Астанада таеквондо (WT) бойынша халықаралық төрешілер семинары өтті

Астана қаласында «WT Standing IR Selection & Training Camp – ASIA & OCEANIA» атты таеквондо WT бойынша халықаралық төрешілер семинары өтті. Аталған іс-шара әлемнің жетекші реферилерін бір алаңға жинады.

Семинардың салтанатты ашылуын Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев өткізді. Ол бұл семинардың төрешілер корпусын дамыту мен Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін арттырудағы маңызын атап өтті.

Семинардың алғашқы күні World Taekwondo Техникалық комитетінің төрағасы Филипп Боуедо және World Taekwondo Төрешілер комиссиясының төрайымы Джу Линфанг таеквондоның жаңартылған ережелерін таныстырып, алдағы спорт маусымындағы реферилер жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды.

Семинарға 40 елден 115 халықаралық рефери қатысты. Олардың қатарында Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жұмыс істеген тәжірибелі мамандар бар. Қазақстан атынан 6 халықаралық дәрежедегі рефери қатысты.

Семинар қорытындысы бойынша реферилер пулы қалыптастырылып, олардың ішінен 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында жұмыс істейтін құрам іріктеледі.

«Дүниежүзілік таеквондо федерациясы мұндай маңызды семинарды Қазақстанға екінші рет сеніп тапсырып отыр. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Біз әлемдік аренада қазақстандық спортшылармен қатар, отандық реферилерді де көргіміз келеді. Осы бағыттағы жұмыс Федерация тарапынан жүйелі түрде жүргізіліп келеді», — деді Кудрәт Шамиев.

Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметі