Астанада «Байланысты қайта пайымдау – Үндістан мен Қазақстан саудасы және INSTC рөлі» тақырыбындағы семинар өтті

Үндістанның Астанадағы Елшілігі мен МаҚсұт Нарикбаев атындағы Университет (MNU) бірлесе отырып, «Байланысты қайта пайымдау – Үндістан мен Қазақстан саудасы және INSTC рөлі» атты семинар өткізді. Іс-шараның басты тақырыбы — Халықаралық Солтүстік–Оңтүстік Көлік Дәлізі (INSTC) болды.
Семинарға төрағалық еткен – Қазақстандағы Үндістан Республикасының Елшісі, доктор Т.В. Нагендра Прасад мырза. Сондай-ақ семинарда ҚР Сыртқы істер министрлігінің Азия және Тынық мұхит аймағы департаментінің директоры Санжар Уәлиханов, Үндістанның бұрынғы Қазақстандағы Елшісі Ашок Саджанхар, сондай-ақ Д.П. Шривастава және Vivekanand International Foundation, Manohar Parrikar Institute of Defense Studies and Analysis сынды беделді институттардың сарапшылары, Үндістан, Иран және Қазақстанның логистика саласы өкілдері мен Орталық Азия аймағының мамандары қатысты.
Елші доктор Т.В. Нагендра Прасад:
“Байланыс — экономикалық өсудің, өңірлік тұрақтылықтың және жаһандық ықпалдастықтың іргетасы. INSTC бастамасы көлік шығындарын азайтып, аймақтық экономикаларды жаһандық жеткізу тізбектерімен біріктіруге бағытталған. Бұл дәліз Үндістан мен Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан арасындағы сауда мен ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуетке ие”
Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің Азия және Тынық мұхит аймағы департаментінің директоры Санжар Уәлиханов Үндістанның Қазақстан үшін маңызды серіктес екенін атап өтіп, INSTC бастамасы екі ел арасындағы өзара сауданы арттырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуға сеп болатынын айтты.
Үндістан Елшілігі ұйымдастырған бұл семинар мемлекеттік органдар, саясаткерлер, ғалымдар мен салалық сарапшыларға екіжақты сауданың әлеуетін, INSTC жобасын толыққанды іске асырудағы кедергілер мен мүмкіндіктерді, сондай-ақ Үндістан мен Орталық Азия арасындағы сауданы тереңдету жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.



