«Астана Опера» ұжымы Словениядағы гастролін табыспен аяқтады

«Астана Операның» әйгілі балет труппасы 25-26 шілдеде Словенияда 71-інші жазғы Любляна фестивалінде гастрольмен өнер көрсетті. Әлемдік балет жұлдызы, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова құрған гастрольдік бағдарлама екі күннің ішінде Крижанке жазғы сахнасында 10 мыңға жуық көрермен жинады.

Кеш классикамен ашылды: А.Аданның «Корсар» балетінен үзіндіні атақты әртістер – Париждегі ұзақ мерзімдік өнер көрсетуден жуырда ғана оралған Әнел Рүстемова, сондай-ақ Олжас Тарланов пен труппа солисі Диас Құрманғазы орындады. Жетекші солист Еркін Рахматуллаев пен солист Шұғыла Әдепханның интерпретациясындағы Риккардо Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де көрермендердің зор сүйіспеншілігіне ие болды. Ашық аспан астындағы театр сахнасына қазақстандық прима Әйгерім Бекетаева бидегі жұбы Олжас Тарлановпен бірге шыққанда қошеметтердің қатты естілгені сонша, бүкіл Любляна қол соққандай болды. Орындаушылар Макс Рихтердің музыкасына Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» спектаклінен дуэтті ұсынды.

Ролан Петидің «Леда мен Аққу» нөмірін орындаған солистер Анастасия Заклинская мен Жәнібек Ахмедиев те барлығын таңғалдырды. Осынау бірегей нөмір Еуропада сирек көрсетіледі, сондықтан көпшілік әртістердің өнер көрсетуін айрықша сүйсіне отырып бақылады. Солистер Шұғыла Әдепхан, Серік Нақыспеков, Арман Уразов, балет әртісі София Әділханова да жоғары кәсібилікті паш етті. Олардың Люблянада өз жанкүйерлерін тапқаны сөзсіз.

Кештің басты оқиғасы Ренат Гайсиннің музыкасына «Дала үні» нөмірі мен Патрик де Бананың хореографиясында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына «Қилы заман» ұлттық нөмірінің орындалуы болды. Орындаушылар Анастасия Заклинская, Ғалымжан Нұрмұхамет, Бекзат Орынбаев пен Сұлтанбек Ғұмар жеткізген ұлттық колоритті, қазақ халқының рухын словениялықтар лайықты бағалап, солистерге ду қол шапалақ пен «Бәрекелді!» деген лебіздерін жаудырды.

– Мен Люблянада туып-өстім әрі өзімді нағыз асқақ өнер жанкүйерімін деп айта аламын, сондықтан әр жылдарда өткен Любляна фестивалі жадымда жақсы сақтаулы. «Астана Опера» әртістерінің өнер көрсетуі – мен тамашалаған үздік әрі кәсіби өнер көрсетулердің бірі болды. Классиканы, ұлттық нөмірлер мен заманауи балетті бір гастрольдік бағдарламаға үйлесімді сыйғызу – асқан шеберлік. Осы орайда балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға рақметімді айтып, қазақ балетінің өскеніне назар аударғым келеді. Труппа ерекше, оның өз мәнері бар: ерлер құрамы да, әйелдер құрамы да нағыз кәсіби деңгейді паш етті. Егер келешекте Словенияда немесе Қазақстанда олардың өнер көрсетуін тағы бір тамашаласам, өте қуанышты болар едім, – деп әсерімен бөлісті Агата Резник есімді көрермен.

Ал тағы бір словениялық асқақ өнер жанкүйері Лео Лебар гастрольдік бағдарламаның екінші бөлімінің сәнін келтірген «Алты би» балеті қатты ұнағанын айтты. Чех хореографы Иржи Килианның Моцарттың музыкасына қойған бұл балеті театр репертуарын былтыр толықтырған болатын. Айта кетейік, спектакль күндері Кариннің рөлінде Аделина Төлепова өнер көрсетсе, Полдың партиясын Олжас Тарланов ұсынды. Каролинаны Бақытгүл Испанова, Йоханды Данияр Жұматаев, Лизаны Мөлдір Шәкімова, Патрикті Сұлтанбек Ғұмар, Нэнсиді Мәдина Қожамжарова, Урциді Айбар Тоқтар сомдады.

– Спектакльді басынан аяғына дейін рақаттанып тамашаладым. Бұл уақыт жағынан қысқа болса да, мазмұны жағынан бір керемет, қызықты дүние екен. Ол маған күнделікті күйбең тірлікті ұмыттырды. Хореографиясы күрделі екен, сондай-ақ ол асқан актерлік шеберлікті талап етті. Бұл қабілет 8 бишінің әрқайсысында толықтай болды. Олар күлдіретін жерде күлдірді, сонымен қатар ғаламның маңызды сұрақтары жайлы ойлануға итермеледі. Осы үшін «Астана Опера» әртістеріне алғысым шексіз, олар бізге зор әсер сыйлады. Бұл әртістер әлемнің қай бұрышында өнер көрсетсе де, әрдайым көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болатынына сенімдімін.

Кәсіби мамандар да таңданыстарын жасырмады, қазақстандық әртістердің өнерін тамашалауға олардың шетелдік әріптестері, балет танушылар мен балет сыншылары да келді. Сонымен, Мариинский театрының бұрынғы солисі Анастасия Матвиенко әлеуметтік желідегі парақшасында әсерімен бөлісті:

«Өте мықты труппа. Труппада тек қазақстандық балет әртістерінің жұмыс істейтіні және онда шақырылған немесе шетелдік әртістердің болмауы таңданыс туғызады. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова осындай қиын жолды таңдаған екен. Бәрекелді!»

Словениядағы өнер көрсету балет труппасының оныншы мерейтойлық маусымдағы қорытынды туры болды. Алда он бірінші маусымда әртістерді шет елдерге гастрольдік сапарлар, туған театр сахнасында репертуарлық қойылымдар мен премьералар күтеді.