«Астана Операда» Балет күні қалай атап өтіледі

Дәстүр бойынша қазан айының соңына немесе қарашаның басына тап келетін халықаралық Балет күнін «Астана Опера» да көпшілікпен қатар мерекелейді. Елордалық сахна әлдеқашан халықаралық ауқымға ие болған бұл оқиғадан қалыс қалмауда.
Дүниежүзілік балет күні айтарлықтай жас бастама екенін көбі біле бермейді. Он жыл бұрын балет әртістерінде жеке дата болмайтын, олар мерекені барлығымен бірге 29 сәуір Халықаралық би күнінде атап өтетін. 2014 жылы Лондонда бетбұрыс болды. Ковент-Гардендегі Корольдік театр балетті хореографиялық шеберліктің шыңы етіп айшықтауға тырысып, ашық онлайн-дайындықтар ұйымдастырды. Олар таңғаларлық жетістікке жетіп, трансляциялар жарты миллион көрерменнен тұратын аудиторияны жинады. Бүгінде бұл мерекені барлық құрлықта атап өтеді.
Таңсәріден «Астана Операда» тіршілік қайнай түседі: дайындық залдарында рояльдің үні естіліп, балет әртістері бір-біріне, тәлімгер ұстаздарға сәлем береді, және әлбетте кәсіби мерекемен құттықтайды.
– Балет күні – бұл сұлулықтың, еңбек пен шабыттың мерекесі. Біздің балет труппамыз – еліміздің мақтанышы. Қайтпас қайсарлықтары, күнделікті еңбектері мен өнерге деген адалдықтары үшін Алтынай Абдуахимқызына, барлық әртістерге, ұстаздарға, қоюшыларға алғысымды білдіремін. Сахна әрдайым олардың дарындарымен жарқырай берсін, ал көрермендер қошеметін аямасын, – деді театр директоры Александр Совостьянов әртістерді мерекемен құттықтай отырып.
«Астана Опера» балет труппасы лайықты түрде еліміздегі ең мықты труппалардың бірі саналады. Бүгінде оның құрамында 124 әртіс бар, олардың әрбіреуінің өнердегі жолының өз тарихы жазылып жатыр. Мұның артында оқу жылдары, қажырлық пен балетке деген махаббат тұр. Ұжымды Ресейдің халық әртісі, әлемдік балет жұлдызы, қуаты мен талғамы театрдың жоғары көркемдік деңгейін қалыптастыратын тұлға Алтынай Асылмұратова басқарады. Ол тура 10 жыл бұрын театр репертуарында бағалы тастарды сандықшаға тергендей балет өнерінің озық үлгілерін жинау, сондай-ақ қазақстандық балеттің жаңа хореографиялық тілін жасау міндетін қойды.
Ал қазір репертуар лайықты түрде өзінің ауқымдылығымен – мәңгі өшпес классикадан бастап ХХ және XXI ғасыр туындыларымен тәнті етеді. Бұл Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы аруы» мен «Щелкунчигі», Адольф Аданның «Жизелі», Людвиг Минкустың «Баядеркасы», Арам Хачатурянның «Спартагы» және тағы басқалары. Иржи Килианның «Кіші өлім», «Алты би», Патрик де Бананың «Дала үні», Сұлтанбек Ғұмардың «Рух», Ролан Петидің «Париж Құдай анасының соборы», «Арлезианка», «Кармен», «Бозбала және Өлім» балеттері сынды заманауи қойылымдар қазақстандық әртістердің классикада да, жаңашыл биде де өздерін бірдей сенімді сезінетінін дәлелдейді.
«Астана Опера» Қазақстаннан тыс жерлерде де бұрыннан танымал. Балет труппасы Италия, Испания, Литва, Словения, Қытай, БАӘ, Оман мен басқа да елдерде гастрольмен ойдағыдай өнер көрсетіп, көрермендер мен сыншылардың таңданысын туғызды. Әрбір өнер көрсетуде қатал, айшықты әрі шынайы қазақстандық мектеп сайрап тұр.
Бұл жолғы маусым жас әртістер үшін де ерекше болды: ұжымға Қазақ ұлттық хореография академиясының 16 дарынды түлегі қосылды. Бишілердің жаңа буыны театрға жас энергияны алып келді. Бұдан бөлек, Шұғыла Әдепхан мен Диас Құрманғазы жетекші солист орындарына ауысты, Сұлтанбек Ғұмар мен София Әділханова солист атанды. Ал Эркин Базарбаев, Алина Зырянова, Камила Шахманова тағылымгер солист дәрежесіне көтерілді.
– Балет күні – мен үшін ерекше мереке. Алғашқы пачкамды, алғашқы пуантымды, сахнаға алғаш шыққан сәтімді еске аламын. Үйлесімділікте бола алатын және маған зор қуаныш сыйлайтын осы жолды дұрыс таңдағанымды бар жүрегіммен сезінемін. Жетекші солист болу – бұл тек дәреже емес, бұл ең алдымен жауапкершілік пен ризашылық. Мен үшін ол көп жылғы еңбегімнің, ұстаздарымның маған көрсеткен қолдауы мен сенімінің нәтижесі. Өзімнің ұстаздарым А.А.Асылмұратоваға, Р.Қ.Төлегеноваға, К.Е.Заклинскийге, Е.А.Шерстневаға, М.М.Тукееваға, Г.Е.Усинаға, Ғ.Қ.Бегалинаға, Р.С.Сейітбековке, Н.В.Коршуновқа, Д.С.Зайнуллинаға шын жүректен алғысымды білдіремін. Олардың әрқайсысы маған өз мектебінің, өз мінезі мен балетке деген махаббатының бір бөлшегін қалдырды. Олардың шыдамдылығы мен талабынсыз мен қазіргідей әртіс бола алмас едім, – деп пікірімен бөлісті Шұғыла Әдепхан.



