Астанада «Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару туралы» кітабының бесінші томының тұсаукесері өтті

Астанада «Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару туралы» кітабының бесінші томының ресми таныстырылымы өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпусының, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтарының, жоғары оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының және баспа саласының 200-ден астам өкілі қатысты.

Шараға Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Насихат бөлімінің меңгеруші орынбасары, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Ақпарат басқармасының басшысы Мо Гаои, Қытайдың Қазақстандағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань, ҚХР-дың Шетел тілдеріндегі әдебиеттерді басып шығару және тарату басқармасы басшысының орынбасары Юй Инфу, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Елнұр Бейсенбаев, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Умаров, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рүстем Әли, Қазақстан Халық партиясы төрағасының уәкілетті өкілі Ислам Сүнқар, сондай-ақ екі елдің баспа ісі, ғылыми-сараптамалық орталықтары, университеттері мен кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Мо Гаои кітаптың бесінші томында Қытайды жаңғыртудың жаңа кезеңдегі теориясы мен тәжірибесі жүйелі түрде баяндалғанын, сондай-ақ адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын қалыптастыру жөніндегі Қытайдың көзқарасы мен стратегиясы жан-жақты көрсетілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл еңбек мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе алмасуды тереңдетуге және Қазақстан мен Қытайдың даму стратегияларын өзара үйлестіруге маңызды негіз болады.

Елнұр Бейсенбаев бесінші томның жарық көруі Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіретінін айтты. Ол екі елдің мемлекеттік даму модельдері әртүрлі болғанымен, кезең-кезеңімен реформалар жүргізу, ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып жаңғырту және орнықты дамуды қамтамасыз ету секілді ортақ ұстанымдары бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару философиясы, ішкі және сыртқы саясатқа қатысты көзқарастары мен Қытайдың әлеуметтік-экономикалық даму стратегиялары қамтылған бұл еңбек қазақстандық оқырмандар үшін құнды ақпарат көзі болмақ.

Чэн Кэфань бесінші том алдыңғы төрт томның заңды жалғасы екенін және жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелігі бар социализм идеяларын жүйелі түрде таныстыратын маңызды еңбек саналатынын жеткізді. Оның айтуынша, кітап Қытай Коммунистік партиясының даму жолын, Қытайдың қарқынды өркендеуінің негіздерін, қытайлық модернизацияның ерекшеліктерін және халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған Қытай дипломатиясының ұстанымдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Асқар Умаров Қытайдың соңғы онжылдықтардағы экономикалық өсім, технологиялық жаңғырту, цифрлық трансформация және ұзақмерзімді мемлекеттік стратегияларды іске асырудағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе мемлекеттік басқару саласындағы заманауи тәсілдерді зерделеу үшін кәсіби тұрғыдан ерекше қызығушылық тудырады.

«Қытай – Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Әріптестеріміздің ұзақмерзімді мақсаттары мен қабылдайтын шешімдерінің логикасын неғұрлым терең түсінсек, екіжақты ынтымақтастық та соғұрлым тиімді дамиды», – деді Асқар Умаров.

Юй Инфу кітапта көтерілген модернизация, адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын қалыптастыру, өркениетаралық диалог және өзара үйрену секілді идеялардың қазіргі әлем үшін өзекті екенін атап өтті. Ол Қытай тарапы Қазақстанның түрлі салалардағы серіктестерімен гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Ислам Сүнқар Қазақстан мен Қытай басшыларының дәйекті саясатының арқасында екі ел арасындағы қарым-қатынас мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін айтты. Оның пікірінше, мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе мен идеялар алмасу екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып қала береді.

Іс-шара барысында Қытай тарапы Қазақстан өкілдеріне «Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару туралы» кітабының қазақ тіліне аударылған төртінші томын және орыс тіліндегі бесінші томын сыйға тартты.

Пікір алмасу сессиясында Қазақстандағы Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова, CSCEC-6 компаниясының Астана жеңіл рельсті көлік жобасының атқарушы директоры Цзи Чэнлун, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова кітаптың мазмұны туралы ойларымен бөлісіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы практикалық ынтымақтастықтың нәтижелері жөнінде айтты.

Сараптамалық пікірталас барысында екі елдің ғалымдары мен сарапшылары қытайлық модернизация, адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығы, «Бір белдеу – бір жол» бастамасын сапалы дамыту, жасыл даму және өркениеттер арасындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Әлия Мұсабекова қазіргі технологиялық өзгерістер кезеңінде мемлекеттердің табысты тәжірибелермен алмасуы және жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруінің маңызы артып келе жатқанын айтты.

Қытай дипломатиялық академиясының директоры Гао Фэй кітапта жаңа дәуірдегі қытайлық модернизацияның тәжірибесі жинақталғанын және жаһандық өзгерістер жағдайында елдердің бірлескен дамуына қатысты маңызды көзқарастар ұсынылғанын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиев бесінші томда жоғары сапалы даму, ғылыми-технологиялық инновациялар және адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылғанын айтты.

Қытай халықаралық зерттеулер академиясының Еуразия институты директорының орынбасары Хань Лу Қытайдың 15-бесжылдық бағдарламасының іске асырылуына байланысты Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жаңа салаларға кеңейетін тарихи кезең басталғанын атап өтті.

CNPC Kazakhstan компаниясы бас директорының орынбасары Райхан Әбдірасылова кітап қазіргі мемлекеттік басқару, тұрақты даму және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты қамтитынын айтып, оның оқырмандарға Қытайдың стратегиялық даму бағытын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Қытай инновациялар және даму стратегиясы институтының Қытай өркениеті және қытайлық даму жолы жөніндегі комитетінің жетекшісі Се Маосун кітапта марксизмнің негізгі қағидаларын Қытайдың нақты жағдайымен және дәстүрлі мәдениетімен ұштастыру идеясы кеңінен қарастырылғанын атап өтті.

Іс-шараны ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Ақпарат басқармасы, ҚХР-дың Шетел тілдеріндегі әдебиеттерді басып шығару және тарату басқармасы және Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырды. Ұйымдастыру жұмыстарына Қазақстанның Қытай модернизациясын зерттеу орталығы, Қытайдың Шетел тілдеріндегі әдебиеттерді басып шығару және тарату басқармасына қарасты Еуропа және Азия хабар тарату орталығы («Жэньминь хуабао» баспасы), Шетел тілдеріндегі әдебиет баспасы және Қазақстандағы Қытайды зерттеу орталығы қатысты.