Хромтау кеншілері Наурыз мейрамын тойлады

Наурыз – берекенің бастауы. Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатының ұжымы Наурыз мейрамын дүркіретіп өткізді. Ұлыстың ұлы күнін тойлауды дәстүрге айналдырған комбинаттықтар Әз-Наурызды кең көлемде атап өтіп, ізгілік пен татулық, ынтымақ пен ырыс бастау алатын жыл басымен қауышты.

Биыл айтулы мереке жаңаша форматта тойлануда. Республика бойынша Наурыз мейрамының бірегей логотипі бекітіліп, 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жүріп жатыр. Соған сай бір апта бойы комбинаттың басқару аппараттары мен цехтарында түрлі мерекелік шаралар өтті.

Ұжымның салт-дәстүрлер сайысы, барлық цехтағы  наурыз-думан, аулаларында тігілген  киіз үйлер мен бір-біріне құшақ жайып, тілектес болған әріптестердің көңіл күйі мерекені одан әрі аша түсті. Жұмыс орындарында ұлттық киім киіп, ұлттық әшекей-бұйым таққан қызметкерлер әз-Наурыздың ажарын келтірді. Цех асханаларында негізгі ас мәзірінен бөлек, жұмысшылар үшін ұлттық тағамдар – шұбат, қымыз, бауырсақ- жеті нан, құрт ірімшек, киіз үй үлгісіндегі нан өнімдері, палау және мерекенің басты тағамы – наурыз көже ұсынылды. Бұл шаралардың барлығы кәсіпорын мен комбинаттың кәсіподақ комитетінің қолдауымен іске асырылды.

Мерекелік аптада цехішілік арқан тартыс, қой көтеру, гір тасын көтеру секілді спорттық жарыстардың ұйымдастырылуы ұлттық спорт күнінің құрметіне арналды  десе де болады.

Жақсы дәстүрдің  жалғаса беретіні анық. Жалпы Еуразиялық Топтың жылдан-дылға жалғасып келе жатқан«Наурыз – игі істер айы» деп аталатын жақсы бір үрдісі бар. «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты осы Топтың құрамына кіретіндіктен бұл шараны белсенді түрде қолдайды. Акция аясында Дөң тау-кен байыту комбинатының Жастар лигасы өндірісте еңбек еткен қазыналы қарттарға қолғабыс етіп, қайырымдылық қораптарын таратып шықты.

Комбинат ардагерлеріне, оның ішінде жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі 80 зейнеткерге кәсіпорын атынан азық-түлік салынған қораптар  үлестірілді. Одан бөлек, жастар қариялардың  үйлеріне барып,  аулаларының қарын аршып, шамдарын жөндеп берген еді. Рамазан айында жастардың Хромтау көшелерінде адамдарға су мен құрма таратып, тағы бір игі іс атқарғандарын айта кеткен жөн болар. Сондай-ақ олар басқару аппараттарының қызметкерлерін бауырсақпен қарсы алып, әріптестерге мерекелік көңіл күй сыйлап та үлгерді.