«Астана Опера» труппасы «Дубай Опера» сахнасында өнер көрсетті

«Астана Опера» труппасы «Дубай Опера» сахнасындағы гастрольдік өнер көрсету кезінде өзінің бірегей дарынымен және кәсібилігімен дубайлық көрермендерді таңғалдырды. Елордалық театрдың туры нағыз мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар қазақстандық өнерді шетелде ілгерілетудің маңызды қадамына айналды. Гастроль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.

«Астана Операның» «Дубай Операдағы» өнер көрсетуі қарсаңындағы ғажайып әртістер келмей тұрып басталған еді. Әсемдігімен таңғалдыратын «Щелкунчик» спектаклінің костюмдері мен декорациялары теңіз арқылы саяхатқа аттанып, белгіленген жерге орындаушылардан бұрын жеткен болатын. Олар ғажайып ертегі басталатынын бірінші болып хабарлап, «Дубай Операны» сахнада ашылуға дайын тұрған қайталанбас хикая атмосферасына бөледі.

Гастрольдік бағдарлама 13 желтоқсанда «Дубай Операның» ұсынысы бойынша «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің сүйемелдеуіндегі Dubai Festival Chorus ұжымының Г.Ф.Гендельдің «Мессия» ораториясын орындауымен ашылды, бұл өнер көрсетуге дирижер Роб Джонстон жетекшілік етті. «Мессия» ұлы музыкалық туынды әрі барокко дәуірінде дүниеге келген үздік шығармалардың бірі саналады. Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстанның шығармашылық ұжымдарының бірлескен орындауы залды үйлесімділік пен шаттыққа толтырып, қуатты эмоционалдық резонанс туғызды. Қос елдің осынау жобамен атап өтілген шығармашылық әріптестігі музыкалық салтанат болып қана қоймай, сондай-ақ Қазақстан мен БАӘ өнерін керемет кеште біріктірген мәдени көпірге айналды. Кеш көрермендерге ұмытылмас естелік қалдырды.

— Мен Dubai Festival Chorus ұжымымен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келемін. Г.Ф.Гендельдің «Мессия» жобасында «Астана Опера» Симфониялық оркестрімен тамаша әріптестік орын алды. Мұндай ауқымды туындыны аз ғана уақыттың ішінде бірге жинау өте күрделі шаруа, әлбетте, қазақстандық оркестр бұл міндетті абыроймен атқарып шықты. Олар Гендельдің туындысын стилистикалық тұрғыда дәл менің қалағанымдай орындады. Музыка – бұл өзіндік жеке меншік тіл. Сондықтан әлемнің қай елінен келгеніңіз маңызды емес, бізде ортақ музыка тілінің болуы бәрімізді жақындастырады және біріктіреді. Сол себепті ұлыбританиялық дирижер ретінде мен үшін қазақстандық оркестрмен және дубайлық хормен жұмыс істеу керемет әріптестік болды. Әлемнің әр қиырынан хор, оркестр, дирижерлер бірігіп, осындай тамаша сападағы музыканы жасағандарына қуана алатын мұндай ынтымақтастықтар көп болады деп үміттенемін, — деді Роб Джонстон. Маэстро музыканттардың орындаушылық шеберліктеріне баға бере берді.

Ал Дубайда тұратын Оңтүстік Африка тумасы Карина Отте «Астана Опера» оркестрінің әлемдік деңгейдегі ұжым екенін атап өтті.

— Симфониялық оркестр ғажап! Ұжымның әрбір музыканты керемет дайындалғанын және дирижердің оларға өзінің құлшынысын жеткізе алғанын байқадым. Олардың біріккені сонша, оркестр емес, бір ғана адам ойнап жатқандай естілді. Жарқын өнер көрсету деп осыны айт! «Мессияны» бұдан бұрын да тыңдаған едім, ал бүгін орындау жоғары деңгейде болды, таңданысымда шек жоқ.

Гастрольдік өнер көрсету эстафетасын көркемдік жетекшісі әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова болып табылатын балет труппасы қабылдады. Әртістер үш күн бойы, яғни 15 желтоқсан кешкі спектакльде, 16-17 желтоқсан таңғы және кешкі спектакльдерде шебер өнер көрсетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар «Бәрекелді» деп үн қатқан көрермендермен өзара тілдесіп, олардың қошеметтеріне сан мәрте бас иді. Спектакльге алғаш рет келіп, тамаша би әлемімен енді танысып жатқан жандарға «Астана Опера» осынау бекзат өнердің әсемдігі мен тереңдігін жеткізе білгенін ерекше атап өткен жөн.

П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» ғажайып балеті дүние жүзінде қойылады, алайда дәл осы Ю.Н.Григоровичтің қойылымы барлық уақытта бетке ұстар деп саналып келді. Елордалық театрдың репертуарында осынау аңызға айналған хореографтың «Щелкунчигі» бар болғандықтан, «Дубай Опера» дирекциясы қазақстандық ұжымға гастрольде аталған спектакльді көрсетуге өтініш білдірді.

Ол көрермендердің тарапынан ыстық ықыласпен қабылданып, олардың жүректерінде ұмытылмас әсер қалдырды. Қазақстандық орындаушылар Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаева, Шұғыла Әдепхан, Бақтияр Адамжан мен Еркін Рахматуллаевтың шеберлігі сахнада ғажайып атмосфера жасады. Труппаның өнер көрсетуі қаншалықты қуатты әрі толқытарлық болғанын залдың қошеметінен-ақ білуге болатын еді. Спектакльдер жайлы жергілікті БАҚ-тарда да көптеген оң пікірлер айтылғанын атап өтуіміз қажет.

