ЕҚДБ мен ЦентрКредит Банкі «Темірсервис Астана» ЖШС-іне A санатындағы қойма инфрақұрылымын салуға көмектеседі

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен ЦентрКредит Банкі (ЦКБ) Қазақстандағы жеке компаниялардың дамуы мен өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруда. Жаңа бірлескен жоба аясында банктер Астана қаласында орналасқан теміржол инфрақұрылымының жеке операторы – «Темірсервис Астана» ЖШС-нің бизнесін кеңейтуге қолдау көрсетті. Компания елорданың негізгі өнеркәсіптік нысандарын байланыстыратын ұзындығы 45 километрден астам теміржол кірме жолдарын пайдаланады.
Екі қаржы институты арасындағы тәуекелдерді бөлу туралы келісім шеңберінде ЕҚДБ ЦентрКредит Банкі «Темірсервис Астана» ЖШС-іне заманауи А санатындағы жалпы ауданы 11 000 шаршы метрді құрайтын қойма кешенін салуға берген 1,9 млрд теңгеге дейінгі (шамамен 3,2 млн еуро) несиенің тәуекелінің жартысын өз мойнына алады.
Бұл компанияға өңірде сапалы қойма алаңдарына деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Темірсервис Астана» ЖШС жүк ауыстырып тиеу көлемін арттырып, қолданыстағы теміржол инфрақұрылымын неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал етеді.
Жоба «Даму» қоры жүзеге асырып отырған және шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету мен жеңілдетілген қаржыландыруды көздейтін «Өрлеу» бағдарламасының қолдауымен іске асырылады.
Сондай-ақ «Темірсервис Астана» ЖШС ЕҚДБ-ның Small Business Impact Fund бағдарламасы есебінен қаржыландырылатын 142 000 АҚШ долларына дейінгі грант тарту мүмкіндігіне ие болады. Бұл қаражат компанияның ESG көрсеткіштерін жақсартуға, оның ішінде энергия тиімділігін арттыруға, персоналды дамытуға және есептілік ашықтығын күшейтуге бағытталады.
ЕҚДБ Қазақстанға 342 жоба аясында шамамен 10,3 млрд еуро инвестиция салды, олардың басым бөлігі жеке кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.



