Болашақ заңгерлерді дайындауда сапалы білімнің маңызы

Қазіргі қоғамда құқық саласының маңызы ерекше. Заң үстемдігі қалыптасқан мемлекетте әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы қорғалып, қоғамда әділдік пен тәртіп орнығады. Сондықтан құқық саласында білім алатын жас мамандарды сапалы даярлау – жоғары оқу орындарының басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті сапалы білім беруді басты мақсат етіп, білікті заңгер мамандарды даярлауға айрықша көңіл бөліп келеді. Заң факультеті еліміздегі құқықтық білім беру саласының жетекші орталықтарының бірі. Мұнда студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, құқық саласының практикалық қырларын да терең меңгереді. Факультетте оқу үдерісі заманауи талаптарға сай ұйымдастырылып, халықаралық тәжірибеге негізделген білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл болашақ заңгерлердің кәсіби деңгейін арттырып, олардың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.
Сапалы білім беру-тек дәріс оқуымен шектелмейді. Заң факультетінде студенттердің құқықтық ойлау қабілетін дамытуға, талдау жасау дағдыларын қалыптастыруға және нақты жағдайларда шешім қабылдай білуіне ерекше мән беріледі. Осы мақсатта түрлі семинарлар, ғылыми конференциялар, пікірталастар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, студенттер өз білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алады. Аталған шаралар студенттердің кәсіби көзқарасын қалыптастырып, құқық саласына деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар факультетте студенттердің тәжірибелік білімін жетілдіру үшін заң клиникасының жұмысы белсенді жүргізіледі. Заң клиникасы-студенттерге нақты құқықтық мәселелермен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Осы жерде болашақ заңгерлер тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен азаматтарға құқықтық кеңес беріп, заң көмегін көрсету арқылы кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Бұл тәжірибе студенттердің теориялық білімін іс жүзінде қолдануына жол ашып, олардың жауапкершілік сезімін арттырады. Қазіргі кезеңде білім беру жүйесінде цифрландырудың рөлі де артып келеді. Осыған байланысты Заң факультетінде білім беру үдерісіне заманауи технологиялар енгізіліп, студенттердің ақпараттық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылуда. Онлайн платформалар, электронды кітапханалар, құқықтық деректер базасы сияқты цифрлық ресурстар білім алушылардың білімін тереңдетуге мүмкіндік береді. Факультет оқытушыларының ғылыми әлеуеті де білім сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады. Заң факультетінде тәжірибелі профессор-оқытушылар қызмет атқарып, студенттерге сапалы білім мен кәсіби бағыт-бағдар береді. Олардың ғылыми зерттеулері мен тәжірибелік жұмыстары оқу процесімен ұштасып, білім алушылардың ғылыми қызығушылығын дамытуға ықпал етеді. Студенттер ғылыми жобаларға қатысып, ғылыми мақалалар жазып, құқық саласындағы өзекті мәселелерді зерттеу арқылы өз білімдерін тереңдетеді.
Білім беру сапасын арттыру мақсатында факультет түрлі мемлекеттік органдармен және құқық қорғау құрылымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Практика барысында студенттер сот, прокуратура, әділет органдары және басқа да құқықтық мекемелердің жұмысымен танысып, өз мамандығының ерекшеліктерін терең түсінеді. Дәл осындай тәжірибе олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және болашақ маман ретінде қалыптасуына зор ықпал етеді. Заң факультетінің басты мақсаты қоғамға адал қызмет ететін, заңды құрметтейтін және әділдік принциптерін ұстанатын кәсіби мамандарды даярлау. Сапалы білім беру арқылы студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, олардың жауапты азамат ретінде қалыптасуына жағдай жасау факультет жұмысының негізгі бағыты болып табылады. Себебі, болашақ заңгерлердің кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеті қоғамдағы құқықтық тәртіптің нығаюына тікелей әсер етеді. Заң факультетінде сапалы білім беру – басты мақсаттардың бірі. Заманауи білім беру бағдарламалары, тәжірибелік оқыту, ғылыми зерттеулер мен цифрлық технологияларды енгізу арқылы факультет болашақ заңгерлердің кәсіби деңгейін арттыруға үлкен үлес қосып келеді. Мұндай кешенді жұмыс нәтижесінде Заң факультетінің түлектері қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етуге және елдің құқықтық жүйесін дамытуға лайықты үлес қосатын білікті мамандар болып қалыптасады.
С.Ж. СУЛЕЙМЕНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Заң факультеті азаматтық құқық,
азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы
кафедрасының оқытушысы,
заң ғылымдарының докторы, профессор



