Би арқылы жүзеге асқан ер рухы

«Астана Опера» Отан қорғаушы күнін біртуар композитор Арам Хачатурянның «Спартак» жауынгерлік балетінің көрсетілімдерімен атап өтеді. 6-7 мамырда Үлкен зал сахнасында ХХ ғасырдың аңызға айналған хореографы Юрий Григоровичтің азаттық үшін күрес, ар-намыс пен адам рухының сарқылмас қуаты жайлы мәңгілік балеттік туындысы ұсынылады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына ежелгі Римдегі гладиаторлардың қайғылы көтеріліс хикаясы баяндалады. Мұнда екі маңызды тұлға – мейірбан Спартак пен қатыгез Рим қолбасшысы Красстың қарама-қайшы көзқарастарының ымырасыз қақтығысы орын алады. Ерлер кордебалетін толық құқылы басты кейіпкер дәрежесіне көтеруі қойылымның бірегейлігін айшықтайды. Танымал театр суретшісі Симон Вирсаладзе тұжырымдамалық тұрғыда рәсімдеген Юрий Григоровичтің нұсқасы лайықты түрде классикалық ерлер биінің шыңы саналады. «Астана Операда» 2014 жылы өткен премьера труппаның әлемдік репертуардың күрделі тапсырмаларын орындауға дайын екенін растады. Алматыдағы, сондай-ақ Генуя, Рим (Италия) мен Люблянадағы (Словения) гастрольдер кезінде елордалық труппа орындаған спектакльдің көрермендердің ыстық ықыласын иеленуі – жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі. Шайқас кезінде ғана емес, өз армандарының алдында адалдық танытуда да көрінетін ерлік туралы драмалық хикая Отан қорғаушы күнінде көрермендерге елордалық әртістердің лайықты шығармашылық тартуы болмақ.
Әлемдік сахнаның кез келген премьері үшін балеттің осы нұсқасындағы Спартактың партиясы кәсіби беделдің жоғары белгісі болып табылады. Мұнда әрбір секіру мен қимыл-қозғалыс өз-өзіне деген адалдығын соңына дейін сақтаған кейіпкердің бойындағы қаһар мен қасіретті, батылдықты паш етуге бағытталған. «Астана Операның» жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжанның шығармашылық қалыптасу жолы дәл осы спектакльмен тығыз байланысты екенін айта кетуіміз керек. Осы рөл арқылы ол жас әртістен бастап, заманауи сахнадағы Спартак партиясының ең жарқын орындаушыларының біріне дейінгі жолды жүріп өтті.
– Менің жетекші солист ретіндегі маңызды мансап жолым дәл осы спектакльден бастау алды. Бұл менің әлі кордебалет әртісі болып жүрген кезім еді, бірақ сонда да маған осындай күрделі партия сеніп тапсырылды. Бұл мен үшін үлкен сын болды: егер осы биікті бағындыра алсам, кәсіби өсуіме үлкен серпін беретінін жақсы түсіндім. «Спартакпен» жұмыс істеу нәтижесінде маңызды рухани-этикалық әрі тәрбиелік тағылым алдым, ол менің дүниетанымымның толықтай қайта өзгеруіне ықпал етті. Бұл спектакльде өз-өзіңді жеңуге, ішкі қарсылықты басып, алға ұмтылуға тура келетін сәттер өте көп. Бірақ өз-өзіңмен күресу әрі қиындықтарды еңсеру кезінде парасаттылық қалыптасады. «Спартактан» кейін басқа қойылымдарды қабылдау әлдеқайда жеңіл, – деп пікірімен бөлісті Бақтияр Адамжан.
Гладиаторлар басшысының рөлі жетекші солистің жеке темпераментіне сай келеді: оның ішкі энергиясы, мінезіндегі қайсарлық пен табиғи харизмасы осы бейнемен үндеседі. – Бұл кейіпкер маған әрдайым жақын болды. Мен ешқашан өзіме жауапкершілік алуға қорыққан емеспін, көшбасшылық қасиеттерімді училищеде оқып жүрген кезімде-ақ байқатқан едім. Әлбетте, өз пайымдауыма белгілі бір ерекшелік үстеймін, дегенмен Спартактың өр рухы менің ішкі әлеміммен толық үндеседі. Негізінен, біздің қазақ халқы ежелден еркіндікті бәрінен биік қоятын жауынгер халық қой. «Қазақ» деген сөздің өзі «ерікті» дегенді білдіреді. Осынау еркінсүйгіштік қасиет біздің қанымызда бар, ендігі жерде соны сахнада көрсету міндеті тұр, – деп пікірін қосты Бақтияр Адамжан. – Жылдар өте келе, мен партияны тереңірек сезіне бастадым, оның жаңа қырларын таптым. Барлық іс-әрекет бойы бейнесі тұрақты болып қала беретін басқа классикалық балеттің көптеген кейіпкеріне қарағанда Спартак терең ішкі түрленуді талап етеді. Біз адамның құл болған кезінен бастап, көтеріліс басшысына айналғанға және оның қайтыс болғанға дейінгі жолын көрсетеміз. Әрбір акт түрлі психофизикалық күйді паш етеді: көзқарастан бастап, қимыл-қозғалысқа дейін бәрі өзгереді. Спектакльдің соңына қарай бұл іс-әрекеттер ширыға түсіп, шегіне жетеді. Мұндай ауқымды дүниені тиісті деңгейдегі физикалық дайындықсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл жерде жұмысқа спортшы секілді қарау керек: егер сен мұндай жүктемелерге физикалық тұрғыда дайын болмасаң, сахнада «жан сақтау» үшін ғана күресесің, ол кезде көркем бейне жасау туралы сөз мүлде қозғалмайды.
