Боз кілемдегі болашақ чемпиондар

Астанадағы Beeline Arena кешеніне жиналған спортсүйер қауым қазақ күресінің тарихында алтын әріппен жазылатын айтулы оқиғаның куәсі болды. Елорда төрінде тұңғыш рет ұйымдастырылған балалар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты – ұлттық спорттың жаңа дәуірге бет бұрғанының айқын дәлелі.
Бұл күндері боз кілемнің жанына елдің түкпір-түкпірінен келген 300-ге жуық жас балуан жиналған болатын. Жүрегінде жеңіске деген жігер, ел намысын қорғауға деген ұмтылыс, ұлттық рухқа деген сүйіспеншілік бар жас өрендер 12 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде белдесіп, нағыз ерік-жігер мен табандылықтың үлгісін көрсете білді.
Қазақстан чемпионатының басты мақсаты – Мемлекет басшысының ұлттық спорт түрлерін дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, қазақ күресін кеңінен насихаттап, болашақ чемпиондарды ерте жастан тәрбиелеу, ұлттық құраманың әлеуетті резервін қалыптастыру.
Чемпионаттың ашылу салтанаты ерекше сән-салтанатпен өтті. Доданы алғы сөзбен ашқан Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов:
«Мемлекет басшысы ұлттық спортты – ұлттың рухын көтеретін басты бағыттардың бірі ретінде атап өткен болатын. Осы жолда қазақ күресін дамыту – біздің ортақ парызымыз. Бұл чемпионат – сол тапсырманың нақты орындалуының жарқын дәлелі. Қазақ күресі – тәрбие мектебі, жігіттік болмысты қалыптастыратын рухани негіз. Еліміздің барлық өңірлерінен келген жас балуандардың жарысқа қатысуы – болашаққа сенім ұялатады», – дей келе жас балуандарға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Әсенғазыұлы Бекбосынов бұл жарыстың маңыздылығын тілге тиек етті.
«Бүгінгі чемпионат болашақ жас чемпиондардың алғашқы қадамы. Яғни, бүгінгі боз кілем – ұлттық құраманың ертеңгі негізін қалайтын алаңға айналып отырғаны сөзсіз. Біз жас балуандарды қолдауға, оларға кәсіби бағыт беруге міндеттіміз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазақ күресі жаңа деңгейге көтерілуде», – деді Дамир Әсенғазыұлы.
Екі күнге созылған чемпионаттың жеңімпаз-жүлдегерлеріне келер болсақ, нәтиже келесідей:
1-күн:
- 26 кг – Дәулеткерей Әліпбай (Маңғыстау обл.)
- 29 кг – Әмірлан Мұратов (БҚО)
- 32 кг – Ғалымжан Кахултан (Түркістан обл.)
- 35 кг – Аслан Таласбай (Қарағанды обл.)
- 38 кг – Санжар Теміров (Атырау обл.)
- 42 кг – Нұртас Данабек (Қызылорда обл.)
2-күн:
- 46 кг – Мансұр Мұратқан (СҚО)
- 50 кг – Есім Бекәділ (Түркістан обл.)
- 55 кг – Әрсен Уәлихан (Шымкент қ.)
- 60 кг – Дінмұхаммед Жарылқасын (Астана қ.)
- 65 кг – Темірлан Серік (Түркістан обл.)
- 65+ кг – Ербұлан Әбілқасым (Түркістан обл.)
Чемпионат барысында тек жекелей емес, командалық рух та биіктен көрінді. Әсіресе, Түркістан облысының құрамасы ерекше көзге түсіп, 4 алтын, 2 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды. Астана қаласының балуандары да үздік үштікке (1 алтын, 2 күміс, 5 қола) енсе, Қызылорда облысы үшінші орынға (1 алтын, 1 күміс, 3 қола) тұрақтады.
Чемпионаттың жабылу салтанатына Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов арнайы қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттағанын атап өткен жөн. Министр өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спорт түрлерін дамыту жөніндегі тапсырмасын атап өтіп, балалар арасындағы чемпионаттың сол тапсырманың нақты іске асуы екенін жеткізді.
«Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру аясында ел тарихында алғаш рет балалар арасында ел біріншілігі өткізілді. Бұл – тек жарыс емес, ұлттық құндылықты насихаттайтын, болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды алаң. Қазақ күресі – тек спорт емес, халқымыздың болмысы, рухының көрінісі. Бұл чемпионат дәстүрге айналып, өз ісіне адал, намысшыл жаңа буын спортшылардың жолын ашатынына сенемін», – деген Ербол Қуантайұлы жас спортшылардың белдесу барысындағы қайсарлығы мен қазақ күресіне деген шынайы сүйіспеншілігін ерекше атап өтті.
Марапаттау рәсімінен кейін министр жас балуандармен тілдесіп, ата-аналар және жанкүйерлермен кездесті. Ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – Қарағанды облысынан келген Жомарт ата мен Рымтай әженің немересі, 60 келі салмақта чемпион атанған Дінмұхаммед Жарылқасынның жеңісі болды. Министр бұл мысалды отбасылық қолдаудың және ұлттық тәрбиенің жарқын көрінісі ретінде бағалады.
Бұл чемпионат – тек жарыс емес, жаңа дәстүрдің бастауы. Боз кілемде белдескен әрбір жас палуан – қазақ күресінің ертеңгі жұлдызы. Ұлттық спорттың туын биікке көтеретін жаңа толқын қалыптасып келеді. Ендеше, бұл жеңістер – болашақ жеңістердің іргетасы.
Qazaq Kuresi Ассоциациясы
Фото авторы: Қайсар Қайсенов



