Байдарка мен каноэде ескек есуден азия чемпионатында қазақстан намысын кімдер қорғайды?

24-26 сәуір аралығында Қытайдың Хэфэй қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бәсекенің ерекшелігі – мұнда 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу ұпайлары сарапқа салынады.

Қазақстан құрамасы сапында жуырда Түркістан қаласында өткен көктемгі чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері аттанды. Олардың тізімі мынадай (барлығы 21):

Байдарка – Бекарыс Раматулла, Ольга Шмелёва, Дмитрий Холмогоров, Татьяна Токарницкая, Сергей Токарницкий, Стелла Суханова, Игорь Ряшенцев, Владимир Картушин, Кирилл Тубаев, Жахонгир Жамедов, Эвелина Костенко, Артём Терещенко.

Каноэ – Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов, Руфина Искакова, Ульяна Кисилёва, Полат Төребеков, Ольга Сурмина, Мария Бровкова, Маргарита Торлопова, Әлішер Хайотов.

«Хэфэйдегі жарысқа спортшыларды сәуірдің басында Түркістанда өткен ел чемпионатында іріктеп алдық. Көшбасшылардың уақыт көрсеткіші жақсы. Екі және төрт адам отыратын құрамда аз-кем өзгеріс бар. Біз үшін осы маусым ұзақ әрі жауапты. Біздің спортшылар үшін жылдың басты жарысы – Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындары. Барлық жақсы көрсеткіштерді күзге алып келуіміз керек»,-деді Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Қазір жарысқа 22 мемлекеттен 400-ге жуық спортшы тіркелді.

Еске сала кетейік, былтырғы сары құрлық чемпионатын Қытайдың Наньчан қаласы қабылдаған. Ол кезде Қазақстан командасы 4 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлденің арқасында жалпы есепте жарыс қожайынынан кейін 2-орынға тұрақтаған.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі