ЕҚДБ Қазақстанда жаңартылатын энергия және логистика инфрақұрылымын дамытуды қолдайды

- Компания ауыр көтеру, инженерлік көлік және монтаждау саласындағы қызметін кеңейтеді
- Жоба жаңартылатын энергия көздері мен логистикалық инфрақұрылымды дамытуға үлес қосады
Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстан мен Орталық Азияда жаңартылатын энергия және логистика секторларындағы өнеркәсіптік инфрақұрылымға өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға көмектеседі және Sarens Kazakhstan компаниясының қызметін қолдайды.
ЕҚДБ-ның көлемі 25 млн еуроға дейінгі (Қазақстан теңгесі баламасында) несиесі Sarens Group-тың еншілес компаниясы болып табылатын Sarens Kazakhstan-ға ауыр жүктерді көтеру, инженерлік тасымалдау және монтаждау операцияларына арналған интеграцияланған инженерлік шешімдер ұсынысын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қаражат ауыр жүк көтергіш крандарды, тіркемелер паркін және басқа да мамандандырылған көлік құралдарын сатып алуға, сондай-ақ компанияның айналым қаражатына қажеттіліктерін қаржыландыруға жұмсалады.
ЕҚДБ несиесі есебінен сатып алынатын жабдық кемінде 11,75 ГВт қосымша жел энергетикалық қуаттарын орнатуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл үкіметтің елдегі энергия өндіру көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін арттыру жоспарын жүзеге асыруға ықпал етеді.
Жоба сондай-ақ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланыстарының негізгі элементі болып табылатын Транскаспий дәлізіне қатысты логистикалық инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізеді.
Бұл ұзақ мерзімді несие қазіргі уақытта жергілікті коммерциялық банктер ұсынбайтын ұзақ өтеу мерзімін ұсынады. Ол ЕҚДБ-ның жасыл экономикаға көшуге және өз қызмет көрсететін өңірлерде тұрақты инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсету жөніндегі міндеттемесіне сәйкес келеді.
ЕҚДБ Қазақстанда 342 жобаға шамамен 10,3 млрд еуро инвестиция салды, қаражаттың басым бөлігі жеке кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.




