Индонезия президенті Sergek көліктік шешімдерімен танысты

Индонезия президенті Джоко Видодо жақын арада Индонезияның астанасы атанатын Нусантара қаласына жұмыс сапарымен барды. Ақылды қала тұжырымдамасын жүзеге асырудың қазіргі кезеңіне шолу кезінде Джоко Видодоға командалық орталықтың іске қосылуы көрсетілді. Ұсынылған шешімдердің қатарында қазақстандық Sergek платформасы бар, ол қазір Баликпапан спутник қаласы Нусантарада пилоттық режимде іске қосылды.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тұсаукесер туралы: «Бүкіл әлемде қалалық тиімді басқару, қауіпсіздікпен қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау мәселелері негізгі басымдыққа айналған ақылды қалаларды құру үшін цифрлық технологиялар қолданылуда. Біз қазақстандық инновациялық шешімдерінің елімізде сәтті енгізілуімен қатар, шетелде де танылып жатқанын мақтан етеміз», — деп бөлісті.

Индонезиядағы Sergek платформасының жұмысы жасанды интеллект пен деректерді талдауға негізделгенін атап өткен жөн. Оның басты ерекшелігі — трафикті бақылау мен басқаруды жеңілдету үшін орнатылған бар камералар мен әртүрлі өндірушілердің жаңа камераларын бір ақпараттық тақтасына біркелкі біріктіруге болатыны.

Sergek сонымен қатар жолдардағы көліктер туралы үлкен деректерді (big data) талдауды (жүру уақыты, орташа жылдамдық, қоршаған орта көрсеткіштері) қамтамасыз етеді және қозғалыс ағынының сценарийлерін жасау үшін жасанды интеллектті белсенді пайдаланады.

Индонезияның Қазақстандағы және Тәжікстандағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман:

«Нусантараның ақылды қала тұжырымдамасын, оның ішінде ақылды ұтқырлықты жүзеге асыруға ұмтылысын қолдау мақсатында Sergek компаниясымен серіктестікті ерекше бағалаймыз. Себебі, Sergek шешімдері бүгінгі күнде әлемдегі ең жас космополиттік елорда болып табылатын Астана қаласында ақылды ұтқырлықты дамытуда өзінің құзіреттілігін дәлелдеді»

Алена Ткаченко, Sergek жаһандық нарықтар жөніндегі директоры: «Нусантара қаласының әкімшілігінің міндеттеріне үш қаланың — Баликпапан, Самаринда және Нусантараның экожүйесін дамыту кіреді. Біз қазір Баликпапан қаласында пилоттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз, алайда қазірдің өзінде осы үш қаланың кластері үшін цифрлық инфрақұрылым құрып жатқанын түсінеміз. Нусантарадағы инфрақұрылым жүйесі дайын болғаннан кейін біз өз өнімдерімізді жаңа астанаға енгізуді бастай аламыз», — деп түйіндеді.

Еске салып өтсек, ағымдағы жылдың ақпан айында ақылды қалаларды құрудағы қазақстандық IT көшбасшысы Sergek Group компаниясы Индонезияда пилоттық жобаны іске қосты. Пилоттық жоба аясында қазақстандық мамандар талдау, мониторинг және көлікті болжау үшін интеллектуалды көлік жүйесін, сондай-ақ экология және жол қауіпсіздігі саласындағы шешімдерді енгізуде.