«Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балеті сахналанды

«Астана Опера» театрының сахнасында «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балеті ұсынылды. Жаңартылған нұсқамен немістің қоюшы хореографы Раймондо Ребек жұмыс істеді. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдин.

— Бұл балет сахналанбаған белгілі бір мерзім ішінде әлемде, менің жеке басымда және әрбір адамның өмірінде жақсы-жаман қаншама жайт орын алды. Көрермендер қойылымды жаңа қырынан тамашалады деп ойлаймын. Тіпті солистер де өзгерген, өйткені олардың оқиға желісін ой елегінен өткізуге, осы хикая туралы ойлануға уақыты болды. Мен олардың өз рөлдерін жаңаша баяндап, кейіпкерлеріне басқаша қарайтындарын байқадым. Труппа керемет дайындалған, бұл тұрғыда ұжымның ұстаз-балетмейстерлері жақсы еңбектенгені сезіледі. Спектакльдің құрамы жаңарғанына, онда кейіпкерлеріне жаңаша көзқараспен қарайтын жаңа әртістердің пайда болғанына ризамын. Олардың жүрістері басқаша, түсіндірулері мен үшін жаңа. Мәселен, Мәдина Өнербаева тамаша жаңа Махаббат деп айтар едім. Сызықтарды әдемі келтіретін София Әділханова кейіпкерімен жақсы жұмыс істеген. Сырқатты сомдайтын Сұлтанбек Ғұмар, Бетховеннің бейнесіндегі Арман Уразов өз партияларына жаңа бояу қосқан. Олардың барлығы керемет, қазір труппада кемеліне келген әртістер мен жастардың теңгерімі бар, — деді қоюшы хореограф Раймондо Ребек.

Ғажайып туындыға шебер хореография, музыкалық әсемдік пен ұлы Людвиг ван Бетховеннің өмірі туралы жан тебірентерлік хикая біріктірілген. Музыкалық әсемдік жайлы айтқанда симфониялық оркестрдің, опера труппасының солистері мен хордың еңбегін атап өтуіміз қажет. Неміс балетмейстері көрерменге терең мағынаға толы бірегей спектакльді ұсына отырып, биде эмоционалдық алуандылықты, трагизм мен композитордың ішкі әлемін көрсеткен.

Жапон суретшісі Йоко Сеяма дарындылықпен безендірген сахна кеңістігі Бетховеннің өмір тарихын көрсету мүмкіндігіне айналды. Композитордың бала күніндегі шығармашылық жетістіктері мен қуаныштарынан бастап, қаза мен дертке байланысты өміріндегі қиын кезеңдерге дейін, оның музыкасы мәңгі екенін көрсететін қорытынды акті – барлығы сценографияда көрініс тапқан.

Бетховеннің, сондай-ақ Бах, Гайдн, Моцарт пен заманауи композитор Дирк Хаубрихтің туындыларына негізделген музыкалық таңдау өте үйлесімді болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Долорес Үмбетәлиева орындаған әдемі соло көңіл пернесін қозғады. Ол И.С.Бахтың «Прелюдие до-минор» шығармасын, Л. ван Бетховеннің Оркестр мен фортепианоға арналған №4 концертін (екінші бөлім), «Элизаға» шығармасын, №14 Ай сонатасын (бірінші бөлім), Оркестр мен фортепианоға арналған №5 концертін (екінші бөлім) шебер орындап берді.

— Біз спектакльге бір ай бұрын дайындала бастадық. Раймондо Ребек келгеннен кейін бидің тазалығын тексеріп, кейбір өзгертулер енгізді. Дегенмен жаңартылған нұсқа түпнұсқадан еш ерекшеленбейді. Өз партиям туралы айтатын болсам, әйгілі композитор Бетховеннің рөлін сомдау – мен үшін үлкен абырой. Балеттің қойылымына дайындық барысында мен түрлі дереккөзден Бетховеннің өмірбаянын біраз зерттеген болатынмын. Өзім жартылай музыкантқа айналып, образға еніп, көпшілікке композитордың кемеңгер шығармалары туралы айтып бере алдым деп ойлаймын. Мен бұл спектакльде Бетховеннің музыка әлеміндегі майталмандардың ішіндегі ғарышқа ең жақыны екенін жеткізуге тырыстым. Бетховен жан дүниесі кең, шығармашылық мұрасы бай адам болған, алайда ол дертке шалдыққандықтан тағдыры қиын болды, – деді спектакльден кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан. – Менің ойымша, Бетховен секілді әйгілі тұлғаларды сахнада ойнау оңай емес, ол – ең күрделі кейіпкерлердің бірі. Бетховеннің қандай адам болғанын, оның шығармашылығын дүние жүзі біледі, сондықтан оның бейнесін сахнаға шығарған кезде мұқият болу қажет, кейіпкердің мимикасы мен мінез-құлқын дұрыс жеткізе білу маңызды, – деп қорытындылады Б.Адамжан.

Әртістер партияларды жоғары деңгейде орындап, өз шеберліктерімен және мәнерліліктерімен көпшілікке үлкен әсер қалдырды. Солистердің өнер көрсетуінің ерекше тұсы – олардың балетке екпін мен ырғақ қосқан шебер актерлік ойындары болды. Сонымен, Бетховенді Бақтияр Адамжан мен Арман Уразов таныстырды. Мәңгі өшпейтін махаббатты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева мен Мәдина Өнербаева сомдады. Эвтерпа – Әсел Шайкенова, Cофия Әділханова. Сырқат – Серік Нақыспеков, Сұлтанбек Ғұмар. В.А.Моцарт – Айбар Тоқтар, Ғалымжан Нұрмұхамет. Й.Гайдн – Ислам Қайыпбай, Данияр Жұматаев. Граф – Жәнібек Ахмедиев, Диас Құрманғазы. Графиня – Мөлдір Шәкімова, Мадока Яно. Әкесі – Сұңғат Қыдырбай, Қуат Кәрібаев. Анасы – Алина Халимолла және Гүлнұр Қайсарова. Солистер бидің тілі арқылы таңдамалы па-де-де-ден бастап жігерлі ансамбльдік нөмірлерге дейін хореографияның барлық нюанстарын жеткізе білді. Труппаның ерекше харизмасы мен орындау шеберлігі композитор өмірінің әр сәтінің маңыздылығын атап көрсетті.

«Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балеті композитордың өмірі туралы баяндап қана қоймай, көрерменге өнердің ешқашан өлмейтіні, музыканың мәңгілік екені, оның ғасырдан ғасырға әуелей беретіні жайлы ой тастады. Осынау хореографиялық көрініс шығармашыл жанның жиынтық бейнесін көруге, ұлы композитордың әлеміне енуге және оның кемеңгер музыкасының қуатын сезінуге мүмкіндік берді.