Франциядан келген музей сарапшыларының делегациясы Алматыда мәдени мұраны сақтау мен музей ісін дамыту мәселелерін талқылады

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі базасында Франция–Қазақстан халықаралық музей форумы аясында француз музей делегациясының қатысуымен баспасөзге арналған кездесу өтті. Іс-шараға Францияның Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиоге, француз сәулетшісі Ала Варде, France Museums компаниясының Таяу Шығыс пен Азия елдері бойынша бизнес дамыту менеджері Альбер Наим, Париж Жоғары қалыпты мектебінің профессоры әрі саясаттанушы Александр Казеруни және Бранли музейінің мәдени даму жөніндегі басшы орынбасары Фред Чи Чиа Чунг қатысты.
Франция Елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Себастьян де Куртуа француз делегациясының Қазақстанға сапары екі ел арасындағы мәдени және музей саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Франция тарапы қазақстандық серіктестердің мәдени мұраны сақтау, жаңғырту және халықаралық деңгейде таныту бастамаларын қолдайды.
«Бұл делегацияның басты мақсаты – Қазақстан мен Франция арасындағы музей саласындағы әріптестікті нығайту. Біз қазақстандық мәдени мұраны француз қоғамына кеңінен таныстыруға және музей менеджменті, реставрация, көрме ұйымдастыру бағыттарында тәжірибе алмасуға мүдделіміз», – деді Себастьян де Куртуа.
Ол сондай-ақ соңғы жылдары екі ел арасындағы мәдени байланыстар жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Атап айтқанда, Париждегі Гиме музейінде өткен Қазақстан көрмесі мен Алматы музейлерінің халықаралық жобаларға қатысуы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі екенін жеткізді. Бұдан бөлек, француз тарапы Алматыдағы өнер музейлерімен және халықаралық музей ұйымдарымен жаңа бірлескен бастамаларды талқылап жатыр.
18–19 мамыр күндері француз сарапшылары Алматыдағы бірқатар мәдени мекемелерге барып, қазақстандық мамандармен кездесулер өткізеді. Сонымен қатар делегация мүшелері Almaty Museum of Arts музейінде қазақстандық суретші Алмагүл Менлібаева көрмесінің жабылу рәсіміне қатысты. Сапардың Халықаралық музейлер күнімен тұспа-тұс келуі символдық мәнге ие болды.
Француз делегациясының құрамында мәдени мұраны сақтау, реставрация, цифрлық технологиялар және музей архитектурасы саласындағы жетекші мамандар бар. Олардың қатарында Францияның Ұлттық ескерткіштер орталығы, Бранли музейі, Paris Musées ұйымы, Марсельдегі мәдени мұраны сақтау және реставрациялау орталығы, сондай-ақ Iconem компаниясының 3D-цифрландыру саласындағы сарапшылары бар.
20–21 мамыр күндері Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтетін екінші Франко-қазақстандық музей форумында мәдени дипломатия, музейлерді басқару, цифрлық шешімдер мен материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланады. Форум аясында қазақстандық және француз музейлері арасындағы жаңа серіктестік жобаларға жол ашатын кәсіби кездесулер ұйымдастырылады.
Француз тарапының айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеванің Францияға жасаған сапарларынан кейін музей саласындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы мәдени диалогтың негізгі бағыттарының біріне айналған.




