Дәулет Шәкіров: «Мақсатымыз – виолончель музыкасын насихаттау»

21 қарашада «Астана Операның» Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында «CELLO драйв» концерті өтеді. Бұл кеште театрдың симфониялық оркестрі виолончельшілерінен құралған «Viva celli» ансамблі өзінің жаңа бағдарламасын ұсынады.

«Viva celli» ансамблінің жетекшісі әрі жоба авторы – «Астана Опера» оркестрі виолончельдер тобының концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Шәкіров бұл ұжымның К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы екінші концерті екенін, алғашқы концерт осыдан үш жыл бұрын зор жетістікпен ұсынылғанын атап өтті.

– Мұндай концерттердің мақсаты – бұл, әлбетте, аспапты насихаттау әрі оркестрдің виолончельдер тобының жоғары шеберлік деңгейін сақтау. Музыканттарға мұндай өнер көрсетулер қатты ұнайды. Егер оның алдындағы бағдарламада барлық нөмір виолончельге ғана арналған болса, бұл жолы біз виолончельдің үнін басқа аспаптармен, тіпті вокалдық нөмірлермен түрлендіруді ұйғардық. Өйткені керемет орындалған жағдайдың өзінде барлық концерт бойы бір ғана аспаптың үнін тыңдау оңай емес. Концертке қатысуға «Астана Опера» симфониялық оркестрінің ең жетекші музыканттарының бірі – контрабасшы Анатолий Якушкинді шақырдық, – деп әңгімеледі Дәулет Шәкіров.

Осы ретте алдағы концертте орындалатын туындылардың жартысынан көбін музыкалық аспаптарға ыңғайлаған Дәулет Шәкіров екенін айта кетуіміз керек.

– Бұл іспен отыз жылға жуық уақыт айналысып келемін. Квартет пен шағын ансамбльдерге арналған өңдеуден бастаған едім, одан кейін симфониялық және эстрадалық-симфониялық оркестрлерге арналған оркестрлік ыңғайлау жұмыстарына кірісіп кеттім, тіпті ішекті аспаптар оркестрі үшін де өңдеулер жаздым. Қазақстанның көптеген халық аспаптар оркестрі менің оркестрлік өңдеулерімді жиі ойнап жатады. Сондай-ақ «Viva celli» үшін нота материалын әдетте өзім жазамын. Әрине, концерт бағдарламасын біз алдын ала талқылаймыз, тіпті таласып қалатын кездеріміз де болады, бірақ соңында әрдайым ортақ келісімге келеміз, – деп пікірімен бөлісті ансамбль жетекшісі.

«CELLO драйв» концертінің бағдарламасы даму қағидаты бойынша құрылған. Кешті Дәулет Шәкіровтің орындауында П.Локателлидің Виолончель мен фортепианоға арналған көне виртуоздық сонатасы ашады. Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова орындайды.

Әрі қарай виолончельдер дуэті шырқалады, мұнда Курванжан және Дияржан Ахатовтар Ж.Б.Барьенің Екі виолончельге арналған сонатасын ұсынады. Одан кейін Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан ариямен виолончельдер квартеті өнер көрсетеді, ал Л.Боккеринидің Ішекті аспаптар квинтетінде оларға скрипкашылар Әнел Шәкірова мен Айя Ғаббасова, сондай-ақ альтшы Ахмет Сұлтанов қосылады.

Композитор Е.Брусиловскийдің 120 жылдық мерейтойына орай «Viva celli» виолончельшілер ансамблінің барлық мүшесінің «Қыз Жібек» операсының тақырыптарына фантазияны орындауы кештің айрықша оқиғасы болмақ.

Бұдан бөлек, осынау кеште ансамбльдің сүйемелдеуінде меццо-сопрано Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская К.Сен-Санстың «Самсон мен Далила» операсынан Далиланың ариясын, ал флейташы Алексей Косырев И.С.Бахтың №2 оркестрлік сюитасынан менуэт және скерцоны («Әзіл») таныстырады. Концерт барлық қатысушының орындауындағы Ж-Ф.Рамоның «Биязы Үндістан» опера-балетінен рондомен («Жабайылар биі») аяқталады.

Тағы бір қоса кететін жайт, жоғарыда аталған нөмірлердің ішінде П.Локателлидің сонатасынан басқа қалған барлық туынды мұндай құрамда Камералық залда алғаш рет орындалмақшы.

– Мұндай концерттерді жиі өткізгіміз келеді, алайда бұл оңай шаруа емес, өйткені «Viva celli» ансамблі қатысушыларының театр оркестріндегі өз жұмыстарынан, жеке шығармашылықтары мен ұстаздық қызметтерінен қолдары босамайды. Осынау концерт пен оның бағдарламасы көрермендерімізге ұнайды және күздің атмосферасымен жарасымды үйлесетін виолончельдің қоңыр үні тыңдармандарды керемет сезімге бөлейді деген сенімдеміз, – деп қорытындылады Дәулет Шәкіров.

Концерттің басталуы 19.00-де.