Freedom Кино мен ТВ Tatler Kazakhstan ұйымдастырған алғашқы Gen.T Leaders of Tomorrow форумының серіктесі болды

Алматы төрінде Tatler Kazakhstan журналының бастамасымен Қазақстан тарихында тұңғыш рет Gen.T Leaders of Tomorrow форумы өтті. Ауқымды шара елдің және жалпы Орталық Азияның болашағын айқындайтын идеялар мен жобалар авторы — жас кәсіпкерлердің, новаторлардың, бизнес, IT, ғылым және креативті индустрия өкілдерінің басын қосты.
Бұл жиын — 2016 жылдан бері бүкіл Азиядағы жас көшбасшылардың басын біріктіріп келе жатқан Gen.T Leaders of Tomorrow халықаралық платформасының Қазақстандағы ресми дебюті. Бүгінде бұл жоба Гонконг, Сингапур, Малайзия, Таиланд, Индонезия, Филиппин, Тайвань, Вьетнам және материктік Қытайда сәтті жүзеге асып келеді. Ал 2026 жылы Қазақстан осы жаһандық қауымдастыққа мүше болған оныншы мемлекет ретінде тіркелді.
Форум барысында Tatler Kazakhstan ел мен аймақ болашағына бағыт-бағдар беріп жүрген 10 жас көшбасшы мен кәсіпкердің басын біріктірген Gen.T Leaders of Tomorrow Kazakhstan тізімін тұңғыш рет ұсынды. Шара аясында кәсіпкерлік, ЖИ, мәдениет пен технологияларды талқылаған ашық диалогтар мен мастер-класстар өтті. Жоба 500-ге жуық қонақ пен 30-дан астам топ-спикердің басын қосты.
Freedom Кино мен ТВ бұл шараға серіктес болып, креативті индустрия мен отандық өнімді дамыту жолындағы маңызды пікірталас алаңына демеушілік жасады.
Форумның негізгі спикерлерінің бірі — Freedom Кино мен ТВ бас продюсері, отандық кинорежиссер, сценарист әрі продюсер Алишер Утев болды. Ол көпшілікке кеңінен танымал «5:32», «1286», «Сержан братан» және MŪNAI сериалдарының авторы әрі шоураннері. Оның жобалары қазақстандық киноиндустрия дамуының жаңа парағын ашып, төл туындыларымыздың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.
Панельдік пікірталас барысында Алишер Утев кез келген табысты фильм мен сериалдың өзегі — мықты сценарий екенін атап өтті. Оның айтуынша, жобаның іргетасы тартымды оқиғадан қаланады, ал қалған элементтер — режиссура, визуалды стиль мен актерлік шеберлік — сценарийдегі негізгі идеяны айшықтап, күшейте түседі.
Бүгінгі үрдістер жайында сөз қозғаған Алишер қысқа видео форматының трендте екенін алға тартып, кино нарығы көрерменнің сұранысы мен талғамына бейімделіп жатқанын жеткізді.
«Велосипед ойлап табамын деп әуре болмаңыз — бар нәрсені өзгеше стильде ұсыныңыз», — деп атап өтті Әлішер Өтев.
Продюсердің айтуынша, жобаның бағы асып, табысты болуы көбіне мүлде жаңа идея табуға емес, бәріне таныс оқиғаны жаңаша сипатта жеткізе білу шеберлігіне байланысты.
Freedom Кино мен ТВ бас продюсері отандық бірегей өнімдерді — қазақстандық Originals жобаларын дамытуға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті шығармашылық топтардың басты артықшылығы — олар еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрі мен менталитетін терең түсінеді. Дәл осы себепті қазақстандық жобалар шетелдік студиялар дәлме-дәл жеткізе алмайтын ерекше сюжеттерді жарыққа шығаруға қабілетті. Жергілікті контекст пен ұлттық бірегейліктің өзара үндестігін көрсететін MŪNAI сериалы — осының жарқын мысалы.
Gen.T Leaders of Tomorrow алаңында Freedom Кино мен ТВ өз кәсіби сараптамасын ұсынып, отандық кино индустриясын қолдау және Қазақстанның заманауи мәдениетін қалыптастыратын жаңа жобаларға серпін беру жолындағы мақсатын тағы бір мәрте растады.




