«Астана Операдағы» Наурыз

Биылғы көктемгі жаңару мерекесі – Наурыз «Астана Операда» ерекше сипатқа ие болмақ. 21-22 наурызда Үлкен зал сахнасында заманауи оқиға желісіне жазылған тұңғыш қазақ комедиялық операсы – С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» спектаклі ұсынылады, ал 24 наурызда Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда «Армысың, әз-Наурыз!» мерекелік концерті өтеді.
«Айсұлу» операсының түпкі ойы шекараларды жоятын және адамдарды біріктіретін Наурыз мерекесінің философиясымен таңғажайып түрде үндесіп жатыр. Режиссер Еренбақ Тойкенов көрермендерге увертюраның алғашқы аккордтары шырқалғанға дейін басталатын тосынсый дайындады. Театр фойесі бір сәтке шулы теміржол перронына айналып, көрерменге оқиғаның алда қалай өрбитінін болжайды және оларды қызықты шытырман оқиғалар мен кездесулердің атмосферасына жетелейді. Қонақжайлылықтың көне дәстүріне сай, көрермендерге театр табалдырығын аттаған сәттен бастап бауырсақ пен басқа да ұлттық тағамдар ұсынылады. Бұл үлкен отбасылық мерекедегідей ерекше көңіл күй сыйлайды. Содан кейін ғана көрермендер өз орындарына жайғасып, сахнада жалғасатын театрлық қойылымға көз тігеді.

Мерекелік көңіл күйдің эстафетасын 24 наурызда Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал қабылдайды. «Армысың, әз-Наурыз!» концерті көктемнің нағыз әнұранына айналмақ. Ұлттық стильде безендірілген сахна мен театрландырылған элементтер камералық, бірақ сонымен бірге таңғаларлық жылы атмосфераны жасайды. Бұл кеште көрермендер қойылымның толық құқылы қатысушылары атанады. Бағдарламада барлығы қосылып шырқай алатын халық әндері, дәстүрлі күйлер, қазақстандық композиторлардың туындыларынан ариялар мен дуэттер, табиғаттың жандануын дәріптейтін заманауи композициялар қамтылған. Әртістермен бірге сүйікті әуендерді орындауға қосылу мүмкіндігі кешке ерекше ғажайып үстейді.
Орындаушылар құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Жаннат Бақтай мен жоба авторы Ғалия Байғазинова, сондай-ақ Дінмұхамед Көшкінбаев, Артур Ғабдиев, Сұлтан Бақытжан, Мерей Қадырханов, Талғат Аллабиринов, Салтанат Мұратбекова, Әсем Сембина, Елена Ганжа, Ұлпан Әубәкірова, Лейла Аламанова, Сара Садығұлова мен басқа да көптеген солист енді. Вокалдық нөмірлер Абылайхан Мамырбаев пен Нұрмұхамед Жақановтың орындауындағы домбыраның аспаптық тембрлерімен бірігеді. Фортепиано партиясын Айшабибі Асқарова мен Ирина Кургузкина орындайды. Солистер миманс әртістерімен, сондай-ақ концерт жүргізушілері Толғанай Артықбаевамен және Жәнібек Авленовпен бірге көктемнің сахнада шын мәнінде қалай жанданатынын сезінуге көмектеседі.



