JET жаңа жол ережелеріне қатысты негізгі мифтерді түсіндірді

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарға қатысты «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енеді. Жаңа жол ережелерінің қате түсіндіріліп жатуына байланысты қазақстандық JET кикшеринг операторы пайдаланушыларға айыппұлдан сақтанып, заң талаптарын бұзбау үшін нені білу маңызды екенін түсіндірді.

Электрсамокаттар 2023 жылы-ақ ресми түрде көлік құралы ретінде танылған болатын. Сол кезде «Жол жүрісі туралы» заңға «электрсамокат» ұғымы енгізілді. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап бұл мәртебе өзгермейді – қолданыстағы нормалар сол күйінде қалады.

Айта кету керек: самокат көлік құралы болып саналатындықтан, оны алкогольдік немесе өзге де масаң күйде басқаруға тыйым салынады.

Жолдың оң жақ жолағымен жүру үшін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі қажет болады. Ал веложолақта, велосипед жолағында, жол жиегінде және тротуарда жүру үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейді.

JET мобильді қосымшасында пайдаланушылар ЖСН көрсетуі тиіс. Бұл жүргізуші куәлігінің бар-жоғын автоматты түрде тексеруге және пайдаланушының көлік құралын басқару құқығынан айырылмағанына көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Жаңа ережелер жолдың жүру бөлігіне шығу үшін нақты жас шектеуін белгілейді. 18 жасқа толмаған пайдаланушыларға жолдың оң жақ жолағымен жүруге қатаң тыйым салынады.

Еске салайық: енді кәмелетке толған электрсамокат жүргізушілері жолдың жүру бөлігіне шығу үшін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігіне ие болуы керек.

Сонымен қатар, 18 жасқа толмаған тұлғалар үшін тротуармен, жол жиегімен және веложолақпен жүруге рұқсат сақталады. Бұл аймақтарда жүргізуші куәлігі талап етілмейді.