Еуропалық одақ қаржыландыратын Shanyraq жобасы Қазақстандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерді және өзекті мәселелерді атап өтті

«Қазақстандағы қолжетімді тұрғын үй: зерттеу нәтижесі және сектораралық диалог» конференциясында Қазақстандағы тұрғын үй арқылы қолдау көрсету мәселесіне арналған сапалық зерттеудің нәтижеcі таныстырылды. Зерттеу Еуропалық одақ қаржыландыратын «Shanyraq: Қауымдастықтарды нығайтуға арналған серіктестіктер және баршаға қолжетімді тұрғын үйге құқық» жобасы аясында жүргізілді. Зерттеу нәтижелері тұрғын үймен қолдау алған жекелеген азаматтардың тұрғын үй тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында оң өзгерістер болғанын, сонымен қатар ақпараттандыру, тіркеу және тұрғын үйді күтіп-ұстау мәселелеріне байланысты бірқатар қиындықтардың сақталып отырғанын көрсетті.
Зерттеу 99 сұхбатқа, он қалада өткізілген 10 фокус-топқа, 83 мекенжай бойынша жүргізілген тексерулерге, сондай-ақ тиісті нормативтік құжаттарды талдауға негізделген. Қатысушылардың кейбірі мәжбүрлі түрде қоныс аудару жағдайларының азайғанын және тұрғын үйді жеке жалға берушілерге тәуелді болудың төмендегенін атап өтті. Басқа қатысушылар тұрғын үйге байланысты тұрақты шығындардың азайғанын, соның нәтижесінде тамақтануға, денсаулық сақтауға және білім алуға көбірек қаражат бөлу мүмкіндігі пайда болғанын жеткізді. Зерттеу нәтижесі қатысушылардың жеке тәжірибесін көрсетеді және тұрғын үймен қолдау алушылардың барлығын қамтитын статистикалық тұрғыдан репрезентатив деректер болып саналмайды.
Конференцияға Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «Отбасы банк» АҚ, құрылыс саласының және азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар тұрғын үймен қолдау алудың қол жетімді болуын жақсарту жолдарын және қолдау алушылардың мәселесін шешу жолдарын талқылады.
Хуана Мера Кабельо ханым, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің орынбасары: «Қолжетімді тұрғын үй – бұл адамның қадір-қасиеті, мүмкіндіктері және әлеуметтік интеграция мәселесі. Shanyraq жобасы аясында Еуропалық одақ адам құқықтарын қорғауға, сондай-ақ баршаға арналған инклюзивті әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал ететін, нақты деректерге негізделген диалог пен практикалық шараларды қолдайды».
Зерттеу нәтижесіне сүйене отырып, авторлар тұрғын үймен қолдау алу үдерісінің барлық кезеңін, яғни алғашқы кеңестен бастап жаңа тұрғын үйге көшкеннен кейінгі өмірге дейін қамтитын негізгі ұсынымдарды таныстырды. Келесі кезеңде бұл ұсынымдар мемлекеттік органдармен, құрылыс компанияларымен және сарапшылар қауымдастығымен талқыланады.



