«Астана Опера» солисі Үлкен театрдың тарихи сахнасында өнер көрсетті

«Астана Опера» солисі Нұрсұлтан Әнуарбек танымал дирижер Валерий Гергиевтің басқаруымен Рихард Штраустың «Саломея» операсында өнер көрсетті.

Бұл аса күрделі, психологиялық тұрғыдағы ауыр операда Төртінші иудей партиясын орындау әртіс үшін үлкен шығармашылық сынақ болды. Әсіресе Н.Әнуарбек қатысқан бес иудейдің таласы сахнасында Р.Штраустың музыкасы орындаушыларға ең жоғары талап қояды: мұнда әртіс дауысты шебер меңгеріп, ырғақты мүлтіксіз сезінуі керек, сондай-ақ ансамбльде үйлесімді өнер көрсетіп, драмалық мәнерлілікті паш етуі тиіс. Әнші дарынының шынайы ауқымы дәл осындай материалда ашылады, осы ретте Нұрсұлтан Әнуарбек бұл тапсырманы тамаша орындап шықты.

– Үлкен театрдың тарихи сахнасындағы дебютім мен үшін маңызды әрі құнды тәжірибе болды. Бұл сахнада өнер көрсету – кез келген әртіс үшін зор жауапкершілік әрі сонымен бірге үлкен бақыт. Маэстро Валерий Гергиевпен бірге жұмыс істеу ең жоғары деңгей мен ауқымдылықты сезінуге, сондай-ақ бұл музыка мен осынау театрдың қаншалықты биік талап қоятынын түсінуге мүмкіндік берді, – деп пікірімен бөлісті Нұрсұлтан Әнуарбек.

Квинтеттің басқа да қатысушыларымен қатар, оның кейіпкері Иродтың патшалығы кезіндегі рухани алауыздықты бейнелейді. Оның «қауіпті доктриналарға» қарсы ескертпелері әлемдік операның ең жігерлі әрі күрделі полифониялық ансамбльдерінің біріне енген, бұл орындаушылардан асқан дәлдік пен шеберлікті талап етеді.

Жауапты өнер көрсетуге дайындық бір айға жуық уақыт алған. Сапаға және  нәтиже шығаруға қатысты әртістерге қатаң талап қоюымен танымал маэстро В.Гергиевтің жетекшілігімен өткен дайындықтар Н.Әнуарбек үшін құнды мектепке айналды.

Осыған дейін қойылым аңызға айналған Метрополитен-опера театрымен бірге жүзеге асырылғанын атап өту маңызды. Спектакль бойынша әйгілі қоюшылар – режиссер Клаус Гут, сценограф Этьен Плюсс, костюмдер бойынша суретші Урсула Кудрна жұмыс істеді.

Тарихи сахнадағы өнер көрсету отандасымыздың мансабындағы маңызды кезеңнің лайықты жалғасына айналды. Жуырда ғана ол қатаң іріктеудің үш айналымынан сәтті өтіп, Ресейдің Үлкен театрының Жастар опера бағдарламасына қабылданған еді. Оқу қарашаның соңында басталды.