Қайратты Қайрат ағам

Анамыз Алматыда тұрады ғой. Жиі хабарласып тұруға тырысамыз. Ақсуатқа жол жүруге қамданып отырғанын айтқан. Абай облысындағы төркіні. Өзіміз жаз шыға салысымен асыға жетіп, күзге дейін Қабдекесі мен Үш құдығында, Қызыл қайыңы мен Қарабұлағында атқа мініп талай желген жеріміз. Нағашыларымыздың ауылы. Жол ұзақ, қыста қауіп те басым. Сол себепті сапарға шығатынын құптай қоймайтынымды емеурінмен білдіргем. Алайда шешем белді бекем буыпты. Себеп те салмақты.
– Қайрат алпысқа толады. Өзімнің болғаным дұрыс.
– Қойшы, Қайрат ағамыз да алпысқа келді ме?..
Туған бауыры. Әулеттегі еркек кіндіктінің үлкені, қорғаны, сесі Қайрат нағашымның алпысты алқымдағанына соншалықты таңырқағаным-ай.
Рас. Райхан апайы бармаса қалай болады? Үйдің тұңғышы, келместің кемесіне ерте мінген ата-анасының орнында жүрген үлкендері. Сол себепті шешемізге сәтті сапар тіледік.
Кеше ғана сияқты еді. Қайрат ағамыз студент. Алматыдағы біздің жайымызға жиі келеді. Үстіне сүліктей қара пальтосын, басына қап-қара құндыз малақайын қисайта киіп, қолына былғарымен тысталған қара дипломатын ұстап сабаққа кетіп бара жатады. Құдды бір шет елдің елшілері сияқты сәнді киінеді. Аққұба жүзді, шаш үлгісін де келістіріп жүретін келбетті-тін. Қызыға қараймын. Бастауыш сыныптың оқушысымын ол кезде. Нағашым үйде болған күні малақайын дәл өзі сияқты қисайта киіп, дипломатын ұстап бөлмеде ары-бері алшаңдаймын. Өскенде Қайрат ағам сияқты боламын деймін ғой сондағысы. Оған балаша мәз болады. Тоқсаныншы жылдардың басы. Үйдегі көне телевизор бірде істеп, көп жағдайда бұзылып тұрады. Ескі «Горизонтпен» әуреленеді де жатады. Әйтеуір телевизордың бейнесі көрінбесе де, үнін шығарып алады. Өйткені Қайрекең айтыстың жанкүйері. Шорабек, Айтақын, Қонысбек, Есенқұл, Әселхан мен Әсияның шумақтарын да жаттап алып ыңылдап отырады. Термелер тыңдайды. Әсіресе Аяз Бетбаевтың фанаты. Кітапқа да керемет әуес болғанын аңдаймын. Өзің еліктеп өскен адамның әдеттері де санада қатталып қалатыны анық қой. СХИ студенті жолдастарының арасында да сыйлы болды. Бір-екі рет қазіргі Сәтбаев пен Достық көшесінің қиылысындағы жатаханаларында да болғам. Емін-еркін, жарқылдап-жадырап, ортасының шырайын келтіріп отырғанын көріп бойымды мақтаныш сезімі кернеген. Туысыңның мәртебесі жоғары болуы еңсеңді көтеруі заңдылық.
Оқуын бітірген соң Алатау бөктеріндегі әсем шаһарда қалып қоймай, Ақсуатқа аттанды. Отан алдындағы борышын өтеп, екі жыл бойы сонау Қиыр Шығыста танкист болды. Әскери альбомын ақтарып отырып, өңкей орыстың ортасында қасқайып тұрған бейнесін көріп сүйсінетінбіз. Көңіл, көркемдік, сырбаздық пен мырзалық суретінен-ақ сезіледі ғой шіркін.
Қайрекеңнің әкесі Ахметқазы атамыз үлкен ұжым басқарды. Құдайға шүкір. Нағашы атам ауқатты азамат болды. Каникулға барғанымызда інім екеумізге қос жабағы атап, ен салдырып, таңба бастырып қоятын. Еркелеп бақтық. Тамағымыздың тоқтығы, көйлегіміздің көктігі ата-анамыздан бөлек сол кісінің де арқасы еді. Тіпті тоқсаныншы жылдардың ызғарын да онша ауырсынбай өткізгеніміз атамның арқасы. Пейілі даладай, көңілі баладай таза адам еді жарықтық. Алпысқа да толмай арамыздан кетіп қалмағанда әлі де өзі айтпақшы «мұртымызды балта шаппас» еді. Мүштігінен түтін будақтап, алысқа көз жіберіп, ойша шаруаның бәрін реттестіріп, басқарып отыратын. Сегіз перзентінің бәрін оқытты. Төрт қызын ұзатып, екі ұлын үйлендіріп үлгерді. Бауырларының да, жиендерінің де жағдайын ойлады. Атамыз соғымнан, апамыз Ләтипа май мен құрттан құр қалдырмады.

Ал Қайрат ағамыз Алматыға туша-туша қой тасыған уақыттар да өтті. Соны қала көшелерінде шанаға салып алып, ет сатамыз деп айғайлап, саудалаған кезеңдер де естен кетпейді.
Сондай әкеден туған бала жаман бола ма? Тым мақтанып кетті демеңіздер. Бұл мен көрген, сезінген жайттар.
Ахметқазы Жаппасұлының отбасын үлкен бір мекеме деп елестетіңізші. Төрағасы атам. Қарап, бақылап, қажет кезінде көлікпен немесе атпен жүріп шаруашылықты ыңғңайлайды. Ләтипа апамыз – қаржы, қойма, ас-ауқат бағытын қарайды. Баласы Қайрат – әкесінің қай мағынасында да орынбасары. Ол шаруашылыққа да, шөпке де, техника, бидай мен көмірге де жауапты. Болат – бәрі сыртта жүрген кезде үлкен үйдің ірілі-ұсақты жұмыстарын өз мойнына алған. Үйді үлкен деуім бекер емес. Он бөлмелі үй, ауқымы ат шаптыруға болатын аула, бау-бақша, қора мен кілет, гараждың тап-тұйнақтай болып тұруын қадағалау да оңай шаруа емес. Кейде бізді көмекке шақырады, көп жағдайда өзі айналысады. Кірпіш құю, қораның кертіліп қалған қыш сылағын бұзып тастап қайта тұрғза салу ол кісіге сән ғой. Марат баласы – малдың маманы. Ірі қара, ұсақ мал төлдету, бордақылау, өсіру, көбейту, кезекті реттеу, шопандар тойына қатысу, ол жерде радио қабылдағыштар ұтып әкелу, бәйгеге ат қосып, көкпарға араласу сияқты салаларға жауап береді. Кенжесі Талғат – анасына, ағасы Болатқа қолғабыс етеді. Өзі де оқушы болғандықтан жауапты жұмыстарға жиі жұмсалмайды. Бізге, бөлелерімізге жақсы. Өйткені барлық жағдайымызды жасайды. Бүлдірген, қарақат, құлпынай тереміз. Бақшаны суарамыз. Душқа су толтырып, кілем қағамыз. Кешкісін кейін филология мамандығына оқуға түскен Такең айналасына бала біткенді жинап алып ертегі, әңгімелер оқып береді, түрлі анекдоттар айтады. Карта, дойбы ойындарын үйретеді. Бос отырған адам көрмейсіз қысқасы. Төрт қыздың ауылда тұратыны Клара апайымыз. Жиі келеді. Бір келгенінде үй ақтап, енді бірде апама кір жуысып жанталасады да жатады. Өзінің де ата-енесі, бала-шағасы бар адам. Сонда да төркініне шөкімдей болсын пайдам тисе деп тұратын ниетінен сол. Апай ғой, біздің апай…
Осы төрт нағашымнан да менің бойыма бірдеме дарыды десем қателеспеймін. Қайрекеңнен малақайды қисайта кию мен көлік жүргізуді игеріппіз. Кейде дәстүрлі ән тыңдап, қоса ыңылдап, айтыс көріп кететініміз де бар. Сыртқы пошым, кей қылықтарымды соған ұқсататындар көп. Болат ағамыз доп пен тазалыққа құмар қылды. Қанша тартыншақтасақ та моншаға сүйреп, ысқылап жуындырады да жүреді. Көп сапарлас болдық. Алматы мен Аягөз, Аягөз және Ақсуат арасында бізді талай ілестірді. Марат атқа мінгізіп, Ақсуаттың даласын аралатты. Мал жайғап, төрт түліктің кезегіне баулыды. Талғат кітапқа қызықтырды. Күні-түні төсегінен тұрмай кітап оқып жатқан бейнесі көз алдыма келеді. Қалай жалықпайды деп ойлаушы едім. Сөйтсек қызығына кіріп, тұңғиығына бойласаң әдеби шығармаларда мол тағылым жатыр екен.
Атамыз өзі бармай, үйде қалған кездерде шаруаға Қайрат ағамыз жөнейді. Аудан орталығынан шалғайдағы ферма, елді мекендер арасында жүйткіп, бір сәт дамыл таппайды. Бидай, көмір, егіннің қамы деп пайымдаймын. Әйтпесе не шаруа тындырып жүргенін кішкентай болған соң қазбалап сұрап та көрмеппіз. Тауға кетті дейді де қояды. Жаңа піскен қаймақ түстес «Москвич-412». Жарықтықтың лыпып тұрған шағы. Ол кезде көліктің тым сирек шағы. Біз үшін машинаның төресі сол ғана. Айналшықтап жанынан шықпаймыз. Магнитоласынан халық әндерін қосып қояды. Көлік тізгіндегенде атқа мінгендейін бір жамбастай қисая отырады, кейде шалқая жатып жүргізеді. Арасыгда бізде де ілестіріп алады. Артқы терезені ашып, басымызды шығарып, бетімізді желге тосқанымызға мәзбіз. Оны біздің нағашымыз қалай жүргізетінін айтсаңшы. Жай жолдардың өзінде ұңғыл-шұңғылдардың бәрін жатқа біледі. Астын бір соқпай, ызғытады-ай. Ауылға қайтарда шаңдатып келіп, қақпадан ентелей кіріп, ас үйді соға жаздап аялдайды да, артқа ышқына шегініп, алға қарай гаражды тесіп өтердей қозғалып, тұмсығын қабырғаға тақап тұрып, тірей тоқтатады. Оған үйдегілер де әбден үйреніп алған.

Көлігін гаражға қоя салып, атамызға есеп беруге кіреді. Ол кезде ас үйде отырып темекі тұтату қалыпты көрініс. Атам, Ахметхан ағамыз және Қайрат ағама ғана рұқсат бар. Оқуын аяқтаған, әскерге барып келіп, әке тапсырмасымен жүрген ұлдың ас үйге кіре салып, темекі тартуы ересектіктің нышаны сияқты. Қарап отырсақ жиырма бестердегі жап-жас жігіт шағы ғой. Алайда ауқымды іс тындырып келгені жүрісінен-ақ аңғарылады. Әкесі отырған төсекке қарсы орындық қойып, асықпай темекісін шегіп алады. Сосын не істеп, не қойғанын түгел баяндайды. Қыстық мал азығының шабылуы, оның жиын-терімі, қай кезде таситынын, қанша шығын кететінін, неше рейс болатынын, қашан бастап, қай кезде аяқтайтынына дейін толық келісіп, келістіріп келгенін айтады. Ол кезде атам да махоркасын орап, мүштігін сайлауға кіріседі. Бұл баласына риза болғандағы кейіп. Көзін сығырайта ойланып, жүзі жылып, мейірлене жымияды. – Жоспардағы шаруаның бәрін түгел реттеп келген болсаң биылғы қыс мұртымызды балта шаппайды дейді сосын. Біз ас үйдегі үлкен бөлмеде ойнап жүреміз немесе телевизор тамашалап отырамыз. Әке тапсырмасын тап-тұйнақтай еткен Қайрат ағамыз еңсесін тіктеп, маңғаздана керіледі де: – Микош, су алып келші, – дейді. Ожаумен әкелген суды сіміріп отырған ұлының шаруа жайын орайластырып жүріп, сондағы азаматтармен аздап шарап татып келгенін аңдаған апамыз әңгімеге араласады.
– Сен немене ішіп алғансың ба өзі?
– Ішкені несі? Мен ерігіп жүрмін бе? Жұмыста ішетін дурак қой дейсіңдер ме деп қолындағы ожауын атып ұрып, орнынан ұшып тұрып кетеді. Атамыз ұлының жауапкершілігіне риза болып, ыңылдап қамшысын өруге кіріседі.
Бұрқ-сарқ қайнап, шығып кеткен ағамыз сүт пісірім уақытта сабасына түсіп, қайтып келеді де анасымен шай ішіп, шүйіркелесіп отырады.
Ешкімге зияны, салмағы мен зілі жоқ нағашым жеңіл, жүк көліктерін де еркін меңгерген. Жай жүргізіп қоймайды. Шашып тастап, қайта жинап шығатын мықты. Бірде есік алдында іске жарамай тұрған «ГАЗ-53» машинасын оңдауға кірісті. Өзі жалғыз. Інім екеуміз кілт әпер, су әкел деген бұйрықтарды орындап қара көбейтіп жүрміз. Моторын алды, сосын быт-шытын шығарып бөлшектеп, әрбірін жөндеп, мұқият майлап, ауыстыратынын саймандарын алмастырып қайта орналастырды. Өзінің негізгі мамандығы электрик болғасын сымдарын да тарқатып, үзілгендерін түгел жалғады. Әркімнің жүйкесі шыдамайтын ыждахатты жұмыс. Соны аяғына жеткізді. Іске жарамайды деген көлік гүр ете қалды. Сол жүк көлігімен талай шөпке шықтық. Биік қылып тиелген шөпті аудырып алмай, ойлы-қырлы жолдармен 30-40 шақырым жерден жеткізер кезде де ешкімге сенбей, рульге өзі отыратын. Ауыр жұмыс атқармасақ та, жанында керегін әкеп беріп, жүгіріп жүрген бізге кейде еміреніп, еркелететін балажандылығы да бар. Ондай кезде: – Кейін сен мектеп бітіргенде мына Москвичті сыйлаймын, – дейді. Оған иланған басым елпілдеп, есім шығып қуанамын. Алматының кең көшелерінде ағамның көлігін мініп, Медеуге өрлеп бара жатқанымды елестетіп, шын шаттанамын.
Қайрат ағамыз Гүлжанат жеңгемізді алып келетін де сол көлік еді ғой.
Апам күліп отыратын. Биахметтің үйінің жанынан шаңдатып олай да заулайды, былай да өтеді деп. Сөйтсек Биағаңның қызына қырындап жүр екен. Жаздың бір күнінде машинасының алдына қуыршақ отырғызып, лента мен шар тағып, артқы орындыққа жеңгемізді мінгізіп аулаға кіргенде жауын шелектеп құйды. Қасқапты жақсы көретін нағашымның тойы да күні кешегідей есімізде. Кері айналып келмейтін керемет кезеңдер.
Балажан екенін айттым ғой. Мен үйленген жылы қырыққа енді толайын деп жүрген жігіт. Сонау Ақтоғай станциясының бір қиырында жұмыс істеп жүрген жерінен арнайы Алматыға келіп, шешеме бір бума ақша беріп жатқанын көріп, ерекше тебіреніп едім. Бауыр деген қандай-ды. Қырықтан ассақ та еркелеткісі келіп тұрады. Қолындағы соңғы дүниесін қия салуға даяр. Мынаған достарыңды кафеге апар деп қалтаңа қаржы салып, көлігіңе бензин толтырып ал деп жиендерін жанармай бекетіне аялдатып қоятын ағалығын жоғалтпады. Айта берсе Қайрекең жайлы әңгіме толастамайды. Негізгілеріне тоқталғандай болдым.

Алпысына дейін түрлі жолмен жүріп өтті. Милиция қызметкері де болды. Түрлі салада абыройлы қызмет атқарды. Сүрініп, қайта тұрған, шалынса да сынып кетпеген қайратына риза боласың. Абай айтпақшы өзіне сенді. Еңбегі мен қайраты екі жақтап биікке жетеледі. Әділетсіздіктер мен қиянатты да аз көрмеген сыңайлы. Жанына жақын жолдастарынан да айырылған кездер өтті басынан. Талай қамығып, қара түнде темекісін будақтатып отырып, қажет кезде кеңесетін, арқа сүйеп, той жасарда төрінде отыратын әке мен шешенің жоқтығы жанына батып, жалғызсырап, қыстығып жылады бәлкім. Бірақ онысын жан баласына білдіртпеді. Бауырларының барына шүкіршілік етіп, соларға, ұлдары мен айналасына ғұмыр тіледі. Жаратушы ниеті таза адамның пейіліне де береді ғой. Еркелікті де дер кезінде тоқтатып, жаман әдет пен артық сөзді ноқталай білді. Бүгінде Қанаты мен Қуатын ер жеткізді. Гүлжанат жеңгеміз екеуі қазір немерелерін иіскеп, ағайыны мен туыстың, құда мен жекжаттың ортасында Ахметқазы әулетінің сыйлы тұлғасы ретінде өз тұғырларында отыр. Одан артық қандай бақыт керек?
Алпысың құтты, қайырлы болсын, аға! Жүз жаса!
Жиенің Мирас
09.02.2026 жыл
Астана




