Бейбіт Исабаев: «Талдықорғанның сәулеттік келбетін жаңартуды кешенді түрде қарастырамыз»

Жетісу облысының кіндік қаласы — Талдықорған қаласында облыс орталығының сәулеттік-көркемдік келбетін жақсарту жобасы жалғасуда. Облыс құрылғаннан бері қалада 130 аула күрделі жөндеуден өткізіліп, 113 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры, 44 көпқабатты үйдің қасбеті жөнделді. Қаладағы жұмыстардың барысымен және қалалық ортаны одан әрі жаңарту жоспарларымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев қаланы аралау барысында танысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, биыл Жансүгіров көшесінің бойындағы 24 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті және 7 үйдің шатыры жөнделді. Келесі кезеңде Назарбаев даңғылының бойында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері сәулеттік-көркемдік тұрғыда безендіріліп, шатырлары жөнделеді.

— Талдықорғанның үш ұзын көшелері — Қабанбай батыр, Жансүгіров көшелері мен Назарбаев даңғылы. Биыл Жансүгіров көшесін абаттандырдық. Жұмысқа кешенді түрде кірістік: алдымен магистралды жылу желісін реконструкцияладық, содан кейін асфальт төселді. Сонымен қатар көше бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырлары жөнделді. Енді келесі жылы Назарбаев даңғылын абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Қасбеттерді жаңартудың бірыңғай тәсілі айқындалды: бес қабатқа дейінгі үйлер қапталады, ал бес қабаттан жоғары ғимараттар сапалы, суға төзімді материалдармен боялады. Жалпы, 36 үйдің қасбеті, сондай-ақ қажеттілігіне қарай 13 үйдің шатыры жөнделеді, — деді Б. Исабаев.

Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жаңартумен қатар жол жабынын жөндеу де көзделген. Атап айтқанда, келесі жылы Назарбаев даңғылының орталық алаңнан айналма жолға дейінгі бөлігі, сондай-ақ Жансүгіров көшесінің Гагарин көшесінен айналма жолға дейінгі аралығы және көпірге дейінгі қалған бөлігі жөнделеді. Ал Қабанбай батыр көшесі былтыр жөнделген.

— Осылайша, жүйелі қарастыру арқылы қаланың үш негізгі көшесін кезең-кезеңімен бірыңғай сәулеттік келбетке келтіреміз. Бұл жол инфрақұрылымы мен тұрғын үй қорын жақсартып қана қоймай, Талдықорғанның орталық бөлігінің сыртқы келбетін кешенді түрде жаңартуға мүмкіндік береді, — деді Б. Исабаев.

Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы қала әкіміне қаланың сәулеттік келбетін кешенді түрде жаңарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Жоспарланған шараларды жүзеге асыру орталық көшелерге бірыңғай заманауи келбет беріп, қалалық ортаның сапасын жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға оң ықпалын тигізбек.