«Бітім» фильмінің локализацияланған постері мен трейлері жарияланды

«Бітім» тарихи драмасы — Қазақстан мен Испанияның бірлескен жобасы. Испания тарапынан жобаны Netflix пен Amazon-мен көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Plano a Plano студиясы жүзеге асырады. Копродакшн жөніндегі келіссөздер бірнеше жыл бойы жүргізіліп, жобаға қазақстандық Amanat Capital және UMAI FILM компаниялары қосылған кезде фильм нақты серпін алды.
Ел – Испания, Қазақстан
Жанр – драма
Жыл – 2025
Жас шектеуі – 18+
Режиссер – Мигель Анхель Вивас («Бумажный дом», «Похищенные», «Вымирание»)
Сценарий авторлары – Испания: Фран Карбаллал, Игнаси Рубио, Мигель Анхель Вивас. Қазақстан: Олжас Жанайдаров
Бас продюсер – Аманат Қонақбаев, бас продюсер – Ерлан Бекқожин, продюсерлер – Дәурен Байғалиев пен Жарасхан Кульпиенов, атқарушы продюсерлер – Алия Далабаева мен Даир Каракеев
Басты рөлдерде — Арон Пипер («Элита», «Бумажный дом»), Мигель Эрран («Элита», «Немая тишина», «Ангел Мести»), Сергей Уфимцев («Мұстафа Шоқай», « Научи меня жить»), Дина Тасбулатова («Алтын Орда», «А.Л.Ж.И.Р», «Бизнесмены»), Алтынай Нөгербек («Анаға апарар жол», «Чёрный ящик») және Фараби Ақкөзов («Суперхоэ», «Артисты»).
Фильм оқиғасы 1937–1945 жылдары Қазақстанда, әлемнің түкпір-түкпірінен келген тұтқындар ұсталған КарЛАГ-та өрбиді. Дәл осы жерге испан республикашысы Тельмо Рейес (30 жаста) пен КСРО-ға қарсы соғысқан Испанияның Көк дивизиясының солдаты Сальгадо (28 жаста) түседі. Бөтен жерде бітіспес жаулар жолығады.
Лагерьге түскен соң, олар жергілікті өмірге бейімделуге тырысады. Фильмнің тағы бір кейіпкері – қазақ филологы, мұғалім Ораз Сәкенов (45 жаста), қазақ зиялыларының өкілі. Бұл – өткен дәуірдің қазақстандық патриоттарынан жинақталған бейне. Кітапқұмар, білімді Ораз тұтқындарға ақыл-кеңес беріп, олардың өмірін жеңілдетудің жолдарын іздейді. Лагерьде Сальгадо қазақ қызы Айсұлумен (26 жаста) танысады. Араларында романтикалы сезімдер пайда болады, алайда Айсұлуға отансүйгіштік борышы мен жүрек қалауынан таңдау жасау оңайға соқпайды. Қазақ халқының мейірімі мен төзімділігі арқасында миллиондаған адамдар Қазақстанды екінші Отаны деп таныды. Бұл фильм өткеннің азабын жеңілдеткен халықтар достығы туралы және оны бүгінгі күні сақтап қалудың маңызын баяндайды.
«Біз үшін бұл оқиғаның әлемге Қазақстанды тек өткеннің қайғылы беттері бар ел ретінде ғана емес, сонымен бірге қашан да қонақжайлық пен адамға құрмет дәстүрі сақталған жер ретінде көрсететіні маңызды. Бұл фильм әрбір көрерменге арналады: біз оның ой салып қана қоймай, ең бастысы — бәрі жоғалғандай көрінген жерде де диалог пен келісім мүмкін екеніне сендіргенін қалаймыз», — деп атап өтті бейненің бас продюсері Ерлан Бекқожин.
Бас продюсер Аманат Қонақбаев: «Бүгін біз сіздермен “Бітім” фильмінің алғашқы постері мен трейлерін бөлісеміз. Біздің командамыз үшін бұл маңызды сәт — бірнеше жыл бойы еңбектенген жобамыз ақыры көрерменге жол тартады. Трейлерден-ақ осы тарихтың атмосферасын сезініп, оны үлкен экранда толықтай көргіңіз келетініне үміттенемін»


