Астанада аутизм бар балалардың қатысуымен «Шуылдақ шыбын» инклюзивті спектаклі өтті

Астана қаласындағы Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының сахнасы бұл жолы тек өнер ордасы ғана емес, қоғамдық маңызы айрықша кеңістікке айналды. Осында аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен «Шуылдақ шыбын» инклюзивті мюзиклі көрерменге жол тартты. Қойылым аншлагпен өтті.
Елордадағы көрсетілім Болат Өтемұратов Қорының демеушілігімен ұйымдастырылып, Аутизм туралы ақпараттандырудың дүниежүзілік айы мен «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының 20 жылдығына орай өтті.
Қойылымды 800-ден астам көрермен тамашалады. Сахнаға барлығы 84 адам шығып, оның ішінде 6 жастан 19 жасқа дейінгі 33 бала мен жасөспірім және олардың ата-аналары өнер көрсетті. Бұл – жобаның Астанадағы алғашқы көрсетілімі. Бұған дейін спектакль 2023 жылы Алматы қаласында сахналанған. Жоба Аружан Саин жетекшілік ететін «Мейірімділік» ерікті қоғамы («ДОМ»)» қорының «Аутизмді жеңеміз!» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Қойылым – аутизмі бар балалардың әлеуметтік бейімделуі мен қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған көпжылдық жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Сахнаға шығу олардың көпшілігі үшін үлкен белеске айналып, әр қатысушы өз рөлін орындау арқылы көрерменмен байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Бұл – мамандар мен ата-аналардың табанды еңбегінің жемісі.
– Астаналық көрерменге бұл қойылымды ұсыну – ерекше жауапкершілік. Театр бұл жолы тек өнер алаңы емес, актер мен көрермен арасындағы шекаралар жойылған кеңістікке айналды. Қойылым көрермендердің аутизмі бар балаларға деген көзқарасын өзгертіп, олардың мүмкіндіктерін жаңа қырынан тануға әсер еткені жайлы жылы пікірлерді есту ерекше қуаныш сыйлайды, – деп айтты Аружан Саин.
Қойылым барысында инклюзивті сахналық орта қалыптастыруға айрықша мән берілді. Декорациялар балалардың ата-аналарының қолымен жасалса, костюмдер қатысушылардың сенсорлық ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді. Көркемдік шешім әр баланың жеке әлеуетін барынша ашуға бағытталған.
– Спектакльге қатысу балалар үшін маңызды әлеуметтену кезеңі. Олар қарым-қатынас жасауды, өз эмоциясын білдіруді және ұжымның бір бөлігі болуды үйренеді. Менің қызым бұл қойылымда шегіртке рөлін сомдады. Оның сахнаға қуана шығатынын көру – біз үшін үлкен қуаныш, – дейді қатысушының анасы Сания Әбенова.
Астанадағы көрсетілім Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен өтті. Қор өкілдерінің айтуынша, инклюзивті бастамаларды қолдау – адам капиталын дамыту мен қоғамда тұрақты әлеуметтік орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
– Әртістердің әрбір қимыл мен әр сөздің астарында үлкен еңбек, төзім мен сенім жатыр. Осындай жобалар қоғамның жанашырлық деңгейін арттырып, жүйелі қолдаудың маңызын айқындай түседі. Соңғы 12 жылда қор еліміздің 12 өңірінде 13 «Асыл Мирас» орталығын ашты. Бүгінде олардың қызметімен 20 мыңнан астам бала қамтылған. Сонымен қатар сәуір айында дәстүрлі түрде «Аутизм. Баршамызға бір әлем» ақпараттық науқаны өтеді, – деді Қордың Бас директоры Айнұр Кәрібозова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, елімізде инклюзивті мәдени бастамаларға қызығушылық артып келеді. Осындай жобалар тек шығармашылық бастама ғана емес, қоғамның ашықтығын арттырып, өзара түсіністікті нығайтатын әлеуметтік тәжірибе ретінде де маңызға ие. Астанадағы премьера – осы бағыттағы кезекті маңызды қадам
Болат Өтемұратов Қорының баспасөз қызметі


