«Астана Опера» XIII театр маусымын «Абай» спектаклімен ашады

«Астана Операның» XIII театр маусымы ашылатын күн де алыс емес. Демалыстан жаңа күшпен және зор шабытпен оралған шығармашылық ұжым 6-7 қыркүйекте М.Әуезовтің либреттосына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын ұсынуға дайындалуда. Бұл күндері опера солистері, балет және миманс әртістері, симфониялық оркестр музыканттары театрдың бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

«Астана Операның» жаңа театр маусымының ашылуы – ұжым үшін ғана емес, барша көрермен үшін де үлкен мереке. Бұл елордалықтар мен қала қонақтарының сүйікті театр атмосферасына қайта бойлайтын, әртістермен сағынысып қауышатын керемет сәт.

– Шығармашылық ұжымымыз жаңа театр маусымына тың идеялармен және көрермендер аудиториясының сұранысына сай ауқымды жобалармен қадам басқалы тұр. Бұл ғаламат премьералармен, сан алуан фестивальдермен, мазмұнды гастрольдермен, опералық және балеттік қойылымдармен есте қалатын кезең болмақ. Біздің маңызды бастамаларымызды жүзеге асыруға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі үлкен қолдау білдіріп жатқанын атап өткім келеді. Сонымен, осы күзде біз өз сахнамызда опера өнерінің жауһары Дж.Вердидің «Риголетто» операсының көптен күткен премьерасын ұсынамыз, ал жылдың соңында алғаш рет көрермендерге Тілеуғазы Бейсембектің либреттосына С.Әбдінұров пен Ә.Әбдінұровтың «Қыпшақ қызы Аппақ» спектаклін таныстырмақшымыз. Бұдан бөлек, дарынды жастарымызды қолдауға, өңірлердегі және шетелдегі әріптестерімізбен мәдени қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жобаларымыз әрі қарай жемісті жалғасын табады. Мен «Астана Операның» көрермендеріне дайындаған тосынсыйларының азғантай бөлігіне ғана тоқталып өттім. Ұжымымызға жаңа маусымда шалқар шабыт пен толағай табыс тілей отырып, барлық өнер сүйер қауымды театрымыздың елеулі жетістіктерінің куәсі болуға шақырамын, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.

Осы ретте «Астана Операның» жаңа XIII театр маусымының әйгілі «Абай» ұлттық операсымен ашылатыны кездейсоқтық емес. Бір жағынан бұл биыл 180 жылдығы атап өтіліп жатқан ұлы Абай Құнанбайұлының рухына құрмет болса, ал екінші жағынан айшықты датаны мерекелеу болмақ, себебі осы қыркүйекте «Абай» операсының елордалық театр сахнасында қойылғанына 10 жыл толады. 2015 жылы қыркүйекте осынау ұлттық классика жауһары дирижер Алан Бөрібаев пен әлемге әйгілі режиссер Джанкарло дель Монаконың жаңа қойылымында алғаш көрерменге ұсынылды. Араға үш жыл салып театр осы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының мәдениет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

«Абай» лайықты түрде ұлттық опера өнері жетістіктерінің бірі саналады. Былтыр ұжым осы операны «Музыканы көру» халықаралық фестивалі аясында Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында зор табыспен ұсынғанын еске саламыз. Әр жылдары ұлттық жауһар Италияда, Өзбекстанда шырқалып, шетелдік көрермендердің осынау мәңгілік туындыға деген сүйіспеншілігін оятты.

Ұлы Абайдың парасаттылық пен даналыққа толы бейнесі арқылы барлық қазақ халқының болмысы бейнеленген спектакль ешкімді бейжай қалдырмайды. Қойылым махаббат, жақсылық пен зұлымдықтың күресі жайлы баяндап қана қоймайды, сонымен қатар халқымыздың философиялық ой-толғамдарын және мәдениеті мен өнерінің бірегей дәстүрлерін ашады. Операның осы ұлттық бояуының біртуар шеберлер Эцио Фриджерио мен «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино жасаған тамаша сценографиямен және костюмдермен жарасымды үйлесім табуы шымылдық ашылған сәттен бастап соңғы көріністеріне дейін көрермендерді Абай өмір сүрген дәуір атмосферасына бойлатады. Еске сала кетейік, режиссердің кеңесшісі – Қазақстанның Халық әртісі Есмұқан Обаев, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Түрлі күндері спектакль кейіпкерлерінің бейнелерін «Астана Операның» дарынды әртістері жүзеге асырады. Сонымен, Абайдың партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев пен Талғат Мұсабаев дайындауда. Айдарды Рамзат Балакишиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин орындайды. Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова және Назым Сағынтай, Әзім – Бейімбет Таңарықов, Жиренше – Алтынбек Әбілда, Талғат Ғалеев. Қарлығаштың бейнесін Салтанат Мұратбекова мен Татьяна Вицинская сомдайды. Көкбай – Дінмұхамед Көшкінбаев пен Сұлтан Бақытжан. Сырттанның рөлінде – Болат Есімханов пен Шыңғыс Расылхан. Нарымбетті Артур Ғабдиев пен Нұрсұлтан Әнуарбек, ал Месті Әлихан Зейнолла таныстырады.

Қазір әртістер патша көңілді көрермендерімен қауышуға және оларды өнерлерімен қуантуға асық!