ERG компаниясы Қазақстан электролиз зауытында инвестиялық жобаны жүзеге асырды

Қазақстан электролиз зауытындағы анод күйдіру пеші күрделі жөнделіп, қайта іске қосылды. Бұл өндірісті жаңартып, техникалық тұрғыда қайта қаруландыруды көздеген инвеситициялық бағдарламаның жемісі. Жобаның жалпы құны – 15,6 миллиард теңге.

Алюминий өндірісі технологиясында алдын ала күйдірілген анодтың мәні айрықша. Анод өндірісіндегі ең ауқымды жабдық – анодты күйдіру пеші. 50 камерадан тұратын жабдықтың ұзындығы – 200, ал ені – 30 метрден асады. Пеш жобасын немістің «Riedhammer» компаниясының мамандары әзірлеп, өздері орнатып берген. Кейін оны шетелдік мамандардың бақылауымен қазақстандық «Строймонтаж» компаниясының өкілдері іске қосты.

Күрделі жөндеу жұмыстарына даярлық – өте жауапты әрі ұзақ уақытты талап ететін күрделі процесс. Ауқымды жұмыстың тиянақты кестесі жасалып, жөндеу жұмыстары басталмас бұрын қажетті жабдықтар, қосалқы бөлшектер мен материалдар түгел жеткізілген. Анод күйдіру пеші тамыз айында толық тоқтатылып, жөндеу жұмыстары жоспарлы уақыттан 2 апта бұрын аяқталды.

Жаңғырту барысында әлемдік анод өндірісі өнеркәсібіндегі қазіргі ең озық жетістіктер ескерілді. 14 мың тонна жалынға төзімді қаптама аршылып, Нидерланды, Үндістан мен Германияда өндірілген заманауи жоғары сапалы материалдарды қолдана отырып, қайта орнатылды. Одан бөлек, шығарынды газдарға арналған 4 коллектор алмастырылған. Соңғы буынның жаңа жабдықтарының сенімділігі жоғары әрі олар пеш жұмысын айтарлықтай жақсарта алады. Күрделі жөндеуден соң, анод күйдіру көлемі жылына – 138,4 мың тоннаға жетеді деп жоспарланған. Жаңғыртудың екінші кезеңі – жалын-жағу жабдықтарын алмастырған соң бұл көрсеткіш – 153 мың тонна жетеді деген үміт бар.

–  Бұл инвестициялық жоба тек кәсіпорынның өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өнеркәсіптің энергия тиімділігін арттыру, қоршаған ортаға экологиялық жүктемені төмендету сынды бірқатар кешенді міндеттерді шешуге бағытталған. Пешпен қатар біз газ тазарту жүйелерін де күрделі жөндеуден өткіздік. Алдағы 10 жылда олардың жұмыс тиімділігі – 99,5% болады, — деді ERG-дің Қазақстандағы Бас директоры Серік Шахажанов.

Қазақстан электролиз зауыты жаңа 16 электролизерді іске қосып, өндіріс қуатын ұлғайтуды көздеп отыр. Нәтижесінде бастапқы алюминий тотығының өндірісінің көлемін жылына 14 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік туады. Күйдіру пештерін күрделі жөндеу жұмыстары алдағы уақытты кәсіпорынды өз анодтарымен қамтамасыз етуге септігізін тигізеді.