— Маған хореография қатты ұнады,  бұл шынымен де шоқтығы биік спектакль екен.   Труппаның биі өте тамаша,   кордебалеттің,  жетекші солистердің де жұмысы күшті болды деп санаймын.  Кәсіби дағдылары, балет мектебінің кереметтігі көзге көрініп тұр. Жалпы,  осы туындыдан Қазақстанда балет өте жоғары деңгейде деп айтуға болады.  Спектакльдің  безендірілуіне келетін болсақ,  костюмдер өте әдемі,  көз тартарлық екен.  Жарықтандыру  шынымен де тұтас туындыны керемет толықтырып тұрды. Оркестрдің орындауы акустика жағынан тамаша болды,  қазақстандық дирижердің жұмысы мінсіз. Мен бүгінгі кештен керемет ләззат алдым, — деп лондондық Теренс Старр өз әсерімен бөлісті.

— Маған балет өте қатты ұнады. Расында да керемет бейнеэффектісі бар тамаша қойылым болды,  мұнда сахнада қар жауып,  жарқ-жұрқ етіп тұрған секілді көрінді.  Мен бұрын «Щелкунчик» балетін көрген едім,  алайда  бұл қойылым шынымен де жоғары деңгейде жасалған,  спектакльдің артында қаншама  еңбек жатыр.  Сондықтан да мен мұндағы керемет хореография мен көркемдік безендіруге тәнті болдым, — деді қазіргі таңда Дубайда тұратын Венгрия тумасы  Река Косзта.

— Бұл мен көрген үздік әрі ғажап спектакльдердің бірі болды!  Қазақстандық әртістердің хореографиясына,  шеберліктеріне,  олардың гримдеріне тәнті болдым.  Олар өте жас,  бірақ бұл олардың жоғары халықаралық деңгейді паш етуіне кедергі емес.  Мен тағы да «Астана Опера» труппасының  спектакльдерін көргім келеді,  жиі келіп тұрыңыздар,  — деді  Дубайда 20 жыл тұратын Бангладеш тумасы   Провати Поддер.

П.И.Чайковскийдің кемеңгер музыкасының мәнерлілігі мен тереңдігін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» Симфониялық оркестрі тамаша жеткізді. Сөздің реті келгенде айта кетейік, оркестр музыканттарымен Джузеппе Акуавива бірнеше рет жұмыс істеген. Италиялық маэстро – театрдың байырғы серіктесі. Ол шетелге гастрольдерді ұйымдастыруға көп көмектескен. Олардың қатарында Италия, Испания, Оман және басқа да мемлекеттердегі гастрольдер бар.

— Біз көптеген жобаларды жасадық. Мен «Астана Операға» алғаш келгенімде, мені «Ромео мен Джульетта» балетімен жұмыс істеуге шақырды. Ол кезде мен Карло Феличе театрының арт-директоры едім, сондықтан маған бірден қос театр әріптестікті бастауы қажет деген ой келді. Бұл менің басты мақсатыма айналды. Расымен де, біз бірге көп іс тындырдық. Десе де, өте маңызды гастрольдердің бірі «Абай» операсының Италияда көрсетілуі, сондай-ақ «Спартак», «Париж Құдай анасының соборы», «Аққу көлі» балеттерінің Генуяда ұсынылуы болды деп ойлаймын. Енді міне, «Дубай Операға» сапар елордалық театрдың гастрольдер географиясын кеңейту жолындағы тағы бір қадам болды, — деп атап өтті Джузеппе Акуавива.

— «Астана Операның» «Дубай Операдағы» жуырдағы өнер көрсетуі балет труппасының әртістері мен оркестр музыканттарының бірегей көркемдік шеберліктерін паш етті. Түрлі елдердің әншілерін біріктірген Dubai Festival Chorus ұжымымен бірге Г.Ф.Гендельдің «Мессиясының» орындалуы нағыз классикалық өнер мерекесі болды, гастроль П.Чайковскийдің «Щелкунчик» ғажайып балетінің таңғалдырарлық орындалуымен өз мәресіне жетті. Бұл өнер көрсету біздің көрермендерді тәнті етіп, шабыттандырды. Сондай-ақ біз «Астана Операға» осынау шығармашылық жобаға қосқан үлесі үшін ризамыз және келешекте тағы да осындай шабыт беретін өнер көрсетулерді тағатсыздана  күтеміз, — деді «Дубай Опера» директоры Паоло Петрочелли.

Қазақстандық труппа өнер көрсеткен барлық күні 2 000 орынға лайықталған «Дубай Опера» залында ине шаншар жер қалмағанын, спектакльдерді көруге ниет білдірушілердің қатары әлдеқайда көп болғанын атап өтуіміз қажет. Міне, елордалық театрдың гастрольдік өнер көрсетуінің айналасында осындай абыр-сабыр орын алды.

Дубай нағыз қонақжайлылық танытты: +30 градус ыстығы өз алдына, қазақстандық әртістердің құрметіне соғылған ду қол шапалақ көпке дейін толастамады. Көрермендердің мұндай жоғары бағасы «Астана Опера» труппасының дарыны мен кәсібилігін, сондай-ақ оның түрлі мәдениеттерді өнердің тілі арқылы біріктіре алатын қабілетін растайды.