға танымал бишілер шығады. Алғашқы күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан, Айгерім Бекетаева, сондай-ақ Олжас Тарланов өз өнерлерін паш етеді. Келесі күні эстафетаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Рахматуллаев пен Рүстем Сейітбеков, сондай-ақ Шұғыла Әдепхан қабылдайды. Олардың «Коппелиясы» – репертуардағы ең өткір ойлы әрі көңілді спектакльдердің бірі. Дирижер тұғырында – маэстро Руслан Баймурзин.
Гастроль – сахнадағы және сахна сыртындағы өнер. Енді бір әртістер пируэттерді ұштап жатса, ал басқалары көрерменге байқалмайтын рәсімдері – шабадандарды жинау жұмыстарымен айналысуда. Мұның өзі тұтас бір ғылым. Театрлық гриммен және солистің ауыстыратын ыңғайлы аяқ киімімен бірге, ананың мейіріміне ұқсас қамқорлықпен «ұсақ-түйектер», атап айтсақ қыстырғыштар, бантиктер, ленталар асқан ұқыптылықпен шабадандарға салынады. Сондай-ақ олардың қатарында байқалмайтын, бірақ балеттік бейненің тұтас әлемін өзінде ұстап тұрған өмірлік маңызы бар ондаған деталь де бар.
– Әрбір сапар әрдайым үлкен жауапкершілік жүктейді және жүректі тебіреніске толтырады. Оманға алғаш рет барып келгеннен кейін сол сапарымызды көпке дейін ерекше жылулықпен еске алдық. Осы елге тағы да барғымыз келді. Енді міне тілегіміз орындалғалы тұр! Бізді керемет жігерлендірген көрермендерімізге қайта барғалы жатырмыз. Ролан Петидің аңызға айналған «Коппелия» балеті – айрықша қойылым, біз оны зор құлшыныспен орындаймыз: онда техникалық тұрғыдағы күрделі тұстары да, маэстро Р.Петидің қимыл дәлдігі мен актерлік еркіндікті талап ететін өзіне тән мәнері де бар. Бізге қуыршақ тура сахнада жанданатын сәттегі сиқырды сезіну және оны жеткізу маңызды. Омандық жұртшылықпен қайта кездесуге труппамызбен бірге қуанышты боламыз. Мен өзіммен бірге ең маңыздысын: кәсібіме деген махаббатымды, жақсы физикалық форманы және батыл, қылықты әрі ақжарқын Сванильдамның көңіл күйін алып барамын. Бұдан бөлек, осы мүмкіндік үшін ұйымдастырушыларға және қарсы алушы Оман тарапына алғыс білдіргім келеді. Әртіс үшін өзінің өнерімен бөлісуден асқан бақыт жоқ, сондықтан біз осы сапарымыз көрермендер үшін де, өзіміз үшін де айрықша болуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді «Астана Операның» жетекші солисі Айгерім Бекетаева.

– Оманға гастрольді тағатсыздана күтудеміз. Бұл мен үшін осынау тамаша елге үшінші сапарым болмақ. Мұнда алғаш рет Бавария мемлекеттік театрының құрамында «Ромео мен Джульетта» спектаклінде өнер көрсеткен едім. Ал екінші рет «Астана Операмен» барып, балет труппамыздың көркемдік жетекшісі Алтынай Абдуахимқызының «Аққу көлінің» жаңа редакциясын таныстырдық. Бұл өнер көрсетулердің жарқын әсер қалдырғаны сонша, әрбір сәт – сахна, жол, атмосфера әлі күнге дейін жадымда сақтаулы. Бұл жолы біздің Ролан Петидің «Коппелиясын» апаратынымыз ерекше тебіреніс пен шабытты оятады. Бәрі мінсіз өтуі үшін залдың энергетикасын қайта сезінгім келеді. Сондықтан қазір біз асқан ыждаһаттылықпен дайындалып, әр қадамымызды ұштаудамыз. Жетекші солистер өз костюмдерін өздері күтеді. Біз шабадандарымызды ұқыптылықпен жинап, балеттік аяқ киімізді абайлап саламыз. Әрбір деталь өнер көрсетудің табысты өтуіне әсер ететіндіктен мұның бәрі маңызды, – деп әңгімеледі жетекші солист Олжас Тарланов.
– Көңіл күйіміз тамаша. Труппа үшін де бұл Омандағы алғашқы өнер көрсету емес: осыған дейін біз мұнда классиканы ұсынған едік, ал енді Ролан Петидің пластикасы мен энергетикасы жағынан мүлде өзгеше спектаклін апара жатырмыз. Бұл қойылымдар айтарлықтай ерекшеленеді, сондықтан көпшілікке өзіміздің үздік формамызды көрсетіп, еліміз бен театрымызды абыроймен таныстырғымыз келеді, – деп атап өтті әртіс.
«Бабына келтіру» – осы күндердің негізгі сөзі. Күрделі қозғалыстарды жасау үшін бұлшық ет икемделеді. Оркестр аспаптары бабына келтіріледі. Алайда бабына келтірілетін басты дүние – ол жан. Әртістер ойша әлдеқашан сол жақта, шамдары жарқ-жұрқ еткен сахнада, омандық көрермендер демін ішке тартып, асқақ өнерді таңданыспен тамашалайтын залда. Елордалық труппаға сәттілік серік болсын!