Бақтияр Адамжан «Астана Операда» Красс, Эгина мен Фригия партияларын орындаушылардың жарқын құрамдары қалыптасқанын атап өтті. Қазақстандық көрермендер осынау балетті шынымен жақсы көреді: қойылымның әрдайым қалың көрермен жинауы көпшіліктің оған деген айнымас ықыласын білдіреді. – Біздің труппамыздың жолы болды, өйткені «Спартак» ұжымның қалыптасуының алғашқы кезеңінде репертуарға енді және осы спектакль арқылы әртістердің тұтас буыны өсіп-жетілді. Әртістеріміз бұл балетті керемет билейді, оны жан дүниесімен сезініп, одан ләззат алады, – деп атап өтті Б.Адамжан.
Мереке күндері басты кейіпкерлердің бейнелерін «Астана Операның» жетекші солистері таныстырады. Спартактың басты партиясында Бақтияр Адамжан мен Серік Нақыспеков өнер көрсетеді. Оның адал өмірлік серігі Фригияның қайғылы рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева мен Шұғыла Әдепхан орындайды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева зұлым әрі өктем Эгинаның бейнесін жүзеге асырады, ал римдік диктатор Красстың партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Уразов сахнаға шығады. Бұдан бөлек, Эгина мен Красстың партияларын София Әділханова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев дайындауда. Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова. «Астана Опера» театрының балеті, оркестрі, мимансы мен әйелдер хоры дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың басқаруымен өнер көрсетеді.
Әлемдік балет жұлдызы Бақтияр Адамжан «Спартактағы» жауынгерлердің бейнелері біздің ұлттық мінезімізбен сәйкес келетініне назар аударды. – Спектакль әртістерді өзінің ғаламат энергетикасымен баурап алады: мұндағы музыка мен хореографияның қуаты күшті болғаны сонша, ол легионер немесе құл-гладиатор болсын кез келген кейіпкерге беріледі. Осы сәтте әрбір азаматтың бойындағы бала күніндегі батырлыққа деген құштарлық сезімі қайта түлейді. Мұнда сол балалық сезім қатаң хореография шеңберінде саналы түрде көрініс тапқанымен, оның ішкі мәні сол қалпында қалады. Біздің бойымызда құралайды көзге атқан және аттың құлағында ойнаған көшпендінің, жауынгер мен шабандоздың рухы бар. Ұлан-байтақ жер бізге оңайлықпен келген жоқ, сондықтан бұл қайсарлық тегімізде бар. Қазақстан жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр, оның халқы осынау жауынгерлік рухты биік ұстап келе жатқанда (ол балет өнерінде де көрініс тапқан) еліміз азат әрі тәуелсіз болып қала бермек, – деп санайды жетекші солист. – «Астана Опера» балет труппасындағы әріптестерім – жігері мықты жандар: біздің жүктемелерімізді кәсіби спортпен салыстыруға болады, кей жерлерде тіпті одан асып түседі. Ауырсыну мен шаршауды үнемі жеңе отырып, келесі күні де өзіңді залға оралуға мәжбүрлеуің керек.
Театр премьері қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады. – 7 мамыр – еліміз үшін айтулы күн. Мен Отанды қолға қару алмай-ақ қорғауға болатынына сенімдімін. Біз мұны өнер арқылы, мәдениетті дамыту және ағарту ісі арқылы жасаймыз. Жетекші шетелдік сахналарда өнер көрсету арқылы әлемді Қазақстанның мәдениетімен таныстырамыз және мемлекеттік туымызды мақтанышпен көтереміз. Ең алдымен, театрда ортақ мүдде жолында еңбек етіп келе жатқан әріптестерімді, яғни әртістерден бастап, әкімшілікке, техникалық қызметтерге және еден тазалаушыларға дейін барлық жанды құттықтағым келеді. Сондай-ақ барша халқыма да мереке құтты болсын деймін. Бүгінде түрлі дүрбелең оқиғалар көптеп орын алып жатқан алмағайып әлемде біртұтас болу – біз үшін ерекше маңызды. Біз бір-бірімізді түсініп, қабылдауымыз керек. Өз құқықтарымыз бен мүдделерімізді жұдырықтай жұмылып қорғауға дайын болып, бүкіл әлемге үлгі боларлық іргелі мемлекет ретінде алға жылжуымыз қажет. Отан қорғаушы күні – ерлердің ғана мерекесі емес. Оны біртуар әйелдердің көбі, елге деген адалдығын өздерінің істерімен дәлелдеп жүрген жандардың барлығы атап өтеді. Бұл күн – бәрімізге ортақ, сондықтан осынау мерекеде барлығына бақ-береке мен бейбіт өмір тілеймін, – деп қорытындылады Бақтияр Адамжан.




