Франция мен Қазақстанның танымал әртістері «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді

Сәуір елорда тұрғындары мен қонақтарын көктемгі жайма шуағымен ғана емес, сондай-ақ вокалдық және аспаптық жанрлардағы классикалық, джаз және дәстүрлі халықтық музыканың сан алуан кештерімен қуантады. Бұл айда «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында Франция мен Қазақстанның орындаушылық өнер жұлдыздары жарқын өнер көрсетеді.

Сәуірге арналған бағдарламаны «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілхановтың жаңа жобасы – «Музыкалық альянс» камералық кештер топтамасы ашады. 2 сәуірде И.С.Бах, В.А.Моцарт, А.Казадезюс, Й.Бенда мен басқа да композиторлардың туындылары театрдың Камералық оркестрінің, сондай-ақ скрипкашылар Бағдат Әбілханов, Әсем Жақпарова, Балнұр Құдайберген және альтшы Олеся Морозованың орындауында шырқалады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Асқар Дүйсенбаев концерттің қонағы болады. «Музыкалық альянс» топтамасының екінші концерті 25 сәуірде өтеді. Тыңдармандарға Е.Брусиловский, А.Жұбанов, М.Төлебаев, Ғ.Жұбанова, К.Күмісбеков, М.Сағатов, А.Тоқсанбаевтың шығармалары мен халық күйлерінің заманауи өңдеулері ұсынылады. Әділет Азбаев (қыл қобыз), Руслан Баймурзин (домбыра), Азиза Мұса (прима қобыз), Бағдат Әбілханов, Әнел Шәкірова, Шалқар Желдібай, Ирина Долгих, Нұрила Молдабаева, Айзере Әлпи (скрипкалар), Курванжан Ахатов (виолончель) секілді жарқын әртістердің интерпретациясында қазақ музыкасының жауһарлары шырқалады. Фортепиано партиясында – Бекзат Ахмеров, Зәру Жазықбаева.

— «Музыкалық альянс» жобасының басты мақсаты – бұл ұлттық және әлемдік классиканы насихаттау. Осындай жобаларды жасаудың нәтижесінде ұлы туындылар жаңаша естіліп қана қоймайды, сонымен қатар орындаушылық дәстүрлердің жоғары деңгейін сақтай отырып, жаңа аудиторияны тартуға, оларды жас ұрпаққа таныстыруға мүмкіндік береді. Мұндай кештерде өте танымал әрі сирек орындалатын шығармалар қызықты, жарқын бояуларға толы өмірге ие болады. Ұлттық қазыналар мен әлемдік жауһарлар жас музыкалық аспапта немесе күтпеген аранжировкада орындалуы мүмкін. Асқақ өнермен танысып көрмеген жандарға махаббатты жеткізу, осылайша сырлы әрі ғажайып музыка әлеміне адамдарды көптеп тарту біз үшін маңызды, — деп пікірлерімен бөлісті «Астана Опера» оркестрінің әртістері.

К.Байсейітова атындағы Камералық залдың сәуірдегі репертуары жаңа жобадағы сан алуан кештерден бөлек, музыкалық тосынсыйлар мен көпшіліктің назарын аудартатын концерттік бағдарламаларға бай. Сонымен, 14 сәуірде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Umai Ұлттық сыйлығының лауреаты, қобызшы, күйші-бақсы Раушан Оразбаева тыңдармандарды өзінің «Аққулар сазы» атты бірегей концертіне шақырады. Бұл жерде музыканттың рухты орындауы, киелі күйлер мен қыл қобыздың шипалы үні нағыз музыкалық терапия жасайды.

16 сәуірде көрермендерді Астананың мәдени өміріндегі ерекше оқиға күтеді: бұл күні елордалық сахнаға әйгілі париждік әнші, әндердің авторы, композитор әрі гитарашы Габи Артманн франциялық музыканттар контрабасшы Элен Бомон, баранбаншы Брюно Марме және пианист Флориан Робэнмен бірге алғаш рет шығады. Бірегей орындаушы түрлі әлемдік сахналарда өзінің төл мәнерінде – шансон, джаз және фольктың қосындысында француз, ағылшын, португал және араб тілдеріндегі әндермен өнер көрсетеді. Француздық әншінің «Астана Опера» театрының солисімен бірге өнер көрсетуі кештің тосынсыйы болмақшы. «Габи Артманн & музыкантттар» концерті Қазақстандағы Франция Елшілігінің қолдауымен «Франкофон көктемі-2024» фестивалі аясында өтеді.

Театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай тыңдармандардың назарына белгілі халық әншісі, ақын әрі композитор Сегіз серінің шығармашылығына арналған «Гауhартас» керемет вокалдық музыка кешін ұсынады. 20 сәуірде опера примасы мен театрдың басқа да солистері Сегіз серінің туындыларын, халық әндерін және заманауи қазақстандық авторлардың шығармаларын орындайды. Концертмейстер – Әділжан Толықпаев.

28 сәуірде мультиаспапшы, этномузыкант, көмеймен ән айту шебері, фольклор зерттеушісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың көптеген көне музыкалық аспаптарында шебер ойнайтын Еділ Құсайынов көрермендерді «Анама тағзым» концертімен қуантады. Бұл концерт оның кешпен аттас музыкалық шығармалар жинағының тұсаукесеріне арналады.

Ай бағдарламасының соңында – 30 сәуірде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист Тимур Урманчеевтің жетекшілігіндегі FORTE-TRIO ҚР Мемлекеттік триосы «Ұлы романтиктер. И.Брамс» рухты концертімен өнер көрсетеді.