Ерсайын Нағаспаев «Орталық Азия – Қытай» форматына қатысушы елдер құрылыс министрлерінің екінші кездесуіне қатысты

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» форматына қатысушы елдер құрылыс министрлерінің екінші кездесуіне қатысты.

Сондай-ақ кездесуге Қытай Халық Республикасы Тұрғын үй, қала және ауыл құрылысы министрі Ни Хун, Қырғыз Республикасы Құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Нұрдан Орунтаев, Түрікменстан Республикасы Құрылыс және сәулет министрі Абдулла Гелдиев, Өзбекстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Шерзод Хидоятов, Тәжікстан Республикасы Құрылыс және сәулет комитетінің төрағасы Низом Мирзозода қатысты.

Қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және құрылыс саласындағы өзара тиімді жобаларды іске асыру мәселелерін талқылап, «Орталық Азия – Қытай» форматы аясындағы өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екендіктерін растады. Саланы цифрландыру және технологиялық тұрғыда жаңғырту, орнықты қала құрылысы, құрылыс нормалары мен стандарттарын жетілдіру, кадрлар даярлау, сондай-ақ ғылыми-техникалық бағытта тәжірибе алмасу мәселелеріне баса назар аударылды.

Қазақстанның құрылыс саласы 2026 жылдың 10 айында 13,1%-ға өсті. Ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесі 73%-ға жетті. 2025 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 16%-ға артып, $22 млрд-ты құрады, ал инвестиция көлемі шамамен $8 млрд-қа жетті. Жобалау және құрылыс сапасын арттыру мақсатында Қазақстанда ғимараттарды ақпараттық модельдеу (BIM) технологиялары, құрылыс жобаларын басқарудың цифрлық платформалары және зияткерлік мониторинг жүйелері енгізілуде.

«Орталық Азия – Қытай» форматына қатысушы елдер құрылыс министрлерінің екінші кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме, сондай-ақ 2027-2028 жылдарға арналған құрылыс саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі