Ауыл-аймақтарда полиция қызметкерлері су тасқынынан қорғау шараларына белсенді қатысуда

Күн райының жылынуымен байланысты өңірде  су тасқына қарсы жұмыстар белсенді жүргізілуде. Еріген қар суымен бірге екі күннен бері жауған жаңбырдың салдарынан, облыс аумағында бірнеше ауылдарға су кірді.

Қазіргі таңда Темір, Байғанин, Қобда, Мұғалжар аудандары аумағындағы бірнеше ауылдарға су тасқыны қаупі төніп, кейбір шеткі ауылдарда бірнеше үйлерге су кірді.  Бұл ауылдарда полицейлер мен құтқарушылар ауыл тұрғындарымен бірлесіп,  ағын су бағытын бұру және бөгеу, жиналған суларды шығару, инерттік материал төсеу шараларын тәулік бойы атқаруда.

Мысалы, Ембі қалалық полиция бөлімшесінің жеке құрамы тәулік бойы Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылын су тасқынынан қорғау шараларына қатысуда. Ауылды еріген қар суынан қорғау жұмыстарына полиция бөлімінің 25 қызметкері жұмылдырылып, олар инертті материалдар төсеу, жол қауіпсіздігі мен азаматтардың мүлкінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде.