Будапештте өткен сараптамалық жиында Қазақстан мен Мажарстанның стратегиялық әріптестігі талқыланды

Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі Людовика Мемлекеттік қызмет университетінің Түркі зерттеулері орталығы және Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп «Байланыстылық және ынтымақтастық: Мажарстанның Түркі әлемімен стратегиялық өзара іс-қимылы» атты панельдік талқылау форматындағы дөңгелек үстел өткізді.
Жиынға ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің Будапешттегі елшілері, ТМҰ-ның Мажарстандағы Өкілдігі, сондай-ақ Мажарстанның Мәдениет және инновация министрлігі мен сараптамалық орталықтардың өкілдері қатысты.
Іс-шараны Людовика университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Пьер Паоло Пигоцци, Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы және Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы профессор Мұхиттин Шимшек ашты. Халықаралық істер жөніндегі бас директор Лилиана Шмех бейне үндеу жолдады.
Шара барысында екі университет арасында академиялық ынтымақтастық пен бірлескен ғылыми жобаларды кеңейтуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Бағдарлама екі панельдік сессияны қамтыды:
– «Байланыстылық және орнықтылық: Түркі әлемі мен Мажарстанның ортақ өңірлік контексті» – өңірлік байланыс және Мажарстанның Түркі мемлекеттерімен өзара іс-қимылы талқыланды.
– «Қазақстан мен Мажарстан: стратегиялық әріптестік арқылы орнықты болашаққа» – экономикалық ынтымақтастық, инновациялар, жасыл трансформация және ортақ даму басымдықтары қарастырылды.
Елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстанның Мажарстанмен екіжақты форматтағы және Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екенін атап өтті. Ол академиялық және сараптамалық диалогтың стратегиялық әріптестікті дамытудағы маңызын ерекше атап көрсетті.
Сондай-ақ Елші іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан серіктестерге алғыс білдіріп, білім, ғылым және дипломатия салаларындағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім артты.
Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі