«Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынына билет сату бойынша Freedom Ticketon ресми хабарламасы

Футбол – әрдайым толқыныс, үміт пен құштарлық
Қазақ жанкүйерлері үшін «Қайраттың» чемпиондар лигасына қатысуы – тарихи сәт. Әлемге танымал «Реал Мадридпен» бір топқа түсуі қалың көрерменді дүр сілкіндіргені рас. Миллиондаған жанкүйерлер Алматының Орталық стадионында футбол майталмандарын көруге ұмтылды.
Freedom Ticketon үшін бұл үлкен сынақ. Бұл жауапкершілікті абыроймен көтеруге тырыстық. Басты мақсатымыз – билеттердің әділ әрі ашық сатылуын қамтамасыз ету. Әрбір жанкүйердің стадионнан табылып, арманына бір табан жақындауына мүмкіндік беру.
Деректерге келсек: сатылымның шарықтау сәтінде платформада бір мезетте 1 миллионнан астам қолданушы болды. Ал стадионның сыйымдылығы – небәрі 20 мың орын. Бәріне орынның жетпейтіні анық.
Әділетті өткізу үшін бар күшімізді салдық. Билет сату барысында әр ЖСН-ға бір ғана билет, бір қолға екіден артық емес деген шектеу қойылды. Бұл шектеу нағыз шынайы жанкүйерді қорғау мақсатында енгізілген еді. Алыпсатарларға жол берілмеді.
Жанкүйерлер тарапынан «кезек қатып қалды» немесе «жүйе қайта жүктелді» деген реніштерін түсінеміз. Мұны да түсіндіре кетейік: сатылым сағат 17:00-де қатаң тәртіппен басталды. Жүйе қалыпты жұмыс істеді. Ал ертерек кірген қолданушылардың сессиясы автоматты түрде жаңарып отырды. Бұл ретсіз ажиотаждың алдын алу үшін енгізілген техникалық шара. Билеттердің сатылымы жөнінде ақпарат біздің және ФК «Қайраттың» ресми арналарында алдын ала жарияланған.
Бүгінде барлық билеттер сатылды. Сондықтан жанкүйерлерді абай болуға шақырамыз: күмәнді сайттарға, «қолдан-қолға» сатылады деген ұсыныстарға сенбеңіздер. Ақшаңыздан айрылу, стадионға кіре алмай қалу қаупі бар. Есіңізде болсын: «Қайрат» – «Реал Мадрид» кездесуіне билет сатудың жалғыз ресми алаңы – Freedom Ticketon.
Азамат Атагелді
Freedom Ticketon коммуникациялар директоры



