«Астана Операда» А.Жұбановтың 120 жылдығын мерекелеуге арналған шаралар легі басталды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында қазақтың біртуар композиторы, дирижер, ғалым әрі қоғам қайраткері Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Ұлт рухының сардары» мерейтойлық кеші зор табыспен өтті. Бұл оқиға есімі Қазақстанның кәсіби музыка мектебінің ашылуымен тығыз байланысты шебердің мерейтойына орайластырылған салтанатты шаралар легін бастап берді.

Камералық залға кіреберісте, арт-галереяда көрермендер Ахмет Жұбановқа арналған көрмені тамашалады. Қонақтардың назарына композитордың жеке заттары, оның кенепте салынған фотосуреттері, нота жинақтары, сондай-ақ шебердің өмірі мен шығармашылығы туралы оннан астам кітап ұсынылды. Бұл жәдігерлер Жұбановтар мен Мәмбетовтер әулеттерінің мұрағатынан жеткізілді. Экспозиция көпшілікке тарихқа қол ұшын тигізуге әрі ұлы музыкант туындыларын дүниеге әкелген дәуір атмосферасына тереңірек бойлауға мүмкіндік берді.

Салтанатты концерт академиялық музыканы бағалайтын жандардың, көрнекті өнер қайраткерлерінің басын қосты. Шараға арнайы келген Қазақстан композиторлар одағының мүшелері тұңғыш қазақ халық аспаптар оркестрінің негізін қалаған ұлы тұлғаның мұрасына деген ұқыпты көзқарас пен орындау деңгейін жоғары бағалағанын атап өтуіміз керек.

Бұл орайда осынау оркестрдің бұрынғы көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Айтқали Жайымов Ахмет Жұбановтың халқымыздың өнеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті.

– Сондықтан осынау біртуар тұлғаның мерейтойына орай «Астана Опера» ұйымдастырып жатқан шаралар легінің еліміз үшін маңызы зор деп санаймын. Ол қазақ ұлттық аспаптарын зерттеу және оларды жетілдіру мәселесін алғаш қолға алған, сондай-ақ еліміздің әрбір өңіріндегі сан алуан күйшілік дәстүрлерді біріктіру үшін ең бірінші болып қазақ халық аспаптар оркестрін құрған. Кейін Алматыда консерватория ашылғанда осы оқу орнына ұлттық аспаптарға оқыту жүйесін енгізді. Ахмет Жұбановтың арқасында қазақтың ұл-қыздары халық аспаптарын жоғары кәсіби деңгейде меңгеріп, бүгінде ықылым заманнан келе жатқан қазақтың әндері мен күйлерін дүние жүзіне паш етіп жүр.

Ахмет Жұбанов ғалым ретінде көптеген еңбек жазды, өткен ғасырлардағы халық композиторларының шығармаларын зерттеді. Сонымен қатар оның композиторлық қабілеті өз алдына бір төбе. Ол өз туындыларын ұлттық нақышты, ұлттық бояу мен әуенді негізге ала отырып дүниеге әкелді. Қазақ халық аспаптар оркестріне алғашқы болып ауқымды шығарма жазды. Мұхтар Әуезов Абай туралы «Абай жолы» эпопеясын жазса, Ахмет Жұбанов Латиф Хамидимен бірлесіп «Абай» операсын жасады. Оның туындылары ұлттық кәсіби музыканың дамуына зор ықпалын тигізді. Бүгін, Ахмет Жұбановтың туған күнінде хас шебердің мерейтойына орайластырылған салтанатты шаралар легін бастап жатқан театрдың барлық шығармашылық ұжымына сәттілік тілеймін, – деп атап өтті Айтқали Жайымов.

Кеш бағдарламасы А.Жұбановтың сирек орындалатын камералық-вокалдық шығармашылығын және оның қызы Ғазиза Жұбанованың, немересі Әліби Мәмбетовтің, шөбересі Карина Измайлованың музыкасын, сондай-ақ опералардан ариялар мен дуэттерді, романстар мен аспаптық миниатюраларды қамтыды. Көрермендердің алдында сахна шеберлері Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілов (баритон), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ (сопрано), сондай-ақ солистер Әсем Сембина, Мәдина Исламова, Ұлпан Әубәкірова, Сара Садығұлова, Саян Исин, Әлихан Зейнолла, Мерей Қадырхан, Сұлтан Бақытжан және тағы басқалары өнер көрсетті.

Скрипкашы Қаламқас Жұмабаеваның, пианистер Карина Измайлова мен Шахизада Құлсейітованың, қобызшылар Кенжегүл Мұсаева мен Азиза Мұса-Бейсенғұлованың орындауындағы аспаптық нөмірлер кешке ерекше атмосфера үстеді. Алтынғаным Ахметованың жетекшілігіндегі «Астана Опера» балалар театр студиясы хорының, сондай-ақ Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінің жас әртістерінің өнер көрсетуі кештің жарқын аккордына айналды. Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова орындады.

– Ахмет Жұбанов – біздің темірқазығымыз, оның мұрасы музыкалық даму жолын айқындайтын үлгі саналады. Бүгінгі концерт маған зор әсер қалдырды, Ахмет Жұбановтың музыкасы сахнада шырқалып тұрғанда оның есімі де бізбен бірге мәңгі жасай беретініне куә болдық. Аспаптық миниатюралары жанымды ерекше тебірентті. Оның қазақтың байтақ даласын қалай жақсы көргені және оның жанын қалай түсінгені көрініп-ақ тұр. Залда композитордың шығармашылығын бағалайтын жандардың көп болғаны айрықша қуанышты жайт, – деп алған әсерімен бөлісті театрдың тұрақты көрермені, Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің ардагері Раушан Ысқақова.

Мерейтойлық датаға орайластырылған шаралар әрі қарай жалғасады, 1-2 мамырда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында М.Әуезовтің либреттосына А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы ұсынылатынын еске саламыз. Дирижер тұғырына А.Жұбановтың шөбересі – «Астана Операның»  бас дирижері, операның қоюшы  дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев көтеріледі.