«Қайырымдылық рюкзагі» акциясы аясында балаларға 1,5 мыңнан астам сөмке сыйлады
ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы «Қазхром» компаниясының кәсіпорын ұжымдары «Қайырымдылық рюкзагі» акциясын осымен бесінші жыл қолдап отыр. Осы уақыт аралығында жаңа оқу жылының басында барлық жастағы 1,5 мыңнан астам оқушыға қажетті құрал-жабдықтың барлығы салынған сөмкелер табысталды. «Қазхромның» еріктілер акциясы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын қолдау мақсатында өткізілуде.
Биыл Ақтөбе, Ақсу, Хромтау, Қарағанды қалаларында орналасқан «Қазхром» кәсіпорындарының қызметкерлері 600-ден астам рюкзак жинады. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Цехтар, басқармалар мен бөлімшелер бірігіп, мектепке қажетті құрал-жабдықтарды жинады. Бір сөмке мен ондағы керек-жарақтардың құны — 20 мыңнан 40 мың теңгеге дейін.
Жыл сайын компания қызметкерлері мен еріктілері бір мақсатқа жұмылып, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға қолдау білдіріп, олардың мектепке бақытты, шаттанған күйде баруларына себепші болады. Сондай-ақ компанияның «Мектепке жол акциясына атсалысуы тек сөмкелер таратумен ғана шектелмейді.
Павлодар облысында Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері Ақсу қаласы мен ауылдарының кішкентай тұрғындарына және «Аслан» балалар оңалту орталығының қамқорындағы балаларға 201 сөмке сыйлады. Одан бөлек зауыт қызметкерлері Сарышығанақ ауылындағы қамқорлыққа алынған мектепке дәстүрлі түрде көмек көрсетіп, оқушыларға спорттық және мектеп формасы мен аяқ киімдерін сыйға тартты.
Ақтөбе облысында рюкзактарды компания кеңсесінің ұжымы мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытының және Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері жинады. Оқу жылы басталмай тұрып, Хромтау ауданындағы жеті мектепті қамтыған Дөң тау-кен байыту комбинаты 168 сөмке дайындады. Қолдауға мұқтаж оқушылардың тізімін Хромтау аудандық білім бөлімі берген болатын.
Ақтөбелік металлургтер жинаған сөмкелер қала және аудан мектептерінің 155 оқушысына жеткізілді. Көмекке мұқтаж отбасылардың тізімдерін қала және облыс әкімдері ұсынды. Құрайлы ауылының білім беру мекемелеріне, мектеп-интернатына және ауылдағы №59 орта мектепке көмек көрсетілді.
Ақтөбедегі №7 арнайы түзету мектебіне де компания жыл сайын көмектеседі. Оның 30 шәкіртіне мектеп және спорт формасы берілмек.
Қарағанды облысындағы «Қазмарганец» кен басқармасының қызметкерлері №10 қалалық орта мектептің оқушыларына 10 рюкзак сыйлады.
«Мектеп оқушылары бар отбасының шығыны оқу жылының басында үнемі байқалады. Қиын өмірлік жағдайдағы отбасылар үшін мектепке дайындық кезінде бұл оңай емес. «Қазхром» басқа ұйымдармен бірге бес жыл бойы қазақстандықтарға көмек қолын созып, «Қайырымдылық рюкзагі» акциясын өткізіп келеді. Балалардың мектепке алаңсыз баруына көмек көрсететін жыл сайын біздің қызметкерлердің саны артуда. Биыл біз 600-ден астам оқу-құралдармен толтырылған рюкзактарды жинап, үлестірдік. Бұл – біз үшін рекордтық көрсеткіш. Мектеп оқушылары «Қайырымдылық рюкзагінен» оқу жылы бойына қуат алып, үздік оқушылардың қатарында болатындарына сенімдіміз» — дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.
«Қайырымдылық рюкзагі» акциясынан бөлек, оқу жылының басында «Қазхром» ұжымдық шарт бойынша көпбалалы отбасы санатына жататын қызметкерлеріне де көмек көрсетеді. Төрт және одан да көп баласы бар отбасында мектеп жасындағы, ерекше қажеттіліктері бар бала және күндізгі бөлімде оқитын әрбір балаға 10 АЕК төленеді. Осы мақсаттарға компания жыл сайын шамамен 100 миллион теңге бөледі.