Хромтау кеншілерінің автопаркі жаңа техникалармен толықты

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатындағы вахта қызметкерлеріне жол талғамайтын үш автобус пен жолаушылар тасымалына арналған екі үлкен  және екі шағын автобус әкелінді.
Дөң тау-кен байыту комбинаты –  қала құраушы кәсіпорын. Мұнда қызметкерлер цехтарға автобустармен қатынайды. Қауіпсіз әрі ыңғайлы тасымал – өндірістік процестерді қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Соңғы үш жылда Дөң тау-кен байыту комбинатының автобус паркі 21 техникамен жаңартылды. Бұл мақсаттарға 900 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Биыл сатып алынған жеті жолаушылар көлігі қазірдің өзінде желіде жүр. Вахталық жол талғамайтын автобус сыртынан қарағанда, адам тасымалдауға арналмағандай. Алайда, іші кірсе, шыққысыз. Ауа баптағыш пен жылыту жүйесі, жарықдиодты шамдар, ыңғайлы орындықтар, жүріс кезіндегі көліктің жайлылығы, бұрынғыларға қарағанда төрт адамға дейінгі  сыйымдылығының үлкен болуы – жолаушыға да, жүргізушіге де сөзсіз ұнайды. Ол аз десеңіз, жоғары қуатты әрі сенімді. Жөндеу қызметкерлері жабдыққа қызмет көрсетудің қарапайымдылығын бағалап өтті. Жаңа техникалар кәсіпорынның  екі шахтасы мен кенішіне бағытталған.  Дәл осы маркалар кездейсоқ таңдалмады. Яғни Дөң тау-кен байыту комбинатында мұндай «Shacman» — дардың автобустары ғана емес, тау-кен көлік тасымалдау цехында самосвалдардың да өндірістік сынақтардан өткенін айта кеткен жөн.
– Паркті біріздендіру – техникалық қызмет көрсетуде және қосалқы бөлшектерді сатып алуда ыңғайлы, — дейді автокөлік және механизм цехының басшысы Байжомарт Есекеев. – Бөлшектерді сатып алудың қажеті жоқ, барлығы стандартқа сай. Ішкі жүйесі де тамаша ойластырылған. Көлікке техникалық қызмет көрсету әлдеқайда оңай. Мұндай жабдықтардың істен шығуы да сирек. Оған анық көзіміз жетеді. Себебі бұлар тексерістен өткен жұмыс.
Тағы екі үлкен «Yutong» және «JAC» шағын автобустары пайдалануға берілді. Мұнда енді ауа баптағышы мен жайлы салоннан бөлек, орындықтардың баптауы бар. Яғни артыңызда отырған адамға кедергі келтірмей-ақ, өзіңізге жайлы етіп, ыңғайлап ала аласыз. Бұл техникалар әсіресе шалғайдағы цехтарда еңбек ететін немесе түнгі ауысымнан шығып жатқан жұмысшылар үшін өте ыңғайлы.
– Осы цехта жұмыс істеп келе жатқаныма 25 жылдай уақыт болыпты, — дейді цехтың жүргізушісі Серік Базарбаев. – Түрлі техниканы тізгіндеп келдім. Мұндай көлікті бірінші рет көруім. Жолаушылар үшін де, жүргізуші үшін де керемет етіп жабдықталыпты. Ішіндегі бақылау камерасы, GPS, жүргізушінің орындығы біз секілді жолда жүретіндер үшін маңызды.