Есірткіге қарсы иммунитет – қоғамның рухани саулығының кепілі

Қазіргі заманның ең өткір әлеуметтік мәселелерінің бірі – есірткіге тәуелділік. Бұл дерт жеке адамның өмірін ғана емес, тұтас ұлттың болашағын, қоғамның рухани және моральдық денсаулығын күйрететін қауіпке айналып отыр.

Жасырын қауіп –  жаңа заманның сынағы.Бүгінгі таңда есірткінің түрі көбейіп, таралу тәсілдері де айлакерлене түсті. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы синтетикалық заттардың таралуы жиілеп, жастарды арбаудың жаңа тетігі пайда болды. Сарапшылардың айтуынша, алғаш рет есірткіге қызығушылық танытатындардың көбі – 14 пен 25 жас аралығындағы жасөспірімдер.

Бұл – отбасылық тәрбие, мектептегі рухани-ағартушылық жұмыс және бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен жауапкершілігін қажет ететін күрделі мәселе.

Алдын алу – ең тиімді қорғаныс. Есірткіге қарсы күрестің ең маңызды бағыты алдын алу шаралары екені анық. Тәуелділіктің салдарын жоюдан гөрі, оған жол бермеу әлдеқайда нәтижелі.
Мектеп пен жоғары оқу орындарында салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортқа, шығармашылыққа, еріктілікке баулу – тәуелділіктің алдын алудың ең тиімді жолы.

Психологтардың пікірінше, жастар бос уақытын пайдалы іспен өткізгенде ғана сыртқы ықпалдарға қарсы тұра алады. Ал қоғам тарапынан құрмет пен қолдау тапқан жас өз өміріне жауапкершілікпен қарай бастайды.

Қоғамның ойлау жүйесіне әсер ететін қуатты құралдарды қолдану маңызды. Сондықтан есірткі тақырыбын көтерудегі басты міндет – үрей туғызу емес, түсіністік пен білім арқылы қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру.

Әр түрлі іс-шаралар, аналитикалық мақалалар, өмірден алынған мысалдар, тәуелділіктен арылған адамдардың оқиғалары қоғамның көзқарасын өзгертеді. Журналистің миссиясы – айыптау емес, ой салу; үркіту емес, үміт беру.

Салауатты өмір салты – тек спорт пен дұрыс тамақтану емес, ол адамның рухани және әлеуметтік тұрақтылығының көрінісі.
Жастарды өмірдің мағынасын сезінуге, өзін-өзі дамытуға және жауапты шешім қабылдауға тәрбиелеу – тәуелділікке қарсы ең пәрменді әдіс.

Біздің қоғамға қажет нәрсе – өмірді таңдаудың құндылығын ұғындыру. Денсаулығына бейжай қарамайтын адам – ел болашағына бейжай қарамайтын азамат.

Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Отбасы, мектеп, БАҚ және қоғам белсенділері бірігіп әрекет еткенде ғана нәтиже болады.

Мақсат – қорқыту емес, қорғау.

Тек білім мен сенім арқылы ғана біз салауатты, рухани мықты қоғам құра аламыз.