Астанада «PRO Health» екінші халықаралық форумы өтті: онкологиялық диагнозбен өмір сүру туралы ашық диалог

Астанада «PRO Health» екінші халықаралық форумы өтті. Форум онкопациенттер, олардың жақындары, дәрігерлер және түрлі елдердің сарапшылары арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ тамақтану мен дене белсенділігі, репродуктивтік денсаулықты сақтау, пациенттердің құқықтары және емделу кезіндегі және одан кейінгі өмір сапасы туралы сөз болды.

Ұйымдастырушылардың деректері бойынша, Қазақстанда шамамен 246 мың онкопациент есепте тұр, оның 16,8 мыңға жуығы Астанада тұрады.

Форумның басты идеясы – тек емдеу туралы емес, адамның өзі туралы айту. Диагноз қойылғаннан кейін пациенттер мен олардың жақындарында көптеген сұрақ туындайды. Қорқынышты қалай жеңуге болады? Терапиядан кейін қалай қалпына келуге болады? Үйреншікті өмір салтын қалай сақтауға, болашаққа жоспар құруға және қажетті қолдау алуға болады?

Емделу кезінде не болады: онкологтар пациенттердің сұрақтарына жауап береді

Форумның басты оқиғаларының бірі онкологтардың қатысуымен өткен «Емделу кезінде не болады: онкологтар пациенттердің сұрақтарына жауап береді» панельдік пікірталасы болды.

Талқылауға қатысқандар:

  • Динара Ермекқызы Саменова – Ұлттық ғылыми медицина орталығының онколог-маммологы, «Онколог-маммологтар қоғамы» ҚБ төрағасы;
  • Қуантқан Талғатұлы Жабағин – онколог дәрігер, ядролық медицина маманы;
  • Майя Джугашвили – PhD, профессор, GenesisCare радиациялық онкологы (Мадрид, Испания);
  • Назар Кәрімұлы Сейдалин – медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының онколог дәрігері.

Ашық әңгіме форматы пациенттерді емделу кезінде мазалайтын сұрақтарға назар аударуға мүмкіндік берді. Оларды тікелей мамандармен талқылауға жағдай жасалды.

Пациенттердің шынайы тарихы: диагноздан тыс өмір

Бағдарламада пациенттердің жеке тарихына ерекше орын берілді. Қатысушылар өз тәжірибесімен бөлісті. Олар өмірдегі бетбұрыс сәттер, диагнозды қабылдау және әрі қарай өмір сүруге күш іздеу туралы айтты.

Бұл сөздер әр диагноздың артында өз тарихы, уайымы мен жоспары бар адам тұрғанын еске салды. Пациенттердің тәжірибесі онкологиялық аурумен өмір сүрудің дәрігер қабылдауында әрдайым айтыла бермейтін қырлары туралы сөйлесуге көмектеседі.

Емделу кезіндегі тамақтану және дене белсенділігі

Форумның жеке бөлімі тамақтану мен дене белсенділігіне арналды.

Сарапшы ретінде PhD, профессор, GenesisCare радиациялық онкологы (Мадрид, Испания) Майя Джугашвили сөз сөйледі.

Бұл тақырыпты талқылау форум бағдарламасына пациенттің күнделікті өміріне қатысты сұрақтарды енгізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ медициналық емдеумен қатар өмір сапасын қолдау тәсілдері қарастырылды.

Репродукция және интимдік өмір: айту маңызды сұрақтар

Тағы бір бөлім онкологиялық диагноздан кейінгі репродуктивтік денсаулық пен интимдік өмірге арналды. Назар фертильділікті сақтау мүмкіндігіне және емделуден кейін жүктілікті жоспарлауға аударылды. Әйел және ер адам денсаулығына қатысты сұрақтар да талқыланды.

Әңгіме стандартты консультация аясында жиі айтылмай қалатын тақырыптарды қозғады. Алайда бұл тақырыптар пациенттер мен олардың жақындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді.

PRO Health – ашық диалог кеңістігі

«PRO Health» екінші халықаралық форумы медициналық сараптаманы, халықаралық тәжірибені және пациенттердің жеке тарихын біріктірді. Бағдарлама тек емдеу мәселелерін ғана емес, диагноз қойылғаннан кейін адам тап болатын тақырыптарды да қамтыды. Олардың қатарында қалпына келу, қарым-қатынас, репродуктивтік денсаулық, күнделікті белсенділік және өз құқықтарын қорғау бар.

Форум тек ауруды емес, адамның өзін басты орынға қоятын тәсілді дамытуды жалғастыруда. Онкологиялық диагноз өмірді өзгертеді. Бірақ ол жоспар құруға, жұмыс істеуге, саяхаттауға, қарым-қатынасты сақтауға және жаңа мән іздеуге деген мүмкіндікті жоққа шығармайды.

Форум ұйымдастырушылары іс-шараны қолдағаны үшін серіктестер INQTEN және Nutricia компанияларына, сондай-ақ Alanda қонақүйіне алғыс білдіреді.