«Астана Операда» ғажайып мерекелік атмосфера жалғасады

Жаңа жылдың алғашқы апталарында «Астана Опера» балалар мен олардың ата-аналарын театрда көңілді уақыт өткізуге шақырады. Мерекелік атмосфераны жалғастыру үшін Үлкен зал сахнасында Тибор Кочактың музыкасына Дюла Харангозоның қойылымындағы «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеті ұсынылады. Ал К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» зоологиялық фантазиясы мен Цезарь Кюидің «Етік киген мысық» операсы оқушылардың қысқы демалысын одан сайын қызықты етпек.

7, 10 және 11 қаңтарда ұсынылатын «Ақшақар мен жеті ергежейлі» елордалық театр репертуарындағы балалар да, ересектер де ең жақсы көретін балеттік спектакльдердің бірі. Өнер көрсету күндері көпшілік спектакль кейіпкерлерінің бейнелерінде балет труппасының дарынды әртістерінің жарқын дебюттеріне куә болады. Сонымен, түрлі күндері Ақшақарды алғаш рет Алина Зырянова, Әлия Әмірхан және Дарья Митрофанова орындайды. Ал Ханзаданың жетекші партиясында Айдан Қалжан, Ғалымжан Нұрмұхамет пен Әли Құсайынов (дебют) өз өнерлерін паш етеді. Патшайымның бейнесін Амина Кисембаева мен Лимара Айдарова (дебют) жүзеге асырады. Аңшының бейнесін жасауға Олжас Тарланов, Жақсылық Сауқымбеков, Айбар Тоқтар дайындалуда. Мыстан – Сұңғат Қыдырбай, Қуат Кәрібаев. Спектакль күндері театрдың симфониялық оркестрінің дирижер тұғырына маэстро, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин көтеріледі.

Спектакльдегі басты партиядағы дебютіне тыңғылықты дайындалып жатқан балет әртісі Алина Зырянова барша қазақстандыққа шын жүректен бейбітшілік, молшылық пен бақыт тіледі.

– Жаңа жыл мен үшін шынымен де жарқын оқиғамен басталғалы тұр. Өзімнің көптен бері армандаған партиям – Ақшақардың рөлінде алғаш рет сахнаға шығамын. Мен үшін ол тазалық пен мейірімділіктің символы болып табылады. Осынау ізгі әрі нәзік кейіпкерімнің партиясындағы өнер көрсетуім көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлайды және бәрімізге  жаңа жылға мол шабыт береді деген үміттемін. Маған осы партияны сеніп тапсырған балет труппамыздың көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға, сондай-ақ дайындалуға және бейнені іздеуге көмектескен ұстазым Гауһар Усинаға зор алғысымды білдіремін. Спектакль бойынша жұмыс атқарып жатқан «Астана Операның» тәлімгер ұстаздары мен әртістеріне рақметімді айтамын, – деп атап өтті балерина.

Қаңтар айының афишасында балаларға арналған басқа да қызықты әрі танымдық шаралар бар. Ғажайып балеттік спектакльдің көрсетілімдеріне дейін 4 қаңтарда балалар мен олардың ата-аналарын Камералық залда «Жануарлар карнавалы» зоологиялық фантазиясы күтеді. Мұнда олар симфониялық оркестр аспаптары табиғаттың үнін қалай айнытпай келтіретінін естиді. Мәселен, флейта бақта сайраған құстың дауысын салса, маңғаз контрабас алып пілдің бейнесін еске түсіреді, ал фортепианодағы шебер ойын ақбөкендердің дала төсінде жүгірген көрінісін көрермендердің көз алдына әкеледі. Музыкатанушы Сәуле Мәулетованың хайуанаттар мен құстар жайлы оқитын өлеңдері мен айтатын әңгімелері осынау баурап аларлық өнер көрсетулерді толықтырады. Осылайша жас театр сүйер қауымның музыканы көрнекі түрде қабылдау қабілеті міндетті түрде қалыптасады.

Сондай-ақ 6 қаңтарға жоспарланған Шарль Перроның танымал ертегі желісі бойынша «Етік киген мысық» операсы да оқушылардың қысқы демалысымен тұспа-тұс келеді. Өзінің иесі Маркизге түрлі өмірлік қиындықтарды жеңуге көмектесетін тапқыр мысықтан ептілік пен батылдықты қалай үйренуге болатынын жас көрермендерге театрдың опера труппасының солистері көрсетеді. Ақылды Мысықтың басты партиясын Артур Ғабдиев таныстырса, Кіші ұл – Маркиздің бейнесінде Талғат Аллабиринов шығады. Ал Патшаның рөлін Ержан Саипов, Адамжегішті Шыңғыс Расылхан орындайды. Сұлу Ханшайымның бейнесін Ұлпан Әубәкірова сомдайды. Тұңғыш ұл – Сұлтан Бақытжан, Ортаншы ұл –  Диас Омар. Спектакльдің екі көрсетілімінде де Камералық оркестр Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері театр дирижері Айдар Әбжахановтың басқаруымен өнер көрсетеді. Сондай-ақ опера-ертегіге театрдың балалар хорының дарынды тәрбиеленушілері қатысатынын атап өтуіміз керек.

Басталуы: 4, 6 қаңтар – 12.00-де және 15.00-де, 7, 10 қаңтар – 12.00-де және 17.00-де, ал 11 қаңтар – 17.00-де.