ISSAI ЖИ әзірлемелерін таныстырып, AI & Digital Bridge 2026 аясында стратегиялық серіктестіктерін нығайтты  

Назарбаев Университетінің жанындағы Ақылды жүйелер мен  жасанды интеллект институты (ISSAI) 1–3 қазан аралығында Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумына қатысты. Іс-шара жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияның болашағын талқылау үшін технология көшбасшыларын, зерттеушілерді, кәсіпкерлерді, инвесторлар мен мемлекеттік сектор өкілдерін бір алаңға жинады.

ISSAI мамандары көрмеге келген жоғары лауазымды қонақтар мен делегацияларды қоса алғанда,

12 000-нан астам адамға өз жобаларымен, соның ішінде робототехника саласындағы әзірлемелермен     үздіксіз демонстрацияларын өткізіп, келушілермен тікелей байланыс орнатып  таныстырды. Көрме барысында алғаш таныстырылған жаңа өнімдердің бірі — жеке деректерді қорғауға арналған «Qupia AI» құралы ұсынылды. Сонымен қатар Институт өзінің AI өнімдері мен технологияларының кең ауқымды портфолиосын таныстырды. ISSAI-дың AI шешімдері қатарында 11 тілде сөйлеу мен мәтінді тану, синтездеу және аударуға арналған MangiSoz, нақты уақыттағы субтитрлер мен аудармаға арналған TilSync, дербес деректерді қорғау және жасырындандыруға арналған Qupia, мәтін, кескін және аудиомен жұмыс істейтін мультимодальды Oylan моделі, сондай-ақ аудио мен бейнені дыбыстауға және дубляж жасауға арналған ISSAI Voice Studio бар.

ISSAI-дың форумға қатысуының маңызды бөлігі — ISSAI Бас директоры, Назарбаев Университетінің Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебінің (SCAI) деканы Др. Хусейн Атакан Варолдың сарапшы ретінде қатысуы болды. 2 қазанда Др. Варол “The Next AI Frontier: What Is Next After GenAI: Robotics, Physical AI, Autonomous Systems and AI” атты негізгі сахнадағы сессияны жүргізді. Пікірталас барысында робототехника, физикалық AI, автономды жүйелер және интеллектуалды машиналардың келесі буынын қалыптастыратын технологиялар талқыланды. Панельге Polynome Group негізін қалаушы және бас директоры Александр Ханин, профессор және AI зерттеушісі Меруан Дебба, 01Edu және 01Talent негізін қалаушылардың бірі Николя Садирак, сондай-ақ Future Readiness Forum (FRF) негізін қалаушы және бас директоры Др. Тарик Курейши қатысты. Модератор ретінде Др. Варол жасанды интеллекттің болашағына қатысты түрлі көзқарастарды тоғыстырып, генеративті модельдердің қарқынды дамуы мен робототехника, автономды жүйелер және физикалық интеллекттің өсіп келе жатқан маңыздылығы арасындағы байланысты талқылады.

3 қазанда Др. Хусейн Атакан Варол “AI for Science: From Research to New Technology” сессиясында спикер ретінде сөз сөйледі. Сессияда жасанды интеллекттің ғылыми зерттеулер мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (R&D) жеделдетудегі рөлі — модельдеу мен эксперименттерден бастап жаңа технологиялар мен өнімдерді әзірлеуге дейінгі үдерістер талқыланды. Сессияға академиялық орта, ғылыми зерттеулер және технология саласының сарапшылары қатысты. Сессия модераторы — AlmaU Кәсіпкерлік институтының директоры Данияр Медетов, сондай-ақ Hak-Huy Ng және Ya-Qin Zhang пікірталасқа сарапшы ретінде қатысты. Талқылау барысында AI-дың ғылыми зерттеу құралы және технологиялық үдерістерді жеделдетуші фактор ретіндегі рөлінің артып келе жатқаны айтылды. Сонымен қатар ғылыми жаңалықтар мен эксперименттерден жаңа өнімдерге, технологияларға және нақты қолданбалы шешімдерге дейінгі жолды қысқарту мүмкіндіктері қарастырылды. Жасанды интеллекттің зерттеулердегі рөлі және оның индустрия мен ұлттық экономиканы дамытуға қосатын үлесі туралы айта келе, Др. Хусейн Атакан Варол атап өтті: “Зерттеулер мен инновациялар экономиканы нығайтуда және ЖІӨ өсімін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. ISSAI-да біз зерттеулер тек академиялық ортада қалып қоймауы керек, олар нақты қажеттіліктерге жауап беретін практикалық шешімдерге айналуы тиіс деп санаймыз. Сондықтан біз ISSAI AI Playground сияқты жергілікті AI өнімдері мен бастамаларын әзірлеп жатырмыз. Бұл платформа жасанды интеллект технологияларын зерттеп, олармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді және ғылыми зерттеулердің қоғамға арналған практикалық құралдарға қалай айналатынын көрсетеді. Сонымен қатар, Институтымызда жергілікті қажеттіліктерге бағытталған ашық бастапқы кодты AI тілдік моделі – Qolda әзірленді. Бұл қолда бар ресурстар мен сараптаманы пайдалана отырып, өзіміздің AI шешімдерімізді қалай жасай алатынымызды көрсетеді”

ISSAI-дың AI & Digital Bridge форумына қатысуы аясында ISSAI өнім және сыртқы байланыстар жөніндегі директордың міндетін атқарушы орынбасары Амина Байкенова 3 қазанда “New Digital Professions for Women and Youth” сессиясына қатысты. Сессия цифрлық дағдыларды меңгеру және жаңа экономика жағдайында мансап құру мүмкіндіктеріне арналды. Талқылауға технология, кәсіпкерлік, бизнес және AI салаларының өкілдері қатысты. Амина Байкенова She Innovator Eurasia директоры Алия Оразымбетова, AI және цифрлық технологиялар саласының сарапшысы Наталья Абрамова, GPI Group басқарушы серіктесі Юлия Якубаева және BAUYRLAS негізін қалаушы Танирберген Бердонғармен бірге пікірталасқа қатысты. Сессия барысында цифрлық экономиканың жаңа кәсіби бағыттарды қалыптастырып жатқаны, қандай дағдылардың барған сайын маңызды бола түскені және әйелдер мен жастардың қарқынды өзгеріп жатқан технологиялық ортаға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

AI & Digital Bridge 2026 форумы ISSAI үшін цифрлық трансформация, қаржы технологиялары және робототехника салаларында жұмыс істейтін ұйымдармен жаңа серіктестіктерді рәсімдеуге мүмкіндік берді. ISSAI «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Цифрлық даму орталығы» акционерлік қоғамымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумға ISSAI Бас директоры Др. Хусейн Атакан Варол және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Цифрлық даму орталығы Басқармасының төрағасы Арғын Салаватұлы Кентбеков қол қойды. Серіктестік озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті практикалық міндеттерді шешуге қолдануға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және Қазақстанның цифрлық экожүйесін одан әрі дамытуға негіз қалыптастырады.

Сонымен қатар, ISSAI «QAZBOT TECHNOLOGIES LTD.» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумға ISSAI Бас директоры Др. Хусейн Атакан Варол және QAZBOT TECHNOLOGIES LTD. директоры Владислав Мирзакұлович Сафаров қол қойды. Келісім ISSAI-дың ғылыми және технологиялық сараптамасын озық робототехникалық және интеллектуалды жүйелерді әзірлеу мен енгізу бағыттарымен ұштастыруға мүмкіндік беретін ынтымақтастық негізін қалыптастырады.

Одан басқа маңызды серіктестіктердің бірі болып iFLYTEK компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қою болды. Меморандумға ISSAI Бас директоры доктор Хусейн Атакан Варол және iFLYTEK Open Platform Business Group компаниясының вице-президенті, Overseas Business бағытының президенті Чжоу Чуаньфу қол қойды. Серіктестік жасанды интеллект, сөйлеу және тіл технологиялары, зерттеулер мен білім алмасу салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

ISSAI AI & Digital Bridge 2026 форумында AI зерттеулері, технологиялар, робототехника және серіктестік бағыттарындағы жұмыстарын таныстырды. Институт ғылыми әзірлемелерді практикалық шешімдерге айналдырып, стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жалғастырады.