«Бір белдеу, бір жол» форумында ERG қытайлық ENFI компаниясымен келісімге қол қойды

Штаб-пәтері Люксембургте орналасқан жетекші әртараптандырылған табиғи ресурстар тобы Eurasian Resources Group (ERG) Қытайдағы технологиялық көшбасшылардың бірі China Minmetals Corporation еншілес ұйымы ENFI Engineering Corporation (ENFI) компаниясымен келісімге отырды. Бұл келісім ERG негізгі жобаларының бірі болып табылатын КДР-дегі COMIDE кәсіпорнын дамытуға бағытталған. Жақында Луалаба провинциясында жоба бойынша жұмыстың басталуына арналған салтанатты шара өтті. ERG мен ENFI арасындағы келісім 18 қазанда Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі ІІІ жоғары деңгейдегі форумы аясында жасалды.

Осы келісімнің жасалуы ERG-дің COMIDE дамуын жалғастыру және КДР аумағында басқа да ауқымды жобаларды жүзеге асыру ниетін растайды. ERG бұл елде ұзақ уақыт жұмыс істейді және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын кеңейтуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға белсенді түрде инвестициялауды жалғастыруда.

Бенедикт Соботка, ERG Бас атқарушы директоры: «Біз China Minmetals Corporation құрамына кіретін ENFI компаниясымен келісімге отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл КДР-де ERG-ге тиесілі COMIDE кәсіпорнының белсенді дамуына ықпал етеді. Біздің көптеген бұрыннан келе жатқан және сенімді серіктестеріміздің Африкада тағы бір ірі кобальт пен мыс өндірісін салуға көмектескені қуантады. ERG өз кәсіпорындарына инвестиция салу және өзі жұмыс істейтін аймақтардағы жергілікті қауымдастықтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу үшін бүкіл әлемдегі мүдделі тараптармен тығыз жұмыс істеуді жалғастырады».

ERG КДР-дің негізгі серіктестерінің бірі болып табылады: компанияның осы елге салған инвестициясы 9 миллиард АҚШ долларынан асады, ал төленген салықтар, дивидендтер мен роялти сомасы 1,6 миллиард АҚШ долларынан асады. Сонымен қатар, ERG елімізде 10 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, компания кәсіпорындарының маңында тұратын жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. ERG келесі екі жыл ішінде КДР-ге тағы 2 миллиард АҚШ долларын инвестициялауға ниетті.

COMIDE компанияның шикізат базасын және оның өндірістік қуатын дамыту мүмкіндіктерін анықтаған және кешенді техникалық зерттеулер арқылы расталған мыс пен кобальттың әлемдегі ең ірі барланған қорларына ие. Бұл қорлар әлі игерілген жоқ. Осыған орай ERG үш кезеңді қамтитын заманауи гидрометаллургиялық зауыттың құрылысын бастады. Құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Зауыттың алғашқы екі кезегіндегі өндіріс көлемі жылына 40 мың тонна катодты мыс пен 7 мың тонна кобальт гидроксиді деңгейінде болжануда.

Үшінші кезең іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемі жылына 80 мың тонна катодты мыс пен 14 мың тонна кобальт гидроксидін құрайды деп күтілуде, бұл ретте COMIDE өндірістік қуатын одан әрі жылына 120 мың тонна катодты мысқа дейін кеңейту мүмкіндігі бар.

COMIDE жобасы зауыт құрылысын, геологиялық барлау мен бұрғылаудың ауқымды бағдарламасын, сондай-ақ кен орнын игеруді көздейді. Оны жүзеге асыру КДР-дің 2 мыңға жуық азаматын тікелей және жанама жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, ал жұмысқа қабылдау негізінен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарының арасынан жүзеге асырылатын болады.

2023 жылдың тамызында COMIDE сонымен қатар 16 елді мекеннің орнықты даму міндеттерін шешуге бағытталған компанияның бастамаларын қамтитын Қоғамдастықты дамыту жоспарын (Міндеттемелер тізілімі — Cahier des Charges) әзірлеу туралы келісімге қол қойды.