Электр энергетикасын дамыту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен аппараттық жиын өтіп, онда электр энергетикасын дамыту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселе қаралды.

Отырысқа басқарма және салалық мекемелердің басшылары қатысты, облыстағы 12 ауданның әкімі бейнеконференция байланысы арқылы қосылды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың сөзінше, бүгінгі таңда Ақтөбе облысының тұтынатын қуаты орта есеппен 904 МВт құрайды, оның ішінде жергілікті энергия көздерінің генерациясы – 499 МВт, сыртқы энергия көздерінен 405 МВт мөлшеріндегі электр энергиясы алынады. Жүктеменің ұлғаю динамикасынан, сондай-ақ «KEGOC» АҚ болжамына сәйкес, Ақтөбе облысында 2028 жылға қарай электр энергиясының тұтыну мөлшері 1 270 МВт құрайды деп жоспарлануда.

Осы орайда, 2028 жылға қарай электр энергиясының теңгерімін қамтамасыз ету үшін облыста 2023 жылы Ақтөбе ЖЭО аумағында қуаты 57 МВт болатын Кәдеге жаратушы қазандығы бар газ турбиналық қондырғы салынды.

Жалпы, Ақтөбе облысында дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға инвесторлардың қызығушылығы зор. Болашақта қуаты 80 МВт болатын дәстүрлі энергия көздерін ERG еншілес компаниясы өндірмек. Ал 585 МВт жаңартылатын энергия көздерін алуға мүмкіндік беретін жобаларды италияндық ENI, Next Green Energy, Sungrow Kazakhstan Holdings, ERG Capital Projects сияқты компаниялар жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жел электр стансаларының салыну мерзімі — әртүрлі.

Өңір басшысы электр энергетикасын дамытуды көздейтін жұмыс жоспары сапалы әрі уақытылы орындалу керектігін еске салды. Сонымен қоса, күнбе-күн орын алатын жағдайларға да баса мән беру қажеттігін айтты.

«Бүгінгі таңда Ахуалдық орталыққа тұрғындардан электрмен жабдықтау мәселелері бойынша көптеген шағым келіп түседі. Жалпы 2023 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша электрмен жабдықтаудың жоқтығына қатысты 598 өтініш тіркелген. Соңғы бір аптада жарықтың сөнуіне қатысты шағымдар бар. Көп жағдайда ақаулар жүйелі түрде жойылған. Дегенмен, алдын алу шараларын үнемі жүргізіп, азаматтардың арыз-шағымын дереу қарап, шешу керек», — деді Асхат Шахаров.

Отырыста қаралған екінші мәселеге қатысты облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай толық мәлімет берді. Оның ақпаратына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасын тұрақтандыруға 2018-2023 жылдар аралығында 4,5 млрд.тг қаражат бөлініп, тұрақтандыру қоры қалыптастырылды. Қордың операторы — «Ақтөбе» ӘКК» АҚ.

Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 31,0 тонна қарақұмық жармасы, 300,0 тонна қант, 560,3 тонна   бірінші сұрыпты ұн және 68 тонна күріш өнімдері сақталуда. Сонымен қатар былтырғы жылдың сәуір айынан бастап әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында облыстың ірі нан зауыттарына 4604 тонна бірінші сұрыпты ұн бөлінді. Қазіргі уақытта 550 грамдық 1 бөлке нан 86 теңгеден сатылып жатыр.

Жалпы, әлеуметтік азық-түліктің бағасын тұрақтандыру мақсатында сауда желілері және дүкендермен 500-ден астам меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, «Анвар» және «СапаМаркет» желілерінде азық-түліктің баға үстемесін 5%, аудандардағы дүкендерге 10% асырмауға келісілді.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы бағаны негізсіз өсірген делдалдарды анықтау мақсатында арнайы комиссия құрған.  Былтыр жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша бірқатар бұзушылық фактісі анықталған. Сауда үстемесін асырған және тауардың бағасын көрсетпей сатқан 3 кәсіпкерге айыппұл салынып, қалғандарына ескерту берілген. Сонымен қатар, 10 кәсіпкер «өнімсіз делдал тізбегінен» алынып тасталды.

Асхат Шахаров салалық басқарма және мекеме басшыларына бағаны тұрақтандыруға құлықсыз кәсіпкерлермен күресті жалғастыруды, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасын бақылауды әлі де күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, жергілікті өнім үлесін арттыруға күш салу қажеттігін тілге тиек етті.