Ғалия Тынбаева Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының финалына шықты

Дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының бірінші күнінде қазақстандық спортшы Ғалия Тынбаева (-48кг) финалға шықты. Ол жартылай финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Европа чемпионы, Grand Slam жарыстарының жеңімпазы франциялық Ширин Боуклиді ұтты.

Ғалия Тынбаева жарыс үздігі ретінде әлемдік доданы екінші айналымнан бастады. Ол өз тобында Тунис, Тайпей, Түркия елдерінің спортшыларын ұтып шықты.

Финалда Ғалия Grand Slam және Grand Prix чемпионы Сабина Гилиазовамен (AIN) кездеседі.

Сондай-ақ, ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын құрама көшбасшысы Елдос Сметов қола жүлде үшін белдеседі.

Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатқан жарыстың финалдық белдесулері сағат 17:00-де өтеді